Қазақ ғылымы қайтсе еңсе тіктейді?

Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында жұмыс істейтін ға­лым­дарға жалақысы мен үстемеақысына ай сайын 185 мың теңгедей қосымша ақы тө­ленбек.

Және бұл сома жыл сайын өсіп отырады. Мұның сыртында оларға әрбір бес жыл­да тұтас 1 жылға созылатын, ақысы төленетін шығармашылық демалыс беріледі. Ға­­лым­дар оны мысалы, кітап жазуға арнай алады. Ел Парламенті егде тартқан ғалым­дарды қолдау және ғылымды жастарға қызықты ету үшін жаңа тетіктерді заңдастырып жатыр.   

Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, 2023–2024 оқу жылында Қазақстанда 112 ғылым ордасы жұмыс істейді. Оның 77-сі – университет: ішінде үшеуі «зерттеу» мәртебесін алды (ұлттық зерттеу университеті). Сондай-ақ 14 академия, 10 ғылыми институт пен оларға теңестірілген жоғары мектептер, консерваториялар бар. 

Меншік түріне қарай бөлсек, осы ғылыми ұйымдардың басым көпшілігі немесе 59,8 пайызы – мемлекеттік. 39,3 пайызы – жекеменшік. 0,9%-ы шетелдік, көпшілігінде – ресейлік. 

Ағымдағы оқу жылында республиканың осы жоғары білім беру ұйымдарында 37 391 оқытушы жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде басым көпшілігі – 40,1%-ы немесе 14 982 адам «магистр» академиялық дәрежесін алған. 28,1%-ы немесе 10 504 адам – өз саласы бойынша «ғылым кандидаты» ғылыми дәрежесіне ие. 27,8%-ы немесе 4 168 адам – доктор (PhD).

Сарапшылар бұрынғы Білім және ғылым министрінің жоғары оқу орындарын жаппай жабумен шектен тыс елігіп кеткенін сынап жүрді. Салдарынан соңғы 5 жылда жоғары білім беретін ұйымдар саны өсу орнына 9,6%-ға құлдыраған. Осы кезеңде Ұлттық статбюро дерегінше, студенттер саны қайта 9,3%-ға артқан.

Нәтижесінде, ЖОО-ларға шектен тыс жүктеме түсті. Былтыр Президенттің тап­сырмасымен жаңа Ғылым және жоғары білім министрлігінің әзірлеуімен қа­былданған «Қазақстан Респуб­ликасында жоғары білімді және ғылымды дамы­тудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжы­рымдамасында» бұл проблема ашық айтылады. 

Ғылым министрлігінің дерегінше, Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі алдағы 7 жылда «күшті демографиялық жүк­темелерді бастан кешіретін бола­ды». Егер елдегі халық саны былтыр 20 мил­лион адамды құраса, 2050 жылға қарай 27,7 миллионға жетеді деген болжам бар. 

«2029 жылға қарай мектеп бітірушілер саны 2 есе өседі деп күтілуде, бұл жоғары білім мен ғылым ұйымдарының шамадан тыс жүктелуіне, білікті профессорлық-оқытушылық құрамның тап­шылығына, ЖОО мен жатақханалардағы орындар­дың, заманауи инфрақұ­рылы­мының жетіспеушілігіне, зерт­ханалық базасы­ның, жабдық­тарының тез тозуына әке­ліп соқтырады. Осы үрдіс болашақта сақталса, жоғары білім берудің жыл сайынғы бюджеттік шы­ғыны 2030  жылға қарай 1,3 трлн, 2040 жылы 3,1 трлн теңгеге жетеді. 18 жыл ішінде тек студенттердің бірінші мамандық алуына қажетті мемлекеттік бюджет шығыстары 29,1 триллион теңгені талап етеді», – деп хабарлады ведомство.

Статистика мамандары қа­зірден қазақстандық білім қуған жастардың шетелге, негізінен, Ресейге кету үрдісі күшей­геніне назар аудартты. 2019 жылдан бері қазақстандық ЖОО-ларға түсушілер санының кему тренді белең алды. Мысалы, 2018 жылы елдегі 124 ғылым мен жоғары білім ұйымында 542,5 мың студент білім алса, 2019 жылы бұл сан 604,3 мыңға өсті.

Алайда ары қарай құлдырады: 2020 жылы 125 ЖОО-да небәрі 575,5 мың студент қалды. 2021 жылы ЖОО-лар қатары 122-ге кеміді, оларда 576,6 мың студент қана болды. 2022 жылы ЖОО-лар саны 116-ға дейін қыс­қартылды, демографиялық өсімнің қарқын алғанына қарамастан, студенттер саны 578,2 мыңды ғана құрады. 2023 жылы ғылым мен білім ордаларының саны 112-ге дейін азайды. Олардағы ғылым қуған жастардың қатары 592,7 мың ғана болды. 

Яғни, Қазақстан халқының саны 2019 жылғы 18,5 миллионнан 2023 жылы 20 миллионға дейін өсті. Ал студент жастар саны 2019 жылғы көрсеткіштен де азайып кетті. Тағы бір дерек: 2019 жылы 125 ЖОО-да 604,3 мың студент оқыса, 2023 жылы 112 ЖОО 593 мыңдай студентті оқытуға мәжбүр болды. Осы­дан-ақ бұрынғы министрдің «қыс­қарту» науқанынан аман қалған оқу орындарына қандай жүктеме түсіп жатқанын аңғаруға болады. 

Жағдай ары қарай ушыға бермеуі үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз шешімімен 2022 жылдың 11 маусымында Білім және ғылым ми­нистрлігін екі министрлікке бөліп, ғы­лым мен жоғары білімге жеке отау құрып берді. Сонымен бірге Қазақстанда шетелдік беделді оқу орындарының филиалын ашу жұмыстарына серпін берілді. 2023 жылы жетекші шетелдік университеттердің жаңа ашылған бөлімшелерінің саны сегізге жетіпті. Әзірге соның өзі ғылым ордаларына деген тапшылықты жоя алмай тұр.

Ғалымдар қанша жалақы алады?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сенсек, жоғары оқу орындарындағы ғалымдар күреп табыс таппайды. Квазимемлекеттік сектор­дағы, ұлттық компаниялардағы жас маманның жалақысы көлемінде ғана алады. С.Нұр­бек сала тізгінін өзі қолына алғалы, ЖОО профессорлық-оқыту­шылық құрамының жалақысын 160 мыңнан 350 мың теңгеге дейін, ал ұлттық университеттерде жалақыны 228 мыңнан 400 мың теңгеге дейін өсіргенін жеткізді. 

Университеттерде осылай екен, ал ғылыми орталықтағылардың халі нешік? Ғылым министрінің дерегінше, ондағы ғалымдардың орташа жалақысы 2 есе өсті: бүгінде 252 мың теңгеге жетті. Іргелі зерттеумен айналысатын ҒЗИ-лар енді тікелей бюджеттен қаржыландырылады. 

Дардай профессор даңқы бар тұлғаның компаниялардағы хатшы қыз деңгейінде ғана таба­­­тынын білген соң жастар ғылымға сонша ынтыға бермейді. Басқа салада карьера жасаса, тәуелсіз әрі бай-бақуат­ты болатынын түсінеді. Бұған қоса, про­фес­сорлар мен оқытушылардың біразы­­­ның баспанасы жоқ, жатақханада тұра­­­ды. Ал оларда орын жетпейді: жаңа министр­лік құрылғанда, 2022 жылы ЖОО жатақха­­­наларындағы жалпы орын тапшы­­лығы 55 050 орынды құрапты. Қолға алынған шұғыл шаралар арқылы оны 3 есе азайта алған. 

Соның өзінде 2023 жылдың соңында жатақханаларда 17 488 орын тапшылығы тіркелген. Атағы елге танымал, азуы алты қарыс деген ғалымның жатақха­надағы орын үшін жастармен жағаласып жүруі де абырой әпермейді. 

Әділін айту керек, жалғыз жалақыға қарап қалмай, ғылыми зерттеулермен белсенді айналысып, ғылыми жаңа­лықтар ашатын, өнімін коммер­ция­ландыратын ғалымдар ауқатты. Бұл үшін мемлекет барлық жағдайды жасады. Мысалы, ғылым саласының 2023-2025 жылдарға арналған жалпы бюджеті 3,3 есе артып, 643 миллиард теңгені құ­рады. Талантты ғалымдар мемлекеттен де, шетелден де мол гранттық қаржы­ландыру алып, игере алады. 

Ғылым министрлігінің дере­гінше, ғалымдардың 151 жо­басы мемлекеттен қолдау тап­ты, инвесторлардан да 6,7 миллиард тең­ге жеке қаржы тартылды. 2022 жылы инно­вациялық өнімді сатудан және қызмет көрсетуден түскен табыс сомасы 24,9 миллиард теңге болды. 15 жоба бойынша 402,2 миллион теңгеге өнім экспортталған.

Елімізде 2023-2025 жылдарға ар­налған «Жас ғалым» жобасы іске қосыл­ды. Оның аясында жас ғалымдардың зерттеулеріне қайтарымсыз грант қаржы беріледі. Бұл үшін конкурсқа қатысып, зерттеудің елге игілік әкелетінін, ғы­лым­ды дамытуға керек екенін дәлелдеу керек. 

Талап жоғары: Web of Science дерек­қорында импакт-фактор бойынша алғашқы үш квартильге кіретін немесе Scopus дерекқорында CiteScore бойынша процентильге ие алғашқы елулікке ене­тін журналдарда ғылыми мақала ба­сып, жобаның ғылыми негізін дәлелдеу қа­жет. Сондай-ақ жобаға жеке серіктес тауып, ол шамалы болса да, инвестиция құйып, бизнеске қызықты екенін байқатуы керек.

100 миллиард теңгені кім еншілейді?

Осы орайда Парламенттің қос па­латасының депутаттары «Кейбір заңна­­малық актілерге ғылым мәселелері бо­йын­­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Оның авторларының бірі, 2019 жылдан бері Білім және ғылым министрлігін басқарған, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, құжат ғалымдардың жағдайын жақсар­татын көптеген тетікті іске қосады.

Біріншіден, ғалымдар үшін жаңа үстемеақы түрін енгізеді. Мысалы, доцент атағы бар ғылым кандидаттары – ай сайын 25 АЕК (2024 жылы 92 300 теңге), профессор атағы бар ғылым докторлары – 50 АЕК (биыл 184 600 теңге) қосымша ақы алатын болады.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, ғылы­ми-зерттеу институттарында неме­се университеттерде істейтін ғалымдар док­­тор PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін бүгінде онсыз да ай сайын жала­қысына қосымша үстемеақы алады. 

«Ол – баяғыдан бекітілген норма. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін тағы жала­қысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы, доктор PhD, ғылым кандидаты бүгінде ай сайынғы жала­қысына ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңгедей үстемеақы алса, бұдан былай ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың теңгеге жуық үсте­меақы, яғни жалпы алғанда 92 мың теңге­­ні ай сайынғы жалақысына қосым­ша алады. Ол ғылым докторы болса және өз жалақысына 130 мыңға жуық үстеме­ақы алып отырса, мына заң қабылданған соң профессор атағы үшін қосымша 60 мың теңгедей алады. Сонда барлығын қосқан­да, ай сайынғы жала­қысына 185 мыңдай үстемеақы беріледі», – деді депутат.

Екіншіден, өмірге жолдама алатын тағы бір қолдау тетігіне сәйкес, халықаралық тәжі­рибеде бар саббатикал институты, яғни шығармашылық демалыс енгізіледі. ҒЗИ-да немесе университетте бес жыл­дан астам уақыт жұмыс істеген ғалым­дарға бір жылға дейінгі шығармашылық демалыс беріледі. Осы бір жылда оларға тиісті орташа жалақысы төленіп тұрады. Депутаттардың пікірінше, бір жылдық ұзақ демалысты ғалымдар кітабын жа­зуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын аяқтауға, ғылыми мақалаларын басуға жұмсай алады. 

Бірақ депутат Ерболат Саурықовтың айтуынша, алған біржылдық шығар­машылық демалысын ғалымдар басқа университетте сабақ беруге арнауы мүмкін, салдарынан, ғылыми зерттеуін аяқтауда ешқандай нәтижеге жетпейді. Сондықтан заң жобасында жеке норма пысықталады. Ғалым шығармашылық демалыста ғылыммен айналысып, мақалаларын, монографияларын шыға­ру­дың орнына басқа бір университетке барып, қосымша сағат алып, жұмыс істейтін болса, онда университетінде немесе ғылыми-зерттеу институтында алған шығармашылық демалысы тоқ­татылуы мүмкін.

Үшіншіден, тек мемлекетпен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен шек­­­телмей, алда әкімдерге де жергілікті бюд­­жеттен жергілікті ғалымдарды қар­жылан­дыру құзыры ұсынылады. Заң бастамашы­ларының пікірінше, мұндай шешім өңір­­­­­­лер­­­де ғылыми әлеуетті не­ғұрлым тиім­­­ді пайдалануға ықпал етеді, ғылымның да­муын­дағы өңірлік ерек­шеліктер мен қа­жеттіліктерді барынша ескеруге мүмкін­­дік береді. Сәйкесінше, әрбір әкімге өңіріндегі проблемаларды шешуге өз ғалым­­дарының ғылыми зерт­­­теуі мен жаңа­лық­тарын қол­дануына жол ашыла­­тын көрінеді. 

Төртіншіден, заңнама бойынша жер қойнауын пайдаланушылар, ірі кен орын­дары, консорциумдар жыл сайын өз табысының 1%-ын қазақстандық ғы­лымды дамытуға жұмсауға міндет­телген. Олар ол қаржының бір бөлігін жергілікті мазмұнды дамыту аясында кәсіпкерлерге немесе «Алатау» инно-технологиялар пар­кіне бөледі. 

Мына жаңа заң инвесторларды бар­лық миллиардтарды тек ғалымдарға беруге міндеттемек. Ғылым министр­­лігінің хабарлауынша, бүгінде жер қой­­­науын пайдаланушылардың табысы­ның 1%-ы жылына 100 миллиард теңге­ден асады. Бұл қаржының арқа­сында ғылым­ды коммерция­ланды­руға арнал­ған грант­тар да 2023 жылы үш есе – 6 мил­лиард­­тан 19 млрд теңгеге дейін арттырылған.

Бұл ретте 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми қаража­тын толығымен орталықтандыру жос­парланып отыр.

Ғалымдарға 185 мың теңгеге дейін қосымша үстемеақы беру талабы негізінен, мем­лекеттік ЖОО-ларға бағдарланған. Ал жекеменшіктегілер өзі би, өзі қожа. Депутаттардың айтуынша, «қосымша үстемеақысы бар» деп доценттер мен профессорлардың жеке универ­­си­­­тет­терден жаппай мемлекеттікке кетіп қалу қаупі қылаң берді. Бұл мәселені қа­растырған жұмыс тобы ғалымдардың қосымша үстемеақысын төлеуді жеке­меншік ЖОО-лардың мемлекеттен ала­тын қаражаты, гранттары есебінен шешуге болады деген тоқтамға келіпті. 

Ғылым және жоғары білім министр­лігі ғылымның ел эконо­микасына үлес қосуын қамтамасыз ету үшін екі жыл бұрын «ҒЗИ мен университеттерге қа­тысты коммерцияландыру бойынша KPI енгізбек» болған. Оған қарсылық көп болып, бұл бастамасы идея күйінде қал­ды. Жаңа заңның үстемеақы, ұзақ демалыс сияқты игіліктері ғалым болуға қызыққандар санын арттыруы мүмкін. Ал Қазақстанның жақсы атағын әлемге жаятын ғаламат ғылыми жаңа­лықтар пайда болар ма екен?

Елдос СЕНБАЙ