Небір сиқыр көрсететін сиқыршылар мен іс-әрекеттері арқылы көпшіліктің езуіне күлкі ұялатқан сайқымазақтардың өнеріне таңғалатынымыз рас. Оны қоя тұрайық. Алаңда жан-жануарлардың тілін тауып, дегеніне көндіріп, оларды би билеуге үйреткен бапкерлердің шеберлігін айтсаңызшы. Ал әуені бағындыра білген акробаттар, соншама биіктіктегі жіңішке арқанды жүріп өтетін цирк әртістерінің шеберлігі де үлкен таңданыс тудырады.
Цирктің басты кейіпкері – еңсерілмейтін кедергілерден өтетін, өзінің физикалық еңбегін, батылдығын көрсетіп, көрерменін қызықтыру үшін көркем образ жасайтын әртіс. Осы саланың белесін бағындырып жүрген Шымкент-цирктің кәсіби шебері Абылайхан Жандарбекұлы да «тылсым» өнерге келгеніне біраз жылдың жүзі болған. Оның адам жүрегі дауалай бермейтін салаға жастайынан қызығушылығы артқан екен. Қазақ жігіті «cегіз қырлы, бір сырлы» болуы керек деген ұстаныммен жүретін әртіс цирк алаңында түрлі трюктермен қоса, ат құлағында ойнайтын шабандоздардың қатарында. Айтуынша, бұл өнерге әкесі баулыған.
«Спортқа, акробатикаға деген махаббатымды оятқан адам – әкем. Сегіз жасымда циркке ерекше ықыласым ауды. Сегіз жасымнан бастап әкем мені спорт мектебіне берді. Ол мектепте арнайы акробаттар бөлімінде машықтандым. Спорт мектебін аяқтаған соң, Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, төрт жыл тәжірибемді шыңдадым. Спорт мектебіндегі бағытым – акробатика. Әкеммен бірге жүріп, әмбебап клоун, жонглерді үйрендім», – дейді Абылайхан.
Циркте сегіз жанр бар. Солардың ішіндегі қызығушылығы басым түскені – арқанда жүру. Бұл бағытты игеру ұзақ уақытты қажет етеді. Алғашында метрден басталатын жіптің биіктігі де арта береді. Цирк әртісінің айтуынша, қорқыныш сезімі әлі күнге дейін болады, ол – заңдылық. Кейбір цирк әртістері сахнаға шығар алдында өздерінің қорқынышын жеңу үшін тыныштандыратын дәрі ішіп алатын көрінеді, ал бүгінгі кейіпкеріміз көрермен алдына шығатын кезде іштей сандарды кері санап, бойындағы қобалжу сезімін жеңетінін айтты.
«Ең бірінші өнер көрсеткен кезде бойымды неше түрлі қорқыныш билейтін еді. Циркте жүргенде түрлі халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Бір фестивальге жүзге жуық мемлекеттен қатысушылар келеді. Сайысқа түскен кезде тек көрсететін нөміріме емес, денсаулығыма да алаңдап кетемін. Бастапқы кезде сахнаға шығар алдында қатты қобалжығанымнан дұға мен сүрелер оқып та шығатын едім. Кейде аренада қалай өнер көрсеткенімді сезбей қалушы едім. Өйткені цирк – тәуекелшілдер алаңы. Қазір бойым ондай дүниелерге әлдеқайда үйренген, түрлі фестивальдерде бақ сынадым. Бәсекелестеріммен бір толқында, бір сахнада тұрып өнер көрсетіп үйреніп қалдым. Уақыт өте келе тәжірибе де, өзіме деген сенімділік те қалыптасты», – дейді ол.
Төгілген маңдай тер мен көп қажырлы еңбекті талап ететін өнер саласында қызмет етіп жүргендердің дені – жастар. Бірі қызғушылықпен барса, енді бірі спорттың бір түрі деп тәжірибесін шыңдау үшін барады. Әңгіме етіп отырған арқанда жүру өнері жұртқа керемет көңіл күй сыйлайтын болса, бір жағынан өнер көрсетуші адамның денсаулығына тигізетін зиянды тұстары да бар. Абылайхан бұл саладан бірнеше рет ат басын ары тұтып, алыстап кетсе де, уақыт өте келе өз орны циркте екенін түсінген.
«Акробаттар секірген кезде түрлі жарақаттар алуы әбден мүмкін, өзім аяғымды сындырып алған кез де болды. Сондықтан жаттығуда қателікпен жұмыс істеп, әр қимылыңа ерекше мән беруің керек. Біз күнде тыныс алу жолдарына жаттығу жасаймыз, таңда және кешке жасайтын міндеттелген жаттығуларымыз да бар. Егер күнделікті жаттығу жасамасаң, өзіңнің бабыңнан кетіп қаласың. Сахнада сасқалақтау, жаңылысу болуы мүмкін. Мұны осы саланың болашақ мамандары кеңес деп қабылдасын. Өзім цирктен қанша кетсем де, мамандығыма деген махаббатым күшті болғаны ғой. Цирк тілінде «Цирк – батпақ» деген сөз бар. Оған кірген адам қайта шыға алмай қалады. Бізде де сондай нәрсе. Бұрын цирктен кетіп қалған кездерім де болды. Өзіміздің жанымыз өнерге құштар болғандықтан, әлі күнге дейін өнерде жүрген себебіміз осы шығар» деп ойын түйді цирк әртісі.
Цирк – бағалануға тиіс өнер түрі. Италияда – 370 цирк, Ресейде – 68, көршілес Қырғызстанда жалғыз цирк бар екен. Ал елімізде бас-аяғы төрт цирк бар. Әлемнің бірқатар елдерінде болған әртіс:
«Біздің елде цирк өнеріне аса қатты көңіл бөлінеді деп айта алмаймын. Жалпы, үлкен спорт саласына дұрыс мән берілмесе, бұл салаға да аса зор көңіл бөлінгенін байқамадым. Циркте «пик» деген ұғым бар. Ең мықты әртіс қатарындағылар шетелдерде жұмыс істейді. Өйткені шетел мұндай өнерді бізге қарағанда әлдеқайда жақсырақ бағалайды. Шынымды айтсам, бүгінге дейінгі төгілген маңдай тер ақталды деп те айта алмаймын, өйткені қазір бұл сала өте ақсап тұр. Қазіргі қауым цирк тек балалар үшін деген қағидамен қатып қалған сияқты, ал циркте сіз білмейтін қанша дүние жатыр», – деді А.Жандарбекұлы. Ол қазір «тылсым» өнерге жастардың құлшынысы артып тұрған шақта циркке елеулі назар аудару керек екенін тілге тиек етті. «Өйткені цирк өнерін еліміздің спортын да, мәдениетін де әлемдік аренада танытудың бір құралы деп айтар едім. Алдағы уақытта қазақ циркін дүниежүзіне танымал еткім келеді. Жалпы, цирк өнерінің үздіксіз дамығанын қалаймын. Себебі бұл өнердің көзге көріне бермейтін қиындығы мен машақаты көп. Жасыратыны жоқ, жастарымыз зиянды әдеттерге әуес, көпшілігі дерлік артық салмақпен күресіп жүр. Ал цирк пен спорт – денсаулықтың кепілі», – деді әртіс. Егер оған өз деңгейінде көңіл бөлінбесе, оған келетін мамандардың азайып кетуі ғажап емес. Сондықтан әлемде барлық саладан алда болуды көздесек, цирк өнерін де назардан тыс қалдырмаған абзал. Қалай дегенмен, еліміздің өнер кеңістігі келешекте тарылып қалмаса болғаны.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ