Мамандардың пікірінше, бір жылда 11 млн әкімшілік істің тіркелуі халқының саны 20 млн мемлекет үшін өте көп. Оның ішінде балалар мен зейнеткерлер де барын ескерсек, экономикалық белсенді азаматтарға шаққанда аса жоғары көрсеткіш.
«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов кейінгі жылдары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) кәсіпкерлер тарапынан шағым көбейгенін атап өтті. Аталған кодекс азаматтар мен бизнес субъектілеріне әкімшілік-құқықтық ықпал етудің орнына «жазалаушы» құрал ретінде қолданылған.
Мәселен, әкімшілік заңнаманың репрессивтілігі ӘҚБтК-нің 425-бабының «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» конструкциясы мен қолдану практикасында айқын байқалып отыр. 05.10.2018 жылғы заңның баптарындағы нормативтерді бұзғаны үшін айыппұлдар саны ондаған есе артқан.
«Бизнеске халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында 1 743 талап және 60-қа жуық гигиеналық норматив қойылады, олардың кез келгенін сақтамау әкімшілік жауапкершіліктің басталуына әкеп соғады. Санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық пен гигиена саласындағы құқықтық актілерін бұзғаны осындай ірі айыппұл мөлшерін белгілеу қисындық қағидатына сәйкес келмейді», – деді Қ.Сүлейменов.
Сарапшылар тіркелген әкімшілік істердің дені аталған кодекстің 425-бабының 1-бөлігі негізінде жасалғанын анықтаған. Яғни, тіркелген істің көбісі адам денсаулығына зиян келтіруге немесе өзге де зиянды салдарға әкеп соқпаған бұзушылықтар. Осылайша, негізсіз талаптар мен қайшылықты заңдар айыппұл мөлшерін жауапкершіліктен 8 есе артық қылып белгілеп беріп отыр.
Оған қоса, жоғарыдағы 425-бапта баламалы санкциялардың болмауы әкімшілік жаза сомасын нақты белгілеуге мүмкіндік бермейді. Яғни, айыппұлдар мөлшері пропорционал емес. Егер ірі кәсіпкерлік субъект жоғарыдағы бап негізінде талаптарды бұзса, оған 7 384 000 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқтырғаны үшін қарастырылған айыппұл мөлшері – 126 250 теңге. Екі ережедегі айырмашылық көлемі 58 есе.
«Бұл жайт әкімшілік теріс қылықтар жасағаны үшін айыппұлдардың мөлшерін анықтауда ғылыми негізделген тәсілдің болмауына байланысты. Заңнамада да, әкімшілік құқық теориясында да жасалған теріс қылық үшін жазаның пропорционалдығын анықтайтын параметрлер жоқ», – деп атап көрсетті кеңес төрағасы.
Отырысқа қатысушылар соңғы уақытта айыппұл мөлшерін ұлғайту арқылы әкімшілік жауапкершілікті күшейту үрдісі байқалатынын айтты.
Бизнес өкілдерінің жұмысына қатысты әкімшілік шектеудің көбін депутат, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерлан Стамбеков те растады. «Мен депутаттық мандатты иеленгенге дейін Алматыда кәсіпкерлікпен айналыстым. Алматы қаласының Кәсіпкерлік палатасында басшылық қызмет атқардым. Сол кезде де кәсіпкерлер, әсіресе шағын бизнес өкілдері әкімшілік тексеру көп деп шағымданатын. Бұл мәселе әлі күнге шешілмей келеді», – деді ол.
Депутат Е.Стамбековтың айтуынша, саладағы қордаланып қалған мәселелер жаңа Салық кодексі қабылданған кезде барып шешіледі.
«Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа кодекс әзірлеуді нақты тапсырып отыр. Жақында Қаржы министрі Мәди Такиевпен осы мәселе жөнінде пікірлестім. Жалпы картина белгілі, қай жерде бизнеске кедергі бар, қай жерде көлеңкелі экономикаға жол беріліп жатқанын біліп отырмыз. Ендігі күшті жаңа Салық кодексін әзірлеуге салуымыз қажет. Салық жүйесі ашық болмай, қоғамда әділдік болмайды. Салық дегеніміз – қоғамдық келісім. Салық – жауапкершілік. Салық төлегенің еліңді, жеріңді, тіптен өзіңді сыйлағаның. Бірақ салық әділетті, айқын болуы тиіс. Сонда ғана жаңа қоғам құрылады», – дейді депутат.
Бүгінде еліміздегі әкімшілік жаза мөлшерін қалыптастырудағы айқын ауытқу Бірыңғай экономикалық кеңістік мемлекеттерінің заңнамалық практикасымен салыстырғанда байқалады. Мысалға, санитариялық нормалар мен гигиеналық ережелерді бұзғаны үшін Қазақстандағы айыппұлдардың мөлшері Беларусьтағы айыппұл мөлшерінен 27 есе жоғары. Ал Ресейдің заңнамасымен салыстырғанда жүздеген есе артық. Қоғам өкілдерінің арыз-шағымынан соң, былтыр Үкімет ӘҚБтК 425-бабына айыппұл мөлшерін төмендетуге ұсыныс енгізген болатын. Алайда ол ұсыныстар қоғам үдесінен шыға қойған жоқ.
«Салынатын айыппұлдар құқықбұзушылықтың қоғамдық қауіптілігіне пропорционалдығын қамтамасыз ету қажет. Өйткені бұл теңгерімсіздік инвестицияларды тарту кезінде мемлекетке имидждік зиян келтіреді, ал заңды жауапкершіліктің жазалаушы сипаты кәсіпкерлік бастаманы шектейді», – дейді «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.
Кәсіпкерлік істе әкімшілік құқықбұзушылықтар орын алмауы үшін бизнестің кейбір түрлеріне салық төлеу жүйесін жеңілдету қажет. Мәжілісмен Ерлан Стамбековтің пікірінше, кәсіп түрінің ерекшелігіне орай, кәсіпкер бір ғана патент алу арқылы барлық жауапкершілікті орындай алады.
«Мәселен, сіз өзіңіз еккен өнімді базарға әкеліп сатқыңыз келеді. Ондай жағдайда бір патент алып, соның есебін өткізуіңіз қажет. Өйткені ол – маусымдық кәсіп. Сол сияқты шаштараз, тігіншілік саладағы кәсіпкерлерге де осындай жеңілдетілген жүйе керек. Яғни, аяқкиім тігетін, шаш қиятын адам салық жүйесіне бас қатырмауы қажет. Неге десеңіз, олар – шеберлер, есепке жоқ. Сондықтан олар бухгалтер жалдауына тура келеді, ал ол қосымша шығын. Пайда көрмеген адам бизнестен кетеді. Біз Үкіметке, жауапты министрлікке осындай шағын кәсіп түрлерінің ерекшелігіне орай салық жүйесі де жеңілдетілген болуы тиіс екенін айтып жүрміз. Мәжілістің жұмыс тобы жаңа Салық кодексінде осындай нормалар болуын ескереді», – деді депутат.
Сарапшылар осы уақытқа дейін қатаң шаралардың ешқайсысы бизнесті көлеңкеден шығармайтынына көз жеткенін айтады. Көп жағдайда кәсіпкерге мемлекеттік органдар енгізген барлық рәсімді орындаудан гөрі кәсібін жаба салу оңайырақ. Сол себепті мамандар әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты жазаға кішігірім, елеулі іс және өрескел бұзушылық деген санаттар енгізу керек деп санайды. Соған сай құқықбұзушылық сипаты мен дәрежесіне қарай айыппұлдың шекті мөлшері бекітілгені жөн.
Бауыржан БАЗАР