Бүгінде халқымыздың 58 пайызы қалада, 42 пайызы ауылда тұрады. Ал жалпы тұрғындардың 52 пайызы әйелдер. Яғни, ауылда шамамен қанша әйел тұратынын жобалап есептеу қиын емес. Алайда сол топ елімізде «әлсіздердің» қатарында екен. Жоқ, жынысы үшін емес. Табысы, қызметі, зорлық көруі және басқа да себептер үшін.
AERC ұйымы былтыр күзде ауыл әйелдерінің бүгінгі халін зерттеу үшін арнайы сауалнама жүргізді. Олардың экономикалық қиындықтары мен мүмкіндіктерін саралап көрген. Жоба аясында 1 424 ауыл тұрғыны сұрақтарға жауап беріпті.
Әйелдің табысы. Зерттеу барысында сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (49%) өзінің сатып алу қабілетін орташа деп бағаласа, осы шамалас әйелдер отбасындағы бір адамға шаққандағы орташа табыс елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз екенін айтқан. Бір сөзбен айтса, ауылдағы көпшілік отбасының әлеуметтік халі ауыр. Бұдан бөлек, сауалнама барысында әйелдердің көпшілігі жағдайымыз орташа деп жауап қайырған. Кім өзін басқадан кем санасын? Дегенмен өзі тұрып жатқан ауылдың тұрмысы нашар болғандықтан, олармен өзін салыстыра отырып, табысым «орташа» деген. Түптеп келгенде, оның «орташасы» республикалық деңгеймен салыстырғанда табысы төмендердің тобына кіруі мүмкін. Соңғы 2 жылдағы зерттеулер қазақстандықтар өз табысының 46-54 пайыз үлесін тек тамаққа жұмсайтынын көрсетті. Салыстыра кетсек, Ұлыбритания жұрты тоңазытқышты толтыруға жалақысының 10 пайызын бөледі екен. AERC ұйымының ауылішілік сауалнамасы бұл тұжырымды қайта қуаттады. Ауыл халқының тең жартысы қолындағы ақшасы тек азық-түлікке, киімге жететінін айтса, 25 пайызы киім алуда таршылық көремін деген. Ал 4 пайызы тіпті тамақ та сатып ала алмайды екен.
Сауалнамаға қатысқан ауыл әйелдерінің 25 пайызында табыс көлемі отбасында бір адамға шаққанда 31 мың мен 50 мың теңге арасында. 13 пайызында отбасындағы әлгі көрсеткіш 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін. Тек 1,6 пайызында кіріс көлемі адам басына шаққанда 100 мың теңгеден жоғары. Яғни, сырттай жобалап алсақ, ауылдағы отбасының табысы 50-60 мың теңгенің шамасы. Азық-түлік бағасы еселеп өсіп жатқанда бұл қаражат бір шаңырақтың бар қажетін өтей ме, жоқ па, есептей беріңіз.
Ал ауылда үйге табысты кім әкеледі? Сауалнамаға қатысқан әйелдердің сөзіне сенсек, 37 пайызында – ер-азамат. Әдетте, бұл – көпбалалы қазақ отбасы, әйел орта білімді және үй шаруасында, балалары кәмелет жасқа толмаған. 20 пайызында ерлі-зайыптылар қатар қызмет етсе, қалған 20 пайыз жағдайда үйге табыс әкелуші – әйел адам. Сұраққа жауап берген әйелдердің 11,5 пайызы «жалғыз табыс көзі – менің зейнетақым не жәрдемақым» деген. Басқаша айтқанда, ауылдағы отбасылардың тең жартысында әйел адам табыс табушы рөлде.
Бір ауыл. Түрлі мүмкіндік. Зерттеушілер ауылдағы әйелдердің ұлттық ерекшелігіне де назар аударған. Мәселен, басқаларға қарағанда қазақ әйелдерінің ауылда өз баспанасына қол жеткізуге сенімі төменірек екен. Сондай-ақ қазақ әйелдері экономикалық жағдай туралы сұрақтарда көбіне «жауап жоқ» деген нұсқаны таңдаған. Бұл екі сауал ауылдағы қаракөз әйелдердің шалқып жүрмегенін және қаржылық сауаты да жоғары болмай тұрғанын көрсетіп тұр. Есесіне, орыс ұлтының өкілдері өздерінің сатып алу қабілетін орташа немесе орташадан жоғары деп жиі бағалаған. Бірақ сол орыс және басқа да ұлыс өкілдері ауылда әйелдердің жұмысқа орналасуында белгілі кедергілер бар деп есептейді. Бәлкім, мемлекеттік тілді меңгермеуі бюджеттік мекемеге орналасуына тосқауыл шығар?
Жауаптардағы айырмашылық тек ұлттық ерекшелікте ғана емес, өңірлерге де байланысты екен. Ол түсінікті де. Кейбір аудандарда кәсіпкерлік пен өндіріс қатар дамыса, басқалары әлі де республикалық бюджеттің дотациясында отыр. Сәйкесінше, ол аймақтарда ахуал кісі қуанарлықтай жағдайда емес. Мәселен, орталық және шығыс өңірлердің тұрғындары ауыл әйелдерінің жұмыспен қамтылуында қиындықтар бар десе, солтүстік және батыс облыстарда ауыл әйелдерінің қаржылық табысқа қол жеткізудегі мүмкіндіктері жоғарырақ деп есептейді.
Ел асуға асығады. Ауылдағы жағдайға көңілі толмай, өзге облысқа немесе елдерге қоныс ауыстырғысы келетіндер де бар. Олардың үлесі – 64 пайыз. Яғни, тым жоғары әрі алаңдатарлық жағдай. Мүмкіндік туса, мекенжайын өзгерткісі келетіндер көбіне Жамбыл, Павлодар және Батыс Қазақстан облысында жиі кездеседі. Ал миграция мәселесін мүлде қарас-тырмайтын әйелдер (85%) Түркістан облысында тұрады. Ауыл әйелдері негізінен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына көшуді құп көреді. Ресейге бет алуды да жоспарлап жүргендер бар. Мекен ауыстыру көбінің көңіліндегі ой болса да, нақты шешім қабылдағандар аздау. Көшетіндер – негізінен жастар. Ал отбасылы, бюджеттік мекемеде қызмет ететіндер әзірге түйіншегін даярлап отырған жоқ. Жалпы, былтыр Қазақстанды 45 мың азамат тастап кеткен. Оның басым бөлігі Ресейге бет алыпты.
Ауылда жұмыс аз. Сондықтан сұраққа жауап қатқандардың 15 пайызының отбасында бір адам қалада жұмыс істеп, нәпақасын сонда тауып жүр. Әсіресе, бұл еліміздің батыс өңіріне тән құбылыс. Батыс аймақтарда жұмыстың вахталық әдісі кең тарағаны белгілі. Бұл ретте жол шығыны табыстың едәуір бөлігін алуы мүмкін. Сауалнамаға қатысқандар-дың 59 пайызы ғана жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі (27%) – бюджеттік саладағы қызметкерлер. Тек ауыл әйелдерінің 17 пайызы жеке салада жұмыс істейді. Ауылдағы нәзік жандылардың шамамен 37 пайызы экономикалық тұрғыдан белсенді емес, 25 пайызы – үй шаруасындағы әйелдер, 12%-ы – зейнеткерлер.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық. 2017 жылы елімізде тіркелген барлық қылмыстың 38 пайызында әйел адам зардап шеккен екен. Ең жиі кездесетін қылмыс – үйдегі зорлық. Бұл заңбұзушылық ауылда және оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Онда әрбір екінші әйел аталған қиыншылыққа тап болады. Алайда ұят, ағайын бар деп, күйеуіне материалдық тұрғыда тәуелді болып, басындағы базынасын полицияға жеткізбейді. Өкінішке қарай, ауыл әйеліне қол көтергендер ғана емес, тіпті қыз-келіншектерді зорлағандар да түрлі себеппен жазасыз қалатын көрінеді. Осылайша, ауылдағы «жабулы қазан жабылып» қала береді. Ал мұндай қиын шақта көмекке келетін елдегі әйелдерге арналған 28 дағдарыс орталығының барлығы дерлік не бас қалаларда, болмаса облыс орталықтарында жайғасқан. Сол себепті ауылдағы әйелдердің олармен байланысып, көмек алуы қиындай түседі.
Тағдыры сан алуан ауылдағы әйелдердің айтылмаған, алайда күнделікті күйбең тіршілігінің бір бөлігіне айналған жоғарыдағы түйткілдері аз емес.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА