Белгілі режиссер Шәкен Аймановтың есімін естіген сәтте көз алдымызға бірден қазақ киноиндустриясының көрінісі елестейді. Олай деуге негіз бар.
Шәкеннен қалған бір сыр бар
2,066
оқылды

Қазақтан шыққан тұңғыш режиссер ғұмырын экран артындағы шығармашылық қарбаласқа арнап, көрерменнің патша көңілінен орын алған тың туындылардың дүниеге келуіне ықпал етті. Бүгінде Алматы қаласында орналасқан «Қазақфильм» киносту- диясына әйгілі режиссердің есімі берілген. Киностудия аумағында Шәкен Айманов атындағы қазақ киносының мұражайы жұмыс істейді. Біз режиссердің күні бүгінге дейін жеткен жәдігерлерін көру мақсатында «Қазақфильмге» арнайы ат басын бұрған едік.

Иә, бұл сапарымызда қазақ кино­сының жауһарына айналған фильмдерден қалған құнды заттарды көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік туды. Көгілдір экран арқылы тамашалаған кейіп­­кер­леріміздің кинода қолданған заттарын шынайы өмірде көрудің әсері тіптен бөлек. Киностудия ғимаратына кірген бойда бізді құшақ жая қарсы алған Бақыт Сүлейменқызы мұражай орналасқан аумаққа қарай алып барды. Алғашында «Қазақфильмдегі» мансап жолын актриса ретінде бастаған мұражай жетекшісі қара шаңырақта 40 жыл бойы қызмет етіп келеді. Шәкен Аймановтың шәкірті, ки­­­но­­режиссер, сценарист Ұлжан Қол­­­дау­қызының қалауымен мұражайды басқару ісіне қадам басқан ол келушілерге барын­ша жәдігерлер туралы тың ақпарат беруге тырысатынын айтады. 

Шахмат ойнап, домбыраның қоңыр үнін әуелеткен

Мұражайға кірген сәтте ерекше наза­­рымызға іліккені – Шәкен Аймановтың жұмыс үстелі. Мұнда режиссердің қол­­­­­дан­ған заттары, естелігі, түрлі жазбасы сақ­тал­ған. Кезінде Шәкен Аймановтың жеке кабинеті ғана болса, кейіннен Ұлжан Қол­дауқызы мен Асанәлі Әшімов екеуі режис­сердің артынан қалған құнды заттарын жинақтап, осында әкеліп орналас­­ты­рып­ты. Үстелдің үстінен шахматты көруге бо­­лады. Шәкен Кенжетайұлының шахмат ойнағанды жақсы көргені соншалық, қарсыласымен есеп айырыспайынша, со­ңына дейін берілмеген. Одан өзге жеке кабинетінде режиссердің өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы қалта шахматы да қоса сақталған. Мұражайда орналасқан құндылығы жоғары заттардың бірі – Ал­­дар көсенің таяғы. Бұл таяқтың өзгелерден ерекшелігі де сол – «Алдар көсе» фильмі түсірілген жылдардан бүгінге дейін бүлін­бей сақталып келуі.

– Бұл – «Алдар көсенің» таяғы. Көріп тұрғаныңыздай, мұнда одан басқа да бір­неше таяқ тұр. Бірақ бұл таяқтың өзін­дік ма­ңызы бар. Шәкен атамыз түсірілім ала­ңы­ның табиғатымен таныса жүріп, осы таяқ­ты айдаладан өзі тапқан екен. Шәкен Айманов өнер жолында сондай бір кең, терең адам болған. Ол түсірілім баста­­­лардан алдын екі күн қойын сойып, ки­­ноға түсетін әріптестерінің бір-бірімен та­­нысуына жағдай жасаған. Жас актер­­лерді өзінің баласындай көрді. Осылайша, екі күннен кейін ғана киноның түсірілімін бастайды екен. Өнер жолындағы адамдар түсірілім алаңына келгенде біртұтас болып кетеді. Ал Шәкен атамыз сол актерлік құрамның бір-біріне үйренісіп, жақсы көзқарас қалыптастыру үшін осындай әдіске сүйенген, – дейді Бақыт Сүлей­менқызы.

Ән мен күйге елітіп өскен Шәкен Кен­жетайұлының актерлік, режиссерлік қабілетінен өзге әуелетіп ән шырқайтын ерекше таланты болған. Оның осы бір дарынына дәлел – жеке кабиетінде сақ­талған, режиссердің өзі күмбірлете тартқан домбырасы. Ал екінші дом­­быраның тиегі түсіп, зақым келген. Шә­кен Айманов домбырамен ән салса, жұрт таңданысын жасыра алмаған деседі. Мұражай жетек­шісінің айтуынша, ре­жиссер әнді кез келген орында емес, көңілі түскен ортада ғана шырқаған. 

Режиссердің кабинетінен түрлі маз­­­­мұндағы жазба сақталған қағаздың бір­­­неше түрін кездестірдік. Солардың ара­­сында түсірілім алдында киімдердің эс­кизі бейнеленген қағаздар бар. Шәкен Айманов кино түсірер алдында актерлік құрамға лайықты костюмнің эскизін құру үшін суретшілерге тапсырма берген. Егер эскиз көңілінен шықса, түсірілімге қа­жетті киімдер тігіледі.

– Кеңес заманы тұсында кино түсіру үшін әр істің атқарылатын уақыты болды. Мәселен, түсірілім басталмас бұрын екі-үш ай бұрын дайындық жұмысы жүргі­­­зіледі. Белгілі адамдардан тұратын арнайы комиссия құрылып, киноның сценарийін талқылайды. Сценарийдің кемшін тұс­тарын өзгерткеннен кейін ғана фильм­­ді түсіруге рұқсат берді. Кейін кино таспа­ланып болған соң өңдеу процесі жүреді. Сонда кино бір жылдың ішінде аяқталуға тиіс. Шәкен Кенжетайұлы – ғасырда бір туар тұлға. Біз оны «қазақ киносының ата­сы» деп бағалаймыз. Себебі режиссер ки­но түсірудің жан-жақты қырлары мен қиын­дықтарын бойына сіңіре білген адам, – дейді мұражай жетекшісі.

Тың туындылар дүниеге келген монтаж үстелі

Шәкен Аймановтың жеке кабинетінде әр қаладан алған сый-сыяпаттары, соның ішінде оттық, өзі жинаған қаламдары сияқ­ты жеке заттары мен бұйымдары бар. Әйгілі режиссердің өз қолымен жазған хат­­­тары, күнделігі, Сталиндік сыйлықтың иегері екенін куәландыратын бұйрық, мем­­­лекеттік марапаттары мен төс­­бел­гілері де сақталған. Шәкен Кен­­же­тайұлы күн­делікте өзінің атқарған істері, кіммен кез­дескені жайлы мағлұматтарды жазып отыр­ған. Мұражайдың кіре­берісінде қата­­рынан тізілген пленкаларға көзіміз түсті. Цифрлық технология кең қанат жайған заманда мұндай пленкаларды мұрағат­­­тардан көрмесеңіз, қарапайым өмірде кезіктіру екіталай сыңайлы.

– Бұл –Шәкен Аймановтың жұмыс істеген монтаж үстелі. Ол заманда қазіргі кезеңдегідей цирфлы камера болмады. Ки­но кадрларын пленкаға түсірген. Шы­­­­ны керек, кеңес заманында пленканың өзі арнайы сұраныспен алынатын зат болған. Сол пленкаларды салу арқылы бүгінге де­йін жеткен фильмдерді таспалаған. Ал мына құрылғымен қажетсіз дубльді қиып алып тастап отырған. Осындай процестің нәтижесінде дайын болған фильмдерді Мәскеу қаласына жолдады. Ал бұл – ды­­­быс өңдейтін құрал. Құрылғы арқылы ак­­терлардың дыбысын жазады. Қазір мұны ешкім қолданбайды десек те болады. Ара­да қаншама жыл уақыт өтсе де, осы зат­тардың сақталып қалғанына қуанамыз. Шәкен Аймановтың режиссерлік салада көп қолданған заттарының бірі – «Мир» камерасы. Кеңес заманында режиссерлер тікелей Мәскеу қаласындағы мамандармен жұмыс істеді. Киноның жарыққа шығуы немесе шықпауы сол кісілердің құзырында болды, – дейді Бақыт ханым.

Мұражайда Шәкен Айманов қол­­дан­ған жәдігерлерден өзге кино саласында елеулі еңбегін сіңіріп келе жатқан танымал режиссерлер түсірген фильмдермен бай­ланысы бар құнды бұйымдар да бар. Соның ішінде аты аңызға айналған ре­жиссер Сергей Эйзенштейннің камера­сы, қазақстандық режиссер Ақан Сатаев тү­сірген «Томирис» фильміндегі басты ке­йіп­керлердің костюмдері мен Рүстем Әбдіраш таспалаған «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильміндегі Жәнібек ханның костюмі қойылған. Бақыт Сүлейменқызы фильмдерге арналған киімдердің арнайы тігілетінін, костюмде бейнеленетін әрбір ою-өрнектің сол замандағы маңызы мен қолданысы туралы ақпарат алдын ала сүзгіден өтетінін атап өтті. Тері, киіз сын­ды материалдан әзірленген киімдердің салмағының ауырлығына қарап-ақ фильм­­­ге арнап костюм тігу аз уақытта аяқ­­­талатын шаруа емес екенін аңғардық.

Мұражайда орналасқан ең бағалы заттардың бірі де бірегейі – «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген мен Қыз Жібек ки­­ген костюм. Тарихи фильмнің өмірге ке­луіне бір ғана режиссердің, оператордың немесе костюмердің еңбегі ғана емес, бүтін бір халықтың үлесі жатыр. Олай дейтін себебіміз, кезінде Қыз Жібек тақ­­қан әшекейлердің барлығын фильм түсіріліп жатқанын естіген халық өздері әкеліп берген. Тіпті, ұзақ уақыт бойы сақтап келген қымбат асыл заттарын, алтын-күміс бұйымдарын, кілемдері мен ер-тоқымдарына дейін сыйға тартқан. Өкініштісі, оның көп бөлігі қолды болған. Мұражай жетекшісінің сөзінше, «Қыз Жібек» фильмінде пайдаланған костюм­дердің тігілгеніне 50 жылдан астам уақыт өтіпті. Киімдердің қазіргі күйі де оның жарты ғасырдан астам тарихы барын байқатады. Себебі костюмдер аздап ескірген, онымен қоса мұражайға келуші­­­лердің қызықтап, қолмен ұстап көруі де киімнің сақталуына әсер ететін көрінеді.

– «Қыз Жібек» фильмін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жақсы бі­леді. Қанша көрсек те шаршамаймыз. Фильмнің тарихы жайлы біздің өскелең ұрпақ ұмытпаса екен деген ниетпен мұражайдан арнайы бұрыш арнадым. Фильмде Бекежан рөлін сомдаған Асанәлі Әшімов ағамыз, Халық әртісі Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова, Шегенің рөлін сомдаған Әнуар Молда­беков сияқты актерларымыз бар. Тіпті, экран артындағы көрермен Сырлыбайдың рөлін ойнаған Кененбай Қожабековтың мүгедектігін байқамаған. Актердің актер­­лік мамандықты жақсы көретіні сондай, қаншама фильмде мұны білдірт­­пей ойнаған. Кино түсіру – мұқият­тылықты, адамның таланты мен қарым-қабілетін, ісіне деген асқан жауапкершілігін талап етеді. «Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шығуына халықтың үлкен көмегі тигені рас, – дейді ол.

Өнер әлеміндегі династия 

Шәкен Аймановтың кітаптары мен күнделіктеріне қол жеткізуде режиссердің інісі Кәукен Кенжетайұлының орасан зор көмегі тиген. Зейнетке шыққанына қара­мастан Т.Жүргенов атындағы өнер акаде­миясында ұстаздық қызмет атқарып, шә­кірт тәрбиелеген інісінің арқасында ре­­­жиссерге қатысты бірқатар мәлімет бү­гінге дейін сақталып қалған. Бақыт Сү­лейменқызы жәдігерлерді таныстыру барысында режиссердің отбасы туралы тақырыпқа тоқталды. Осы ретте өнер жолымен тұтас бір династия айналысты ма деген сауал туындады. Мұражай жетекшісі болжамымыздың расымен шын­дыққа сәйкес келетінін айтып, Шәкен Аймановтың отбасы туралы баяндап берді. 

– Шәкен Кенжетайұлының Мұрат пен Майра есімді балалары болған. Майра апамыз опера әншісі болса, Мұрат ағамыз 70-жылдары «Атаманның ақырында» оператор болып жұмыс істеген. Театрда Аттиланың, Жамбылдың рөлін сомдады. Мұражайда Мұраттың суреттері сақ­­талған, ал одан өзге ақпаратқа біз әлі қол жеткізе алмадық. Кәукен Кенжетайұлы өнер институтында сабақ беріп, опера саласында қызмет атқарды. Майра мен Мұрат та өнер жолын таңдады. Қарап отыр­­сақ, өнер саласымен бүтін бір ди­­настияның айналысқанын көруге болады. Ал шөбересі суретші, дизайнер Әсел Кенжетайқызы киім дизайнын әзірлеумен айналысады. Бүгінде мен оның жұмысын сырттай бақылап отырамын, – дейді мұражай жетекшісі. 

Бірқалыпты температура сақталады

Бір қызығы, мұражайға кірген сәтте екі түрлі температураның сақталғанын байқадық. Бұл да тегіннен емес. Себебі жә­­дігерлерді сақтап қалуда бөлмедегі ауа температурасының бірқалыпты болуы маңызды. Мұнда тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында ап­­тасына бір рет дезин­­­фек­ция шаралары жүр­­­­гізіліп отырса, кейде жос­­­­­­пардан тыс са­­нитар­­лық таза­лық жұмыс­­­­­тарын өткізуге тура келеді екен.

– Байқасаңыз, мұ­ра­­­­­­жайдың іші салқын. Өйт­­кені мұнда ескі ағаш­тан, теріден жа­­­­салған заттар бар. Олар бүлініп кетпес үшін біз температураны бір­­­­­қа­­лыпты ұс­тауға ты­ры­­самыз. Аптасына жұ­ма күні кешкісін дез­ин­фек­­ция жұмысы жүр­­гі­­зіледі. Демалыс күндері жа­­­қын­­даған тұста тұр­мыс­тық бұйымдарға жән­діктерге қарсы дә­­рілерді шашып қоямыз. Бөл­медегі темпера­­­ту­раны шама­мен 20-24 градус аралығында ғана ұстай­­­мыз. Бір жағы ыс­­тық, бір жағы суық бо­лып тұруы тиіс, себебі екі ауа алмасқан кезде қалыпты температура береді, – дейді мұражай жетекшісі Бақыт Сүлей­менқызы.

Сондай-ақ мұражай қабырғаларына Шәкен Айманов пен қазір есімі елге бел­гілі режиссерлер түсірген фильмнің афи­шалары ілінген. Мұражайдағы жәді­герлерді тамашалауға келушілердің ара­­­­­­­сында балалар, студенттермен қо­са, шетелдіктер де табылады. Бақыт ханым мұнда таяуда ғана Якутия, Түркия, Жапония елінен туристер келсе, жақын уақытта Белоруссиядан қонақтар келетіні жайлы айтып ағынан жарылды. 

Шәкен Аймановтың шығармашылық жолы қазақ кино өнерінің ғұмырымен астасып жатыр. Мұражайда өз орнын тапқан әрбір жәдігер – киноиндустрия тарихының өткенінен хабар береді. Жә­дігерлердің сақталуы мен олардың қауіп­сіздігін қадағалап, тіпті өз бала­­сындай қызғыштай қорыған мұражай жетекшісі Бақыт ханым осынау құнды­лықтары­мызды, тау тұлғалар қалдырған теңдессіз мұраны келер ұрпақ біліп өссе екен дейді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы