Сондай жылқыға жаны құмар, арғымақ десе ішер асын жерге қоятын азаматтың бірі – Ақылбек Ищанов. Ақылбек өзі БҚО Жаңақала ауданында дүниеге келген. Жарқ етіп ерте сөнген айтыстың жарық жұлдызы Асылбек Ищановтың туған ағасы. Біз Ақылбек Ищановтың SABA этнокешенінде болып, атбегімен аз-кем әңгімелескен едік.
SABA этнокешені 2017 жылы ашылған. Ата кәсіпті жалғап, жылқы ұстаймын, қымыз сапырып, бәйге аттарын баптаймын деген Ақылбектің арманын келіншегі Ақмоншақ қолдап, осы кешенді ашқан. Басында баласына деп жетім құлын сатып алыпты. Кейін Ақылбек өзі мінетін жылқы әкелген. Араға бірнеше жыл салып үйге саууға деп екі бие алынған. Қазір біздің кейіпкеріміз қала шетінен 20 сотық жер алып, қора-қопсыны да үлкейтті. Қазір SABA этнокешені жәй ғана қымыз ішіп, қызық қуатын орын емес. Бұл жерде ұлттық спорт түрлеріне баулитын «Азамат» лагері де жұмыс істеп тұр. Ақылбек Ищанов таза бәйге аттарын баптайды, шабандоздар тәрбиелейді. Өзі БҚО Ұлттық спорт мектебі «Бәйге» бөлімінің жаттықтырушысы.
Жылқымен қазақтың жаны егіз. Қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының сын-сипатын, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Біздің кейіпкеріміз де жылқы баптаудың қыр-сырын әбден меңгерген.
– Ауыл баласы болған соң ба, жылқыға деген қызығушылығым бозбала кезімде оянды. Оқушы кезде сенбі-жексенбі күндері қырға кетуге асығып тұрушы едім. Сондағы бар мақсатым – тезірек атқа мініп, асау тайларды үйрету болатын. Сөйтіп, атқа деген құмарлығым күн өткен сайын арта берді. Бірақ қалаға келгесін үзіліп қалды. Сол үзілген дәстүрді жалғаймын деп осы этнокешенді ашып, қазір бәйге аттарын баптап жүрмін. Ат баптау оңай шаруа емес. Табандылық пен еңбекқорлықты талап етеді. Жалпы, бәйгеге қосылатын ат жыл-он екі ай дайындықта болуы керек. Әуелі атқа күнделікті жемін, тамағын, әртүрлі дәруменін беруді де ұмытпаған абзал. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, алыс қашықтыққа, жақынға шабатын ат бар. Бәйге жолының қашықтығына орай ат бапталмақ. Ал баптау әдісі әртүрлі. Егер тілін түсініп баптай алмасаң, жүйріктің бағы таяды. Мен мына үйдің жанындағы тоғайға апарып жүргіземін. Қысы-жазы аттың тынысын, өкпесін ашу үшін жаттығуды тоқтатпаймын, – дейді Ақылбек.
Бәйге аттарына көбіне ағылшын тұқымды жылқыларды қосады екен. Ақылбектің қорасында тұрған жылқылардың дені – ағылшын жылқылары.
– Мен таңда қораға кірген бойда әр жылқыны қарап шығамын. Көздеріне қараймын, соған қарап көңіл-күйлерін сеземін. Бабы келмей тұрса іште қалдырамын. Кейде ауырып қалады. Дәрі саламын, өзім емдеп аламын. Мен қазір көп жылқы ұстай алмаймын. Бар болғаны 20 сотық жер ғой. Жер тарлық етіп тұр. Әйтпесе, жылқы санын көбейтіп, ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлес қоссам ба деймін, – деп кейіпкеріміз өз арманымен бөлісті.
SABA этнокешені қазір оралдықтарды қойып Атырау, Ақтөбе, Ақтау, тіпті Астанадан келетін қонақтар үшін қызмет көрсететін ұлттық орталыққа айналып келеді. Бұл жерде 5 мезгіл бие сауылады. Жылқының сүтінен ем іздегендер саумал ішуге келеді. Ақылбек өзі күбі ыстап, қымыз дайындайды.
Ақылбек бәйге аттарын баптап қана қоймай, шабандоздарды да тәрбиелеп жүр. Тақымы мықты бала тәрбиелеп шығу олимпиада чемпионын дайындағанмен бірдей екен.
– Шабандоз дайындау да үлкен еңбек. Бала біріншіден, аттан қорқып қалмауы керек. Сол үшін бірінші құлынға отырғызып үйретеміз. Кейін жуас тайларға отырғызамыз. Әдейі жуасын береміз. Жарыстан қалып қойғанын көрген бала өзі келіп маған дұрыс ат беріңіз деп сұрайды. Баланың аттан қорықпайтынын, тақымы қатайғанын анық сезген кезде бәйге аттарына отырғызамыз. Баланың тақымын қатайту да оңай емес. Күнде спортпен шұғылданады. Аяқты қатайту, қолды қатайту жаттығуларын жасаймыз. Әсіресе, қолға арналған жаттығуды көп жасатамын. Ол тізгін тарту үшін қажет. Тақымы бос баланы жылқы лақтырып кетеді. Бала мінген аттан түспей, құламай отыра алуы керек. Бір қызығы, шабандоздардың бәйгесі екі жыл ғана. Себебі бала тез өсіп кетеді. Салмағы 35 кг асып кетсе болды, шабандоз болуға жарамайды, – дейді Оралда талай шабандозды тәрбиелеп жүрген Ақылбек атбегі.Болашақта классикалық бәйге аттарын дайындағысы келетін атбегіге біз сәттілік тіледік.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы