Қазақстанда бензин қымбаттай ма?

Өткен апта Ресейдің мұнай өңдеу зауттарына (МӨЗ) дрондар соққы жасады. 12 наурыз күні дрон шабуылынан Нижегород МӨЗ-нан өрт шықты, келесі күні ұшқышсыз ұшу аппараты Рязандағы және Новошахтинскідегі мұнай зауыттарына және Самарадағы екі зауытқа соғылды.

Bloomberg агенттігі соққыға ұшыраған бұл кәсіпорындарда өңдеу көлемінің жиынтығы 12%-ға тең екенін жазды. Көрші елдегі бұл жағдай Қазақстан нарығына әсер етуі мүмкін бе? Бізді алаңдататын мәселе осы. Өйткені теріскейдегі  көршімен алыс-берісіміз аз емес. Ал көктемгі егіс науқаны жақындап қалды. Жанар-жағармайға сұраныс артады. 

Айта кетейік, Ресейде мұнай өңдейтін кәсіпорын саны жеткілікті. Жұмыс істеп тұрған, салынып жатқан ірілі-ұсақты зауыттардың есебіне келсек, РФ Энергетика министрлігінің 2023 жылғы 1 ақпандағы дерегінше, елде 86 МӨЗ бар. Дегенмен РФ Энергетика министрлігі бұл шабуылдардан айтарлықтай зиян келмегенін, қажетті отын қоры жеткілікті екенін мәлім­деді. Дизель оты­ны­ның өндірісі ішкі нарық сұра­нысынан 2 есе артық.

Бірақ көрші елдегі жағдай экс­порттаушылар үшін ресейлік бензин бағасының көтерілуіне алып келді. «Настоящее время» телеарна­сына берген сұхбатында мұнай­газ саласының сарап­шысы Михаил Крутихин қазір Мәскеу мұнай өңдеу зауытынан Аи-92 бензинінің 1 тоннасын шетелге шығару құны 43 мың рубль ($470) болғанын мәлімдеді. «Егер ол Ресейдің ішкі нарығын­да сатылса, тоннасы 29 мың рубль ($317). Сондықтан мұнай компаниялары шетелге мүмкін­дігінше көп бензин сатуға тыры­сады», – дейді ол.

Ішкі нарықта қажеттілік өсіп кетпеуі үшін Ресей үкіметі бензинді сыртқа шығарып сатуға уақытша шектеу енгізді. «Ведомости» басылымы аталған тыйым жарты жылға дейін со­зылады деп жазды. Мұ­­най өнім­дерін көп өндіретін көршінің басындағы жағдайдың біздің елге салқыны қандай болмақ? Жанар-жағармай бағасы қым­баттауы мүмкін бе?

Еліміздің Энергетика ми­нис­трлігі Aiqyn-ға жолдаған жауа­бында ішкі нарықта мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті, жағдай тұрақты екенін мәлім­деді. «Қазіргі уақытта МӨЗ, мұнай базалары мен жолдардағы дизель отынының жиынтық қорлары 657 мың тоннаны құрай­ды. Бұл елдің қажеттілігін 2 айға дейін қамтамасыз етеді. Аи-92 маркалы бензиннің жиын­тық қорлары 454 мың тон­наны құрайды, бұл елдің қа­жеттілігін 1,5 айға қамтамасыз етеді»,– деп жазылған жауап хатта. Сондай-ақ ресми жауапта жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақ­сатында Энергетика минис­трінің 2023 жылғы 12 сәуірдегі № 140 бұйрығына сәйкес, дизель отынын бөлшек саудада өткізуге (жазғы, маусымаралық) – литріне 450 (295) теңгеге, АИ 92 маркалы бензинге – литріне 205 теңгеге шекті бағаны белгілеуді көздейтіні жазылған.  

«ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­ниясының сайтындағы мәлі­метке сүйенсек, былтыр Атырау мұнай өңдеу зауыты – 5 475 тонна, Павлодар мұнай-химия зауыты – 5 434 тонна және Шым­кент мұнай өңдеу зауыты 2 870 тонна мұнай өңдеген.

Мұнай-газ саласының са­рап­шысы Олжас Байділдинов 16 наурыз күні өзінің «Байдиль­динов. Нефть» телеграм-арна­сында  «Мен ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары мен телеграм арналарында талқылау мен пікір алмасуларға қатыстым. Ондай талқылауларда Отан соғысы ке­зін­дегідей МӨЗ-ын Қиыр Шы­ғысқа, тіпті Қазақстанға кө­шіру туралы да ерекше ұсыныстар айтылады. Шындығында, кез келген МӨЗ өте оңай нысанаға айналуы мүмкін, тіпті резер­вуар­лар мен қондырғылардың арасына түссе мұнай өнімдерінің ағып кету, жарылып, алапат өрт шығу қаупі бар», – деп жазды.

Сарапшының сөзінше, дрон­дардың шабуылы қанша уа­қытқа созылатынын және оның салдары қандай боларын әзірге болжау қиын. «Өкінішке қарай, мұндай шабуылдар жал­ғаса берсе, отын тапшылығы мен бағаның өсуі Қазақстанға да әсер етуі мүмкін. Ресей Феде­рациясындағы көтерме бағалар осы аптада аздап өсті – 2%.  Ал жылына 1-1,5 млн тонна өнім өңдейтін қазақстандық шағын МӨЗ төлқұжаттарды қайтарып алу арқылы «шабуылға» ұшы­рады. Бейінді ведомство олардан Еуро/К-4-5 класты отын шығару үшін жаңғырту жоспарын талап етеді. Сол кезде барып шағын МӨЗ елге отын тапшылығы мә­селесін шешуге көмектесе ала­ды. Ниет жақсы, бірақ ол нарық­ты ырықтандырусыз және Қа-­ зақ­станда отын бағасының өсуінсіз мүмкін емес», – дейді О.Байділдинов.

Ал сарапшы, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың пікірін­ше, Ресейде мұнай өңдеу за­уыттарына шабуыл жасалғаны­мен, олар жұмысын тоқтатқан жоқ. «Бізде жыл сайын маусым кезінде бензин мен дизель отынының бағасы көтеріледі. Оған Ресейдегі жағдайдың қаты­сы аз. Жыл сайын Ресейден Аи-98 маркалы бензинінің белгілі бір көлемін аламыз. Одан бөлек, авиакеросин мен дизель отынын сатып аламыз. Былтыр 850 тонна дизель отынын импорттадық, биылғы көлем – 450 мың тонна. Екі ел арасында индикативті ба­ланс бар», – дейді ол.

Қазақстан Үкіметі де мұнай өнімдерін автокөлікпен сыртқа шығаруға шектеу шарасын қол­данады. Энергетика министрлігі экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін бірқатар ұсыныстар әзірлеп отырғанын жеткізді.

Ұлағат БЕКБОЛАТ