Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Осы орайда muftyat.kz оразаны бұзбайтын жағдайлар туралы мәлімет ұсынды.
Оразаны не бұзбайды?
1. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
2. Ұйқыдан жүніп болып ояну;
3. Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
4. Әйеліне қолын тигізбесе де оған қарағанда шәһуәты қозып, бірақ мәни шықпаса;
5. Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;
6. Аузына келген қақырықты жұту;
7. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
8. Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
9. Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
10. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
11. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
12. Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
13. Көзге дәрі тамызу;
14. Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса, бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
15. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды, яки, дәріні жұтпау шарт;
16. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
17. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.