Қазақстанда әйелдерге қандай бизнес ашқан тиімді? Іскер әйел қандай болуы керек? Әйел затының бақыты мен құқығы, қоғамдағы орны мен алар үлес-еншісі қандай? Жалпы, бақытты бизнестен табу мүмкін бе? Бұл сауалдарға бір сөзбен жауап беру қиындау. Дегенмен соңғы жылдары еліміздегі қыз-келіншектердің дені кәсіпкерлікпен айналысуға көбірек ден қоя бастағаны байқалады. «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы шағын және орта бизнес (ШОБ) саласында әйелдердің 60%-ы жұмыс істейді. ШОБ мемлекетіміздің ЖІӨ-нің 30%-ын қамтамасыз етіп отырған әлеуеті өте зор сала. Жоғарыдағы көрсеткішті экономикасы дамыған бақуатты елдердегі жағдаймен салыстырар болсақ, АҚШ-та шағын және орта кәсіпкерлікте әйелдер – 52%, Германияда – 50%, Жапонияда – 55%. Бұдан бөлек, қазақстандық қыз-келіншектер еңбегі еліміздің ЖІӨ-нің 40% беріп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Өйткені біздегі халықтың экономикалық белсенді бөлігі 9 миллионның үстінде десек, оның 4,2 миллионы нәзік жандылар. Дегенмен техникалық салада ер адамдар көбірек жұмыс істесе, экономиканың өзге секторларында, мәселен, банк ісі, қызмет көрсету, мейрамхана және қонақүй бизнесінде әйелдер белсенді қызмет етіп жатыр. Әйелдер кәсібінің негізгі бөлігі – жеңіл өнеркәсіп және онда жұмыс істейтіндердің 90%-ы қыз-келіншектер. Биылғы 20 ақпанда Алматыда өткен Women in Business форумында Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова кеңес құрамындағы 1 725 кәсіпкердің көбі көпбалалы ана екенін айтты. Оған қоса, форумға қатысқандар Алматы қаласындағы кәсіпкерлердің 43% нәзік жандылар екенін, ол өз кезегінде мегаполистегі ШОБ-тің қарыштап дамуына себепкер болуда. Women in Business форумында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» төрайымы Ләззат Ибрагимова бір қызық деректі ұсынды. Елімізде несие рәсімдегендер арасында әйел заты ерлерге қарағанда оны уақытында қайтаруға әрі мерзімінен бұрын жауып тастауға бейім болады екен. Оның үстіне, әйелдер ерлерге қарағанда аз сома мөлшерінде несие рәсімдейді. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, NPL деңгейі (90 күннен асып кеткен қарыздар) әйелдер арасында 3,9% болса, еркектерде – 4,9%. Демек, әйелдерді банктер де ұнататын болса керек. Әйтсе де, әйелдің еңбегін әділ бағалауда әлі де алалау бар екені жасырын емес. Бұл, әсіресе жалақы беру ісінде байқалуда. Korn Ferry компаниясы мен HR-зерттеу ұйымының дерегінше, ер мен әйелдің еңбекақысында алшақтық бар. Мәселен, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында әйелдер еркектерден 45% аз айлық алса, қонақүй және мейрамхана бизнесінде айырмашылық – 40,1%. Дегенмен текстиль өнімдері саласында қыз-келіншектер ерлерден 37,5%-ға жоғары жалақы алады екен. Статистика комитетінің 2017 жылғы дерегіне сүйенсек, жұмыс істейтін әйелдердің жартысынан көбі (52,5%) 90 мың теңгеден аз ақша алған. Ал ер адамдарға шаққанда бұл көрсеткіш 38,9% көлемінде болған. Оған қоса, жұмыспен қамту көрсеткіші де қыз-келіншектерді жарылқай алмай отыр. Республикада әйелдер арасында жұмыссыздық – 5,5%, еркектерде – 4,4%. Десе де, қазіргі күні қоғамның қай саласын болмасын әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес. Сонау 90-жылғы тоқырау кезеңінде де ер-азамат жұмыссыз қалып, дағдарған тұста қазақ әйелі тез ес жиып, «қара қазан, сары баланың» қамымен атқа мінгенін білеміз. Ел экономикасының еңсе тіктеуіне де әйелдердің үлесі үлкен. Қазір қызмет көрсету саласында түрлі кәсіп көзін ашқан нәзік жандылар тұтас бір саланың дамуына мұрындық болып отыр. Сөзімізді қорытындылай келе, бизнесте жүрген Аруларды төл мерекесімен құттықтап, еңбегіне табыс тілейміз. Дастан ДУМАН
ТОП-МЕНЕДЖЕР АРУЛАР