Әуелі ең төменнен бастайық. Қазақстандағы орта мектеп оқушыларының 54 пайызы қыздар болса, ЖОО студенттерінің 57 пайызы – нәзік жандылар. Бұл көрсеткіш магистратурада – 64 пайыз, докторантурада – 61 пайыз. Ал жоғары білім беру жүйесіндегі басшылардың 87 пайызы – ерлер, 13 пайызы әйелдер екен. Экономикадағы әйелдер үлесінің артуы ЖІӨ-ні өсіріп, экономиканы диверсификациялауға септігін тигізеді. Нәтижесінде, білімді, білікті, түрлі типтегі жұмысқа қабілетті қызметкерлер шоғыры қалыптасады. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы инвестициялық климатқа әсер етеді. Бүгінде шағын және орта бизнеспен айналысып жүргендердің тең жартысы – қыз-келіншектер. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 54,8 пайызға жеткен. «Саясаттағы әйел» жаһандық индексінде Қазақстан 149 елдің ішінде 94-орында тұр. Елімізде нәзік жандылардан 1 министр (Ақтоты Райымқұлова), 1 Сенат спикері (Дариға Назарбаева) бар. Ал облыс пен қала әкімдерінен бірде-біреуі жоқ. Аудан мен қала әкімдерінің деңгейінде 1-2 әйелден тағайындалған, кент, ауыл әкімдерінің арасында сәл көбірек – 10,5 пайыз.
Сенатта 7, Мәжілісте 30 депутат әйел жұмыс істейді. Ұлттық сенім кеңесінің ІІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «партиялардың сайлау тізімінде әйелдер үшін 30 пайыздық міндетті квотаны қарастыру қажет» деді. Сарапшылардың ойынша, Президенттің бастамасы тұтас заң шығару үдерісіне пайдалы. Өйткені бұл – әлемдік тренд. Мұндай партиялық квота көптеген мемлекетте бөлінген. Мәселен, Германияда 50 пайыздық квота енгізілген. Швеция да сондай тәжірибе қолданады.Салыстырайық. Парламенттегі әйелдер үлесі Украинада – 9 пайыз, Үндістанда – 11 пайыз, Грузияда – 12 пайыз, Ресейде – 14 пайыз, Түркияда – 14 пайыз, АҚШ-та – 18 пайыз, Сауд Арабиясында – 20 пайыз, Пәкістанда – 21 пайыз, Өзбекстанда – 22 пайыз, Ұлыбританияда – 23 пайыз, Қазақстанда – 27 пайыз, Ауғанстанда – 28 пайыз, Норвегияда – 40 пайыз, Кубада – 49 пайыз. Жыпырлаған бұл цифрлардан қандай қорытынды шығарамыз? Ешқандай. Тізімдегі елдерге бажайлай үңілсек, Парламенттегі әйелдер санына демократияның да, даму дәрежесінің де қатысы жоғын байқаймыз. Жоғарғы сот судьяларының қатарындағы нәзік жандылардың үлесі 2001 жылы 23 пайыз болса, кейін бірте-бірте көбейіп, 2019 жылы 40 пайызға таяған. Олардың үлесі облыстық сот (48%) пен аудандық сотта (55%) басымырақ. Неғұрлым жоғары позициядағы әйелдер әлдеқайда аз.
Қарулы күштер қатарында 8 000 қыз-келіншек (күллі әскердің 12 пайызы) қызмет атқарады. Оларға байланысшы, телеграфшы, дәрігер, психолог, клуб меңгерушісі, тылдағы қойма басшысы сияқты арнайы қызметтер ғана жүктеледі. Осы орайда Қазақстан әскерінде патриархалдық қағида қатты сақталғанын мойындаймыз. Тіпті, Сауд Арабиясының өзінде тек әйелдерден тұратын әскери бөлімшелер ашылған. Саудия билігі қыздарға кіші капрал, капрал, сержант, жаяу құрлық әскерінің штаб сержанты ретінде, сондай-ақ әскери-әуе күштерінде, әскери теңіз күштерінде, әуе қорғанысында, стратегиялық маңызды зымыран әскерінде қызмет етуге пәрмен берген. Британ армиясы да жынысы бойынша емес, қабілеті бойынша жасақталады. АҚШ армиясында 2016 жылы әйелдердің әскери қызмет етуіне салынған барлық шектеу жойылған.Кей мамандардың пайымынша, оқу орындарын көбінесе қыз балалар алтын медальмен бітіретіндіктен, осы зияткерлік құрамды әскери салаға тартқан дұрыс. Айтпақшы, Қорғаныс министрлігі бұған дейін тәжірибе жүргізіп, командирдің тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымына әйелдерді тағайындап көріпті. Нәтижесі көңіл көншітеді: сарбаздардың, офицерлердің, сержанттардың тазалығы жақсарып, ұқыптылығы ұшталған. Әрине, бала күтіміндегі әйелдер көп жағдайда қоғамдық қызметінен қол үзіп жатады. Бұл оның кәсіби жағынан өсіп-өрлеуіне кесірін тигізеді. Сондықтан отбасылы келіншектер не бала бағып, ошақ жайғауды, не мансап жолын таңдауға мәжбүр. Сонымен, саясатта әйелдердің үлесі артса, не өзгереді? Психологтардың пікірінше, қыз-келіншектер қиындыққа төзімді, дипломат, ісіне адал болады екен. Олар күмәнді мәмілеге, көзсіз тәуекелге бармайды, тұрақтылықты жанжалдан жоғары қояды, қысқасы, билігін теріс мақсатқа жұмсамайды. «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының Орталық Азиядағы өкілі Илейн Конкиевичтің мәліметіне жүгінсек, Қазақстан гендерлік тең құқықтық бойынша жаһандану рейтингінде 135 елдің арасында 31-орында тұр. Бір қарағанда, бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен әлі де жақсарта түсу – өз қолымызда. Еркебұлан НҰРЕКЕШ