«Біз Президенттің ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларының уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Тұрғындар нақты өзгерістерді көруі қажет», – деп атап көрсетті Премьер-Министр Олжас Бектенов 18 наурыздағы Үкімет отырысында.
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылғаны белгілі. Өйткені ауыл медицинасының бүгінгі ахуалы өте өзекті күйінде қалып отыр. Республика өңірлеріндегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мекемелердің инфрақұрылымының тозуы 50%-дан асып кеткен. 2022 жылы сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят ауыл тұрғындарын сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көрсеткіші қала тұрғындарына қарағанда екі есе төмен жағдайда екенін мәлімдеген болатын. «Кейбір елді мекендерде дәріхана мүлдем жоқ. Ауылдарда медициналық қызметкерлер жетіспеушілігі 1 700-ден асады, оның 1 000-нан астамы дәрігер», – деген экс-министр.
Аймақтардағы медицина қызметі сапасының төмендігі, дәрігерлердің жетіспеуі секілді жайттар көшпелі емдік пойыздың жұмысынан да айқын көрінген. 2023 жылы «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің 17 облысындағы 121 теміржол стансасына тоқтап, 90 мыңға тарта азаматқа тегін медициналық қызмет түрлерін көрсетті. Аталған медициналық пойызда бас дәрігер болған Айнұр Егінбаевадан ел ішінен қандай сырқат түрлері жиі кездескенін сұрағанбыз. «Ауыл тұрғындары арасында байқалған ауру түрлеріне келсек, әр маманға әртүрлі болып кездесті. Мәселен, көз дәрігеріне миопиямен, катарактамен келіп жүгінген көп болды. Невропатологқа остеохандроз, грыжа дейміз ғой, жарық ауруы, протрузия секілді аурулары асқынған жандар келді. Лор-дәрігерге құлақтың қабынуы, серная пробка дейміз, яғни құлақтың құлығы қатып қалуы секілді жағдайлар көп кездесті. Тіс ауруы үлкен кісі мен балалар арасында да көп. Одан бөлек, созылмалы бронхит, анемия, созылмалы панкреатит, ер адамдарда созылмалы простатит, қуық безінің қабынуы секілді сырқат түрлері көп кездесіп отырғанын байқадық», – дейді ол. Медициналық пойыз тоқтаған 121 стансада ем іздеген жандардың бойындағы дерттің белең алуына жергілікті жердің ерекшелігі де әсер етіп отырғаны мәлім болып отыр. «Әр облыстың орналасқан жеріне, экологиялық жағдайына байланысты да кейбір сырқат түрлері көбеюі мүмкін. Мысалы, оңтүстік өңірлерде қан қысымы аурулары жиі кездессе, Павлодар облысында өтке тас байлану, бүйрек ауруы көп, себебі ол судың сапасына байланысты туындайтын дерт. Ал батыс аймақтағы тұрғындар арасында тері аурулары жиі кездесті. Бұл мұнай-газ өндірісінің қарқынды жүру себебімен де байланысты жағдай», – деді А.Егінбаева.
Үкімет қабылдаған ұлттық жоба осы олқылықтардың орнын толтырмақ. 2024 жылғы 27 ақпандағы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова былтыр басталған жобаның жалпы тізіміндегі 655 медициналық-санитариялық нысанның 92-нің құрылысы аяқталғанын айтты.
«Бүгінде 239 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, 317 жоба сараптамадан өтуде. Қорытынды алудың күтілетін мерзімі – осы жылдың сәуір айы. Сол кезде біз толығымен сараптамадан өткізіп аяқтаймыз»,– деді министр.
Десе де ырғалып, жырғалып жүруге уақыт жоқ. Бұрынғыдай бюрократиялық кедергі атаулының да ауылы алыста қалмақ. Премьер-Министр кешегі отырыста командасына 1 сәуірге дейін барлық жобаның қаржыландыру кестесін ұсынуды тапсырды. Ендігі жұмыс сол кестеге сай қадағаланбақ. «Әрбір министрге және әкімге, ұлттық компаниялардың басшылығына жұмысты күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Толық қайтарыммен жұмыс істеу және жоғары нәтиже тиімділіктің көрсеткіші болмақ»,– деді О.Бектенов.
Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, медициналық және медициналық емес бұйымдарды таңдау кезінде отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық берілді. Бүгінде әкімдіктер конкурстарды өткізіп, нысандардың құрылысына 109 шарт жасалынған. Оның ішінде 99 нысанға жергілікті атқарушы органдар көздеріне қоса қаржыландыруы көзделген. Жалпы, 2024 жылға арналған қосымша қаржыландыру қажеттілігі 498 нысан салуға 99,6 млрд теңге.
Ұлттық жобаның екінші міндеті аясында 32 аудандық ауруханаға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Яғни, оларды материалдық-техникалық жарақтандыруға 33,6 млрд теңге мөлшерінде қаражат жұмсалмақ. Осы мақсатта былтыр жалпы сомасы 10,5 млрд теңгеге 1 800 медициналық техника сатып алынса, 2024-2025 жылдарға 23 млрд теңгеге 9 ангиограф, 17 МРТ, 6 КТ сатып алу жоспарланған.
Денсаулық сақтау министрлігінің 22 ақпандағы кеңейтілген алқа отырысында дәрі-дәрмек саясатындағы мәселелер туралы сөз қозғалды.
1 шілдеден бастап елде дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі жұмыс істей бастайды. Ол контрафактілік өнімдерді жоюға, дәрілік заттарды есепке алуға және ұтымды пайдалануға бағытталған. Дәрілік заттардың айналымына қатысатын барлық ұйымда, яғни өндірушіден дәріханаға дейін, осы мониторингті қамтамасыз ететін тиісті аппарат-сканерлер болуы тиіс.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісі ауылдық жерлерде ақсап тұрғаны жасырын емес. Мемлекеттен тегін беріліп отырған дәрі-дәрмек шалғайдағы елді мекен тұрғындарына уақытында жетпейді. Екіншіден, дәіргер маманның тұрақты қадағалау қызметі жетіспегендіктен ұсынылған дәріні уақытында ішіп, дер кезінде емделмейтін жағдайлар жиі болады. «Аурудың алдын алу, уақытында емделу орындалмайтындықтан ауруы асқынып, инсульт, инфаркт алып қалып жатқан азамат көп. Былтыр ем көрсетіп жүргенде әр стансада кемінде төсек тартып жатқан екі науқасқа барып, емдеген кездеріміз болды. Бұл сол тегін медициналық көмекті дер кезінде алуға немқұрайды қараудың немесе оған қол жеткізудің әртүрлі себеппен қиындағанының көрінісі. Ауылдық жерлерлегі біз көрген ең негізгі проблема осы», – дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.
Бұған қоса, жауапты министрлік маман тапшылығы проблемасын кешенді түрде шешу үшін кадр саясаты жөніндегі тұжырымдама әзірлемек. Өйткені ұлттық жоба аясында пайдалануға берілетін жаңа нысандарға 254 медицина қызметкері қажет болады. Одан бөлек, 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана үшін 898 маманға сұраныс туады. «Биыл осы бағыт бойынша жұмыс істеу үшін 215 грант иегерін жіберу жоспарланып отыр. 2024-2025 жылдары өңірлер 486 дәрігермен және 323 орта медицина қызметкерімен қамтамасыз етілетін болады. Әлеуметтік пакеттер өңір қаражатының есебінен көзделетін болады. Осы мәселені әкімдердің қолдауы қажет», – деді министр А.Әлназарова.
Денсаулық сақтау жүйесінде ел тұрғындарынан жиі түсетін шағымның бірі – диагноз қою, клиникалық-диагностикалық зерттеулерді алудағы қиындықтарға қатысты. «Ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың көбісі тұрақты жұмыспен қамтылмаған, көбісі маусымдық, уақытша жұмыстарда жүр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Сол себепті олар МӘМС жүйесіне де тұрақты тіркелмеген. Медициналық сақтандыру дегенді алмаған. Бізге келіп, медициналық көмек алғандардың ішінде жұмыссыздар көп екенін байқадық», – дейді медициналық пойыздың бас дәрігері А.Егінбаева.
Осы орайда, министрлік тұрғындар арасында әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеудің нормативтік базасына өзгерістер енгізбекші. Ондай сырқатқа күдікті деп саналған адамдар МӘМС жүйесіндегі сақтандандыру мәртебесіне қарамастан тегін негізде қызмет түрін ала алады.
Ел Президенті ұсынған мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі – ұлт денсаулығын жақсарту. Медициналық қызметтің сапасын көтеріп, аталған жүйені жаңа деңгейге көтеру Үкіметтің ұлттық жобаны аяғына жеткізудегі жұмысының нәтижесін де көрсетпек.
Бауыржан БАЗАР