Харассмент: қылмыс жазасыз қалмасын
Харассмент: қылмыс жазасыз қалмасын
380
оқылды
Ағыл­шын­дық ха­­­рас­­смент яғ­ни сексуа­л­дық сипаттағы қыл­­мыс жасауға ұм­­тылу деген сөз қо­­ғам­­ға 2017 жылы ден­­деп енді. Өйткені дәл осы жылы Голливудтық атақты продюсер Харви Вайнштейнге қарсы айыптаулар #MeToo (қазақша – «Мен де») хэштегі әлеуметтік желілерде тарай бастады. Кейін осы хештэгпен өзге жұрт та сексуалдық зорлық-зомбылықты бастан кешкен мысалдарын жаза бастап, ауқымды қозғалыс пайда болды.

Харвидің қылығы

#MeToo көптеген жергілікті және ха­лықаралық атаулармен белгілі болған жыныстық зорлық-зомбылыққа қар­сы қозғалыс. Бұл сөзді алғаш рет 2006 жылы әлеуметтік желілерде, Myspace-те, жыныстық зорлық-зом­былықтан аман қалған әрі бел­сенді Тарана Бёрк қолданды. Бірақ ол қозғалыс дәл 2017 жылғы­дай белең алмаған болатын. Өйт­кені сол  жылы күзде Голливуд продю­сері Харви Вайнштейнге қарсы айып­таулар #MeToo (қазақша – «Мен де») хэштегі арқылы әлеуметтік желілерде желдей есті. Кейін осы хештэгпен өзге жұрт та сексуалдық зорлық-зомбылықты бастан кешкен мысалдарын жаза бастап, жылдам тарағаны сондай, әлемді шарлап кетті. Сол жылы АҚШ-тың апталық Time журналы сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын көпшілік алдында бүкпей айтқан бір топ адамды «Жыл адамы» деп атады. Журналдың бас редакторы Эдвард Фельсенталь болса, соңғы 10 жылда мұндай тез әрі ауқымды тараған хэштег хабарламаларын көрмегенін айтты. NBC арнасының Today бағдарламасына берген сұхбатында Фельсенталь: «жүздеген әйел мен кей ер адамның өз бастарынан өткергендерін көпшілікке жайып салуға ұласқан қозғалыс жекелеген адамдардың батыл әрекеттерінен басталды» дейді. Time журналы жариялаған су­рет­тердегі жыныстық зорлық-зом­былыққа ұшыраған­дардың әлеу­меттік жағдайы әртүрлі. Олардың ішінде Голливуд жұлдыздары мен әншілерден бастап, Мексикадан келген жұмысшы, Сак­раментодағы корпорация лоббисі, Uber ком­па­ниясының инженеріне дейін бар. Со­нымен қатар 13 әйелдің Харви Вайнштейннің жы­ныс­тық бопса­лауына ұшырағанын, оның ішінде үшеуі өздерін зорлағанын мәлім­де­генін ха­бар­лады. «Сасқан үйрек артымен жү­зиеді» де­­ген­дей, 65 жастағы Вайнштейннің өкі­лі Салли Хофмайстер «Харви мыр­за өзара келісімсіз жыныстық қатынас болғаны туралы кез келген әңгімені жоққа шығарады» деген сынайда мәлімдеме жасап, ақтала бастады. Кейін Вайн­штейн өзінің жеке кино түсіру компаниясының тең төрағасы қызметінен де айырылды.  

Вайнштейн жазасы 11 наурызда жарияланады

Осы жылдың ақпан айында Нью-Йорктегі қазылар алқасы 67 жастағы экс-продюсердің ісін қарады. Оған «бірінші дәрежелі зорлау және жыныстық зорлық-зомбылық» деген ең ауыр айып тағылды. Ал жазасы 11 наурызда жарияланады. Ол 25 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылуы мүмкін. Кинорежиссер әйгілі Голливуд актрисаларын қосқанда, 80-нен астам әйелге қатысты жыныстық қылмыс жасады деп айыпталып отыр.  

#MeToo әлемге тарады

Бұл қозғалыс әлемге тарады. Кейбір қыз-келіншектер мұны өз пайдасына шешуге де тырысты. Мысалы, Онтүстік Кореялық ММА жауынгері Парк Тэ Сунг рингтегі қыз­ды құшақтағаны үшін басы дауға қалды. Оған сексуалдық сипаттағы қылмыс жасауға ұм­тылды деген айып тағылды. Осы оқиғалардан кейін белгілі компаниялар жұмыс ережеле­ріне жаңа нұсқаулар енгізе бастады. Мысалы, Samsung компаниясы: «Біз компа­нияда дұрыс атмосфераны қалыптастырамыз. Командада салауатты қарым-қатынасқа зиян келтіретін іс-әрекеттерге, соның ішінде сек­суалды алымсақтықты, қызметкерлер ара­сындағы өрескел қаржы операциясына және зорлық-зомбылыққа тыйым саламыз. Біз топтағы жанжалға алып келетін фракцияларды құрмаймыз және жабық топтар ұйымдас­тырмаймыз» деп жазып қойды.  

Харассмент бабы қарастырылуда

#MeToo хэштегі Қазақстанға да келді. Өйткені біздің елде де жұмысқа тұрғанда, жа­лақы көтергенде немесе қызметтік баспал­дақпен өсіру кезінде ерлер арасынан әйел затына жыныстық сипаттағы зорлық-зомбы­лық әрекеттері айтыла бастады. Осы сипаттағы қызға себепсіз «қырындаушыларды» айғақ­тап, халыққа жариялап, оны сотқа дейін жеткізу үшін Дина Таңсәрі жетекшілік ететін «НеМолчиKz» қозғалысы үлкен жұмыс ат­қа­руда. Ал дағдарыс орталықтары мен қозға­лыс­тар көбіне зорлық-зомбалыққа ұшыра­ған­дарды қабылдап, психологиялық көмек береді. Негізінде басшылық немесе қызмет­тестерден, басқа да жағдайларда «сексуалдық сипаттағы қылмыс жасауға ұмтылу» жағдайы болып тұрса да әйелдер заңға жүгіне қоймайды. Бүгінге дейін Қазақстанда «жыныстық боп­салау» түсінігі заңдасты­рыл­маған болатын. Дегенмен «ештен кеш жақсы» дегендей жа­қын­да бұл олқылық Мәжіліс қабырғасында тал­қыланды. Мәжіліс депутаты Нұр­жан Әлтаев зорлық-зомбылық жазасын кү­шейту бойынша заң жобасы қаралып жатқанын айтты. «Бұл жобада харассмент (сек­суалдық сипаттағы қылмыс жасауға ұм­тылу) үшін бөлек жаза тағайындау ұсы­нылды. Олай болса, алдағы уақытта Қылмыстық кодексте «Келі­сімсіз жыныстық әрекеттер жасауға ұмтылу» бабы пайда бо­лады. Жобада бұл былай жазыл­ған: Келісімсіз сексуалдық ұсыныс жасау; сек­суалдық қызмет көрсетуді және басқа да вер­балды немесе сексуалдық сипаттағы әре­кет­терді талап ету; жәбірлеу, сексуалдық қыз­метке сыйақы беруге орынсыз уәде беру; сексуалдық сипаттағы басқа да ауызша немесе физикалық күш қолдану (құшақтау, тиісу). Ке­лісімсіз сексуалдық әрекеттер жасауға ұм­тыл­ғаны үшін жаза ретінде 200 АЕК көлемінде айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамау жаза­сын та­ғайындау ұсынылды», – дейді Нұржан Әлтаев. Әлемді аралап кеткен #MeToo (қазақ­ша – «Мен де») хэштегі бірнеше қылмыстың бетін ашты. Ар-ожданына нұқсан келген нәзік жандылар бастарын көтерді. Ол да дұрыс. Енді бұл қозғалыс адамдық қасиеттен айыратын қылықтарға нүкте қоярына сенімдіміз!   Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ