Шорт-трекші Денис Никиша Роттердамда (Нидерланд) өтіп жатқан әлем чемпионатында тарихи нәтиже тіркеп, күміс жүлдегер атанды. Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшы өміріндегі ең үлкен жеңіс туралы пікірін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Спортшы былтыр орындалмаған арманына биыл қол жеткізіп отыр.
«Қазір бастан кешіп жатқан сезімімді жеткізу мүмкін емес. Айтарға сөзім жоқ. Осы медальға қол жеткіздік-ау! Былтыр жүлде қолымнан сырғып кетіп еді. Бүгін бәрі ойдағыдай болды. Өз нәтижеме ризамын. Күміс медаль менің жақсы өнер көрсеткенімнің айғағы. Тарихта тұңғыш рет біз әлем чемпионатының медалін алдық. Ризамын. Осы жолдағы ең қиын нәрсе – өз-өзіңмен күресу. Спортшылар менің не айтқым келетінін түсініп отыр. Нәтиже көңілден шығады. Маусым аяқталар тұста көңілім жайланып қалды. Жылдың соңғы халықаралық жарысы. Енді демалып, қайтадан қалыпқа келуге мүмкіндік бар. Миландағы Олимпиадаға екі жыл қалғанын ескеріп, әрі қарай еңбек ету керек», – деді Никиша.
Айта кетелік, Денис Никиша 500 метрге жарысудан күміс медаль жеңіп алды.