Онда депутаттар «Органикалық өнімдерді өндіру және оның айналымы туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінің бірлескен кооперациялық жобаларын жүзеге асыруға қаржылық көмек көрсету туралы және Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы екі хаттаманы ратификациялады.
Жұмыс тобының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров «Органикалық өнімдерді өндіру және оның айналымы туралы» заң мен оған ілеспе түзетулер туралы баяндама жасады. Ол жобаны депутаттар органикалық өнімдерді өндіру және айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ оны органикалық өндірістің халықаралық стандарттары мен тәжірибесімен үйлестіру мақсатымен әзірлегенін айтты.
Негізгі заңда органикалық өнімдерді өндіруге көшу шарттары, оларды өндіруге, айналысқа және таңбалауға қойылатын талаптар қарастырылады. Сондай-ақ органикалық өнімдерді есепке алу мен қадағалау жүйесі және оларды өндірушілердің тізілімі жасалады. Баяндамашының айтуынша, өзгерістер органикалық өндірісті сұраныстар мен өткізу нарығының қалауына байланысты таңдалған стандарттың талаптарына сәйкестігін сертификаттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте сертификаттау объектілерінен органикалық өнімдер алынып тасталады, тек өндіріс процесі ғана сертификатталады.
«Органикалық өнімдерді сату кезінде де бақылаулар енгізіледі. Бұл тұтынушылардың құқықтары мен халықтың денсаулығын қорғауға, «органикалық» деп сатылатын органикалық емес өнімдер айналымының жолын кесуге, отандық органикалық өнім өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азаматтарымызды адастыратын импорттаушылар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға көмектеседі», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Ілеспе жобада сәйкестік сертификаты құнының 50 пайызын субсидиялау және органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау көзделген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерде жергілікті атқарушы органдарда бақылаудың тиісті функцияларын алып тастауға байланысты органикалық өнім өндіру саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік алынып тасталады. Осылайша, органикалық өнімді өндіру және оның айналымы жөніндегі қызмет мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылаусыз қалмайды. Оны сәйкестікті растау, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.
Талқылау нәтижесінде депутаттар заңдарды екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.
Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларын іске асыруына қаржылық көмек көрсету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Құжат жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Оның айтуынша, одақ шеңберінде өзара инвестицияларды арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс активтерінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін қаржыландырудың жаңа форматы әзірленген.
«Қаржылық жәрдемдесу механизмі 5 жыл мерзімге пилоттық режимде бекітіледі. Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін жалпы соманың 10 пайызы қаржыландыру көзі болады. Бір жобаға субсидияның максималды көлемі жылына 1,890 млрд теңгені құрайды. Қаражат Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттердің ұлттық қаржы ұйымдарына және Еуразия даму банкіне базалық мөлшерлеменің 100 пайыз көлемінде субсидия түрінде беріледі», – деді Қ.Шарлапаев.
Бұдан соң депутаттар Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей үкіметаралық келісіміне түзетулер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев хаттамада транзит көлемі, тарифтер және мұнай транзиті үшін есеп айырысу қарастырылғанын айтты. Сондай-ақ жыл сайын 10 млн тонна көлемінде Ресей мұнайы транзитімен келісімді 10 жылға ұзарту көзделді. Бұл ретте мұнай айдау тарифі тоннасына 15 доллар болып бекітілді.
«Осы хаттаманы қабылдаудың еліміз үшін тиімді тұстарын атап өткім келеді. Біріншіден, Қазақстан Ресей мұнайын алмастыру арқылы өз мұнайын сатуға мүмкіндік алады. Екіншіден, Ресей мұнайын Қазақстан арқылы тасымалдау үшін елге жыл сайын 171 млн АҚШ доллары түседі. 10 жылда бұл 1,7 миллиардтан асады. Үшіншіден, Павлодар мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты артады», – деді жұмыс тобының жетекшісі Вера Ким қосымша баяндамасында.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 16 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-Министрге жолдаған сауалында делдалдар компанияларды жою туралы ұсыныс айтты.
«AMANAT» партиясы өз сайлауалды бағдарламасында ескі Қазақстанның жүйесі болған барлық деңгейдегі делдалдарды жоюды іске асыруды негізге алып отыр. Осыған дейін аманаттықтар, газ және теміржол саласындағы «прокладка» ұйымдарды реттесе, енді электр энергетика саласында тәртіп орнататыны анық. Өйткені сайлаушылармызбен кездескенде олар бізге электр энергиясының тарифтерін негізсіз көтеріп отырған, ел аузында «ЭСО» деп аталып кеткен, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тыйым салуды аманат етіп отыр.
Қазір дистрибьюторлық қызмет атқаратын осындай делдалдардың нарықта реттелетін және реттелмейтін екі түрі жұмыс жасап отыр. Ұлттық оператор KEGOC-тың мәліметі бойынша, еліміздің тұтынушыларына жіберілетін электр энергияның 18 пайызы тарифі осындағы реттелмейтін жүздеген «ЭСО»-лар арқылы сатылуда екен. Яғни, делдалдар арқылы миллиардтаған қаржы өтеді. Біздің болжамды есебіміз бойынша әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді екен. 120-дан астам реттелмейтін ЭСО-лардың бір жылдық таза табысы кемі 150 миллиард теңгені құрайды. Бұл әзірше болжам цифрлар, нақтысын ешкім білмейді. Өйткені бұлар ешкімге есеп бермейтін, тек делдалдық қызмет арқылы кеңседегі азғантай ғана қызметкерлерімен, халықтың адал табысынан миллиардтап қаржы тауып отыр. Сорақысы, бұл ұйымдардың балансында бір метр электр желісі, тіпті электр бағаны мен трансформаторы жоқ. Бұл не деген батпан құйрық?!» – деп ашынды депутат.
Оның айтуынша, кейбір өңірлерде делдалдардың тарифіндегі таза пайда бір кВт сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал Қазақстандағы ең ірі Екібастұз 1-ші электр стансасының 1 кВт сағат электр энергиясын өндіру тарифі 8 теңгені құрайды. Делдалдар ештеңе өндірмей-ақ стансалармен салыстырғанда кемі 3 есе пайда көріп отыр. Қынжылтатыны, сол таза табыстарынан энергетика саласына бір тиын инвестиция салмаған. Тіпті, бірде-бір есептегіш құрал да орнатпаған. Тірліктері тек қана қалтаны томпайту, пайда табу. Мәжілісте олигарх топтардың делдалдық ұйымдарының ашық қарсылығына қарамастан «прокладка» ұйымдарды жою бойынша нақты заң нормасы дайындалып, енгізілген. Ендігі кезекте делдалдардың артындағы олигархтардың әлеуетін және олардың биліктегі байланыстарын ескере отырып, Үкімет тез арада келесі нақты шешімдерді қабылдауы қажет.
«Делдал ұйымдарды нарықтан толықтай алып тастау. Электр энергетика нарығында делдалдарсыз жаңа құрылымға өту тәртібін әзірлеу. Тұтынушылар үшін ашық және әділ тарифтерді қамтамасыз ету және оларды қатаң бақылауға алу. 2023 жылдың шілдесінде энергетика нарығында арнайы бірыңғай сатып алу моделі енгізіліп, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметі онсызда мағынасын толығымен жойды. Ендігі кезекті осы мәселені Мәжілісте заңмен бекітіп, ал Үкімет нақты іске асырушы механизмдерді жасақтап, орындауы тиіс», – деді Еділ Жаңбыршин.
Ал өз кезегінде депутат Аманжол Әлтай Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жұмажанов ауылының тұрғындары ауыл іргесіндегі таяқ тастам жерге төгілген мұнай қалдықтарынан зардап шегуде екенін жеткізді. Елді мекеннен небәрі 500 метр жердегі мұнай қалдықтары төгілген полигонның залалын ескертіп тұрғындар дабыл қаққалы көп болған екен. Бірақ өкінішке қарай, қарапайым халықтың талап-тілегімен ешкім санасар емес.
«Ауыл халқының тынысын тарылтып, тамағын қырнаған мұнай қалдықтарының жағымсыз иісі тұрғындардың мұңына айналуда. Денсаулығына алаңдаған жұрттың жанайқайын СЭС мамандары да, экологтер де назарына алмай келеді. Ауа райының күрт жылынуы себепті кеше сол мұнай қалдықтарын жинақтайтын полигонды су басып кетті. Қар суымен араласқан зиянды мұнай қалдықтары Сарысу өзенінің арнасына құйылса, оның экологиялық залалы үлкен болмақ. Суда жүзген балықтың, жүгірген аңның, жұттан қалған азын-аулақ малдың қырылуына себеп болуы бек мүмкін. Сол себепті халықтың келесідей талап-тілектерін шұғыл орындау қажет. Біріншіден, дереу су ағып жатқан аумақта мұнай қалдықтарының төгілу дәлелдері анықталсын. Арнайы комиссия құрылып, сараптама жүргізу қажет. Екіншіден, ауыл тұрғындарының денсаулығына зиян келтіріп отырған іргедегі мұнай қалдықтары полигоны жабылсын. Үшіншіден, тексеріс нәтижесінде заңбұзушылық анықталған жағдайда өндірістік мұнай тасымалдау мекемесіне қатаң шаралар қолданылсын», – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИ