ЭКСПО халықаралық көрме орталығында өткен «Наурыз базары» шығыс жәрмеңкесі дүбірлі думанға толы болды. Таудың етегіндегі кең жайлаудағы қазақ ауылы іспетті безендірілген көрме алаңында еліміздің түпкір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден келген шеберлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдарының жәрмеңкесі өтті.
«ЭКСПО алаңындағы көрме орталығының іші жылы, келушілерге қолайлы барлық жағдай жасалған. Әсіресе, балалардың асыр салып ойнап, уақытын көңілді өткізуі үшін арт бұрыштарды жасақтадық. Далада ең мықты аспаздар шығыс тағамдарының фестиваліне қатысып жатыр. Оннан астам елден келген қолөнер шеберлері «Наурыз базардың» көрігін қыздырып, сән-салтанатын асырды. Өзбекстаннан келген шеберлер керамикалық ыдыстар, әзербайжандықтар кілемдер, ирандық шеберлер қалайы мен мыстан жасалатын галамзани кәдесыйларын әкелді. Қала тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкеден өздерін қызықтырған шетелдік бұйымдар және отандық фермерлер өндірген кәдесыйлар, азық-түлік алуына болады. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлернен жарыстар ұйымдастырылды», – деді «Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.
Этностильдегі жәрмеңкеде отандық кәсіпкерлер әкелген өнімдердің де түр-түрі көп екен. «Бір ауыл – бір өнім» деп аталған отандық өнімдер жәрмеңкесінде сабынның түрін сатып тұрған кәсіпкермен сұхбаттасқан едік. Өзін Арсена Кушжанова деп таныстырған кәсіпкер жантақ және ешкі мен түйе сүтінен емдік қасиеті бар сабындар жасайтынын айтты. Экологиялық таза өнімнің құрамында химиялық қоспалар жоқ.
– «Кушжанова Арсена «Aralorganik» СМ» ЖК өндірісінде сегіз түрлі сабын шығып жатыр. Басында 11 түрлі сабын шығарғанбыз. Жантақ шөбінен жасалған сабын, өзіміз ойлап тапқан, авторлық өнім. Ал ешкі түйе сүтінен жасалған сабындар дәстүрлі әдіспен жасалады. Сабын түрлері құрамына қарай аллергияға, бактерияға қарсы, іріңді жараларды жазуға көмектеседі, теріні ылғалдандырады. Үкіметтен субсидия қарастырылған. Қызылорда облысы Атамекен палатасы басшыларының қолдауымен «Бір ауыл – бір өнім» мемлекеттік жоба аясында жергілікті өнімді өндіруді қолға алдым. Қазір Қызылорда, Астана, Павлодар Алматы өңірлерінен көтерме бағада алушылар көп, – деді жеке кәсіпкер Арсена Уланова.
Жәрмеңкеде бұдан бөлек, өз өнімдерін, жұмыстарын таныстырып, сатуға қойған отандастар өте көп. Біреуі қымыз, саумалдан жасалған балмұздағын ұсынса, тағы біреуі этностильдегі киімдердің, зергерлік бұйымдардың, керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттардың, кәдесыйлардың жаңа таңдаулы топтамаларының саудасын қыздыра түскен.
Көрме алаңының іші мен сырты да Наурыз думанның көркін аша түскен өнерпаздардың ән-күйімен, әсем биімен өрнектеліп, көпшілікке мерекелік көңіл сыйласа, әріректе шығыс тағамдары фестивалі ұйымдастырылып, халық Наурыз дәмінен ауыз тиіп жатты. Ұлттық спорт түрлерінен бұқаралық жарыстар өткізілді. Open space аймақтарында балалар сурет салу, қыш жасау өнері, қазақтың ұлттық аспаптарында ойнау, мүсіндеу секілді шығармашылық өнерлерін сынға салды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Наурыз базары» жәрмеңкесіне 90 мыңнан астам адам қатысқан. Ел өңірлерінің фермерлері азық-түлік жәрмеңкесінде 300 тоннадан астам өнім сатты, оның ішінде ет, көкөністер мен жемістер, бал және тағы да басқа өнімдер бар. Жәрмеңкенің үш күнінде 4,5 тонна палау, бір тонна наурыз көже және 10 мың кебаб таяқшасы дайындалды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ