Анар Фазылжан: Ұлттық құндылықты тілімізден іздеген жөн

15 наурызда Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­­ғалығымен Атырау қа­ласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен болатын.

Биылғы жиында жалпыұлттық құндылықтар, елдік сана, мемлекеттік мүдде жайында көбірек мәселе қозғалып, ұсыныс-пікірлер талқыға салынды. Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Ұлттық құрылтайдың мүшесі  Анар Фазылжанды әңгімеге тартқан едік.  

– Анар Мұратқызы, таяуда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік идео­логияны орнықтыруда  зиялы қауымның, ғалымдардың айрықша рөл атқаратынын айтты. Осыған қатысты ойыңызды білсек деп едік?

– Өткен құрылтайда Президент біздің қоғамымыздың рухани саламаттылығын сақтау үшін қажетті аса маңызды мәселелерді көтерді. Оның ішінде есірткіге, лудоманияға қарсы, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, отбасындағы қатыгездікпен күрес сияқты қоғамды мазалап отырған мәселелер бар. Бұлардың барлығының шешімі жалпыұлттық құндылықтарды нығайту мен күшейтуде жатыр. Енді осы «жалпыұлттық құндылықтар дегеніміз не?» деген сауалға тілтанушы көзқарасы тұрғысынан нақты, бейнелі жауап беруге тырысып көрейік. Мәселен, бөлмеге үлкен кісі кіріп келді делік, егер сіз төрде отырсаңыз, орныңызды бересіз. Сізді мұндай әрекет, қимыл-қозғалысқа итермелеп тұрған не? Ол – қазақ тіліндегі «төр» деген сөздің мағынасын білуіңіз, астарындағы мазмұнды түсінуіңіз. Егер қазақ тілін, ондағы «төр» деген сөздің мағынасын, төрде жасы үлкен, қадірлі ақсақалдың отыратыны туралы мәліметті білмесеңіз, онда сіз мұндай қимыл-қозғалыстарды жасамайтын едіңіз. Яғни, бұл жердегі жасы үлкен кісіні сыйлау, құрметтеу деген құндылықты қазақ халқы «төр», «ақсақал», «үлкенге төрден орын беру», «төрде отыру» сияқты тағы басқа осындай тілдік бірліктердің мазмұнына сақтап қойған.

Демек, үлкенді құрметтеу құндылы­ғының өзінің тілдік концептілері болады. Концепті дегеніміз – танымның ең кіш­кентай бірлігі. Тілдік концепті дегеніміз – сол танымының ең кішкентай бірлігінің тілдегі сөз, фразеологизм, мақал-мәтел, тағы басқа бірлік түріндегі көрінісі. Міне, сондықтан жалпыұлттық құндылықтар туралы әңгіме қозғаған кезде тілге тоқ­талмай кету мүмкін емес. Осы жерде зиялы қауымның, әсіресе тілтанушы ғалым­­дар­дың атқаратын рөлі зор деп айтар едім. Бүгінгі күні адамзат баласы қандай қо­­ғамға айналды? Жаһанданудың әсерімен бүкіл адамзат қазір бір ғана қоғамда – жаһаниятта өмір сүріп жатқандай көрі­­­неді. Егер бұған дейін әртүрлі мәдениет, түрлі өркениеттің шекарасы айқын көрініп, өзіндік ұстанымы, ерекшелігі оқшау әрі айқын білінетін болса, бүгінде олар өзара араласып, жаһандық өкілінің барлығына тән ортақ қасиеттер күн сайын артып, барлық ұлт пен ұлыстың жалпы­­ланып келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл қандай жалпы­лауыштар? Олардың әсері оң ба, теріс пе? Оларды зиян деп бағалай салуға болмас, бірақ пайдасымен қатар кеселі де аз емес. Ол компью­­­тер­­­бастылық, уақыттың тапшылығы, цифр­лық, клиптік сананың қалыптасуы, ойлан­­­дырмайтын, адамның бірмезеттік қана қызығушылығын туды­руға қызмет ететін гедонистік ақпарат тас­­қыны, нақты вер­­бал­ды, сөзбе-сөз, көз­бе-көз комму­ни­­­ка­­­ция­­ның азаюы, виртуал­ды комму­никация орнының күн санап кеңеюі әрі сол вир­­туал­­ды комму­ника­цияның әдеп нормала­­рының сақтал­мауы, жүйеленбеуі, тіпті керек десеңіз, қалыптас­пауы, тұтыну­­­шы­­лық сана мен комфорт қуудың жайлап кетуі, міне осындай құбы­лыстар қазір барлық жаһан өкілдерінің, жалпы барлық елдердің басында бар. Сонда комфорт қуған, компьютербасты, тек тұтынуды көз­­­­дейтін қоғам болашақта қандай бола­­­ды? Ол қоғамда жалпыұлттық, тіпті жал­­­пыадамзаттық рухани құндылық­тар сақ­­тала ма, сақталу керек пе? Әрине, сақталуы керек.

– Ол үшін не істеуіміз керек?

– Ең алдымен, сол құндылықтардың жоғарыда мен айтқан тілдегі көріністерін жұртшылыққа таныстыру. Мәселен, жалпыұлттық құндылықтардың ұлттық тілдегі көрінісі бірде сөз, бірде мақал, бірде тіркес, бірде фразеологизм түрінде болады. Бұл тілтанушылардың ғана зерттейтін немесе олардың ғана насихаттайтын дү­ниесі емес. Мұндай білімдер, барлық пәндерде көрініс табуға тиіс. Мысалы, табиғат құбылыстары туралы, жер бетінің жамылғысы туралы, яғни өсімдік әлемі атаулары, жан-жануарлар дүниесі, адам­дар­дың өзара қарым-қатынасы туралы, адамдар арасындағы сыйластық, әдеп, этикет, ахлақ мәселелері туралы қаншама білім осы тілдік бірлікте «консервіленіп», ғасырдан ғасырға өтіп отырды. Бұлар сон­­­дық­тан да жалпыұлттық құндылықтар деп аталады. Жалпыұлттық құндылықтарды көрсететін білімдер жүйесін қазіргі оқу­­­лық­­­тарға жүйелі түрде енгізу уақыты әлдеқашан келді. Қарапайым бір мысалын келтірейін, Президентіміз үнемі айтып жүрген заңды құрметтеу, ахлақты жоғары қою, еңбек адамын сыйлау, әлсіздерге көмек көрсету, қайырымдылық, адал та­­­быс­қа ұмтылу сияқты қасиеттер жал­пы­­ұлт­­­тық құндылықтар арқылы қалыпта­са­ды. Мұны жас ұрпақ санасына сіңіретін, орнықтыратын құрал – білімдер жүйесі. Ол білімдер жүйесі тілдік бірліктер­де сақта­­­лады және тілдік бірліктер арқылы санаға барып қонады. Мысалы, қазақта «Сары қарын бәйбіше» деген тұрақты тір­кес бар. Бұл – отағасының жастайынан отасып, бірнеше бала сүйген жары ғана емес, әулеттің үлкен құндылығы, құты деген де мағынаны, құндылықты білдіретін тілдік бірлік. Ер азаматтың басына қонған бағы. Егер ол сары қарын бәйбішесін бағаламаса, қадірлемесе, құрметтемесе, онда бүкіл әулеттен береке кетеді, ер-азаматтың, отбасының құты қалмайды. Мұны біз халық аузында сақталған көп­теген аңыз, әңгімелерден білеміз. Оның не­гізгі сюжетінде мына бір оқиға жатыр: жаугершілік заманда бір батырдың соңына түскен жаулары оны қуып келе жатып, жолында төңкеріліп жатқан ба­тырдың қазанын көреді. Оны алып әрі қарай қуады, алдарынан төңкеріліп жатқан шаңырағын көреді. Сонда да тоқтамай қуып, бір төбеден асқанда сары қарын бәй­­бішесінің отырғанын көреді. Сол кезде қуғыншылардың ішіндегі біреуі «мұны енді әрі қарай қуудың қажеті жоқ, сүлде­рінен басқа ештеңесі қалмады, бұл өлімнен бетер қиын күйге түсті, далада қаңғып, абыройсыздықпен өледі» дегенді айтқан екен. Себебі қара қазанын төңкеріп кет­кені, мен өзімнің өмірім үшін сіздерге несібемді бердім дегені, шаңырағын төң­керіп кеткені – әкемнен қалған шаңы­рақты, барлық мұрамды бердім дегені, ал сары қарын бәйбішесін қалды­рып кет­кені – бүкіл әулетімнің абыройы­нан, ба­ғы­нан, дәулетінен айырылдым дегені деп айтқан екен. Міне, тілдегі осы бір ғана тір­кес қаншама ақпаратты беріп, отбасы­ның, оның ішінде ананың, сүйікті жардың, әйелдің құнды­лығын көрсетіп тұр. Осы тұста мұндай білімдерді жинақтап, жүйе­леуде, оқулықтарға енгізуде, көпшілік ал­дын­да насихаттауда ғалымдардың рөлі өте зор. 

– Сіз Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстандағы барлық оқулықтың контентін, осындай ұлттық білім жүйесімен толықтыру жөнінде ұсыныс айттыңыз. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз?

– Мысалы, сұлулық деп алайық, ол да құндылық. Ал қазақта сұлулықты көрсе­тудің өзіндік символдары, эталонда­ры бар. Мысалы, сұлу қызды «он төртінші айдай көркем» дейді. Бұл жердегі «он төртінші ай» деген жаңа туған айдың он төрт күннен кейінгі дөп-дөңгелек болып тұрған кезі. Бұл – қазақта айдың жаңасы. Дөңгеленіп тұрған ай он үш-он төрт күннен кейін азайып, қияқтанып жоқ болады. Бұл кезеңді «ескі ай» дейді. Яғни, он төрт күн жаңа ай, толған ай, он төрт күн ескі ай – бір айлық цикл. Қазақтың «ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деген тілегі бір ай бойы өзіне жақсылық сұрау дегенді біл­діреді. Он төртінші айдай көркем деген сөйлемнің мағынасын, мазмұнын кезінде барлық қазақ білген. Оның астарында жердің серігі, аспан денесі туралы нақты, рационалды халықтық астрономиялық білімдер жатыр. Мұндай білімдермен біз оқулық мазмұнын толықтырсақ, бір жағы табиғат, адам, қоғам туралы өз ұлтымыздың ғасырлар бойы жинақтаған, білімдерін, олардың ішінде басқа ұлт байқай қоймаған терең мазмұнды қалтарыстар да болады, балаларға үйретеміз. Екінші жағы, құнды­лықтарды бойларына сіңдіреміз.

– Мемлекет басшысы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік сая­­саттың басты бағыты әрі мызғымас ұстанымы болып қала беретінін айтты. Өзіңіз басқаратын Тіл білімі институты мемлекеттік тілді дамытуда нақты қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр? 

– Президентіміз қазақ тілін дамыту үшін нақты іске көшетін уақыт келді деді. Біз осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, виртуалды кеңістіктегі қазақ тілін, виртуалды тіл білімін дамытуды қолға алдық. Себебі қазір барлық өмір реалды кеңістікте ғана емес, оның проек­циясы болып табылатын виртуалды кеңіс­тікте де өтіп жатыр. Қазақ тілінің өмір­шеңдігі, болашағы үшін оның виртуалды кеңістікте контентін көбейту, жақсарту керек. Осыған байланысты Тіл білімі институты қазақ тілінің ақылды мәтіндер базасын жасады. Ол Қазақ тілінің ұлттық корпусы (www.qazcorpus.kz) деп аталады. Сайт кез келген пайдаланушыға тегін қолжетімді. Мұнда тілдің барлық стилі бойынша жинақталған, жалпы көлемі шамамен елу миллион сөз қолда­нысқа жететін «ақылды» мәтіндер берілген. Мә­тін құрамындағы кез келген сөздің тілта­нымдық паспорты жасалған. Мысалы, сіз сол ресурсқа кіріп бір сөзді іздейтін болсаңыз, сол сіз іздеген сөз қолданылған барлық контекст және олардың дереккөзі туралы ақпарат шыға келеді. Ол сөздің сөйлем ішіндегі түрленіміне түгел талдау жасалады. Қазір ұлттық корпустың негізгі, тарихи мәтіндер, мәдени-репрезентативті (қазақ мәдениеті өкілдері үшін түсінікті), Ахмет Байтұрсынұлы мәтіндері, ономас­тикалық, мақал-мәтелдер, жарнама мәтін­дері, қазақ-орыс параллель мәтіндер, оқу мәтіндері, ауызша мәтіндер, диалек­тілік, жазушы мәтіндері, фразеологизмдер сияқ­ты оннан астам ішкорпусы іске қосылып, халыққа тұтынуға беріліп тұр. Тағы да бірнеше ішкорпус әзірленіп жатыр. Кор­пус – тек тілді оқып үйренем деуші­лерге ғана емес, кез келген сала маманы үшін де аса пайдалы ақпараттық-инно­вациялық құрал. Өз саласына қатысты қандай да бір тілдік қолданысты іздеу арқылы сол сөздің немесе қолданыстың қандай авторда, қандай дереккөзде пайдаланылғанын түгел көре алады және сөз мағынасы, оның уақыт өте келе қалай түрленгені туралы да ақпаратты біледі. Бұдан да басқа толып жатқан алуан түрлі ақпараттарға қол жекізеді. Сондықтан мұндай жобаларды дамыту аса маңызды. Мәселен, Ресейдің Яндекс компаниясы о баста орыс тілінің ұлттық корпусын әзірлеумен айналысты. Ал бүгінгі күні сондай үлкен тәжірибенің арқасында Яндекс тұтынушымен вербалды коммуникацияға еркін түсе алатын жасан­ды интеллект Алисаны шығарып отыр. Біздің де өзіміздің жасанды интел­лектіміз болу үшін мұндай корпус­тардың үздіксіз дамытылып, жетілдіріліп отыруы қажет. Институт болашақта осы істі тоқтатпайды. 

– Былтыр Түркістанда өткен құрылтайда сіз қазақ тілі цифрлық кеңістікке шығуы керек деген пікір айттыңыз. Осы жұмыс­тардың атқарылу деңгейі жайында айт­саңыз?

– Қазақ тілін цифрлық кеңістікке шығару мәселесін Президентіміз де өткен құрылтайда атап өткен болатын. Институт осы кезеңде цифрлық ресурстар әзірлеу жұмысын қарқындата түсті. Бұл жұмыстар Институтта XX ғасырдың 90-жылдарының соңында профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың іргелі ғылыми-зерттеулерінде бастау алған еді. Ол кісінің шәкірттері және Институттың басқа да сала маман­да­ры іргелі зерттеулердің нәтижесін пайдалана отырып, түрлі цифрлық ресурс әзірледі. Оның бірі – ұлттық корпус, ол туралы жаңа айтып өттім. Енді бірі – қазақ сөздік қорының картотекалық базасы. Қазақ сөздік қорының картотекалық базасы бұрын қағаз түрінде ғана қолданыста болып, Институттың қоймасында сақтау­лы тұратын. Ол тек тілтанушы ғалымдарға ғана қолжетімді еді. Бүгінгі күні Институт біздің жетекшілігімізбен осы төрт жарым миллион қима қағаздан тұратын қазақ сөзінің Ұлттық қорын цифрландырып, үлкен сайтқа орналастырды. tbikartoteka.kz сайтына кіріп, өзіңізге қажет сөзді іздей­тін болсаңыз, сол сөзге қатысты карточ­каларда жазылған барлық контекстер сізге қолжетімді болып шыға келеді. Тілтанушы ғалымдар карточкаларды өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап, 1990 жылдың соңына дейін жиналған. Демек, кез келген қызығушыға қазір цифрлық кеңістік арқылы қолжетімді. Сол сияқты Институт қазақ мәтінін автоматты тану бағдарламасы бойынша да жұмыстарды бастады. Бұндағы көздегені – PDF сияқты нұсқадағы мә­тіндерді тірілту үшін Word-қа автоматты түрде аудару. Иә, қазір мұндай аударатын бағдарламалар бар, бірақ бір өкініштісі, оларда аударылған мәтінде қате өте көп кетеді. Ал қазақ мәтінін авторматты тану­дың жетілдірілген жүйесі әзірленетін болса, қате саны азаяды, сонымен бірге электронды кітапханалардың мәтіндерін оқырман үшін «тірілту» мүмкіндігі туады. Бұл жерде тірілту дегеніміз электронды кітапханаға кіріп, сіз оқып отырған кітап мәтінінің ішіндегі қандай да бір сөзді тінтуірмен бассаңыз, сол сөзге қатысты тілтанымдық немесе энциклопедиялық ақпараттар сізге қолжетімді болады. Міне, осындай бағдарламалар қазақ мәтінін автоматты тану жүйесі арқасында жаса­лады. Институт қазір осындай зерттеулерді жүргізіп отыр. 

– Қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп бизнесте, басқа салада қолданыла бастағаны байқалады. Ал ғылым, техника саласына тереңдеп енуіне не кедергі? 

– Ғылым мен техника саласына қазақ тілінің тереңдеп енуі үшін сол салада қазақ тілінде шығармашылықпен айналысатын, өз өнімдерін қазақ тілінде әзірлейтін ғалым­дар мен мамандар қажет. Ал енді мұндай ғалымдар көбею үшін, әсіресе жаратылыстану ғылым саласында ізденіс­терді қазақ тілінде жүргізетін зерттеушілер қатары арту үшін қоғамның ғылыми санасын көтеру аса қажет. Егер біз қоға­мының ғылыми санасын өзге тілде ғана қалыптастыратын болсақ, онда жалпы­ұлттық санамызға үлкен нұқсан келеді. Себебі ұлттық сана тұтас дүние сияқты көрін­генмен, ол бірнеше элементтен құралады. Ұлттық сананың тарихи сана, тілдік сана, діни сана, эстетикалық сана, құқықтық сана сияқты т.б. бірнеше түрі бар. Соның ішіндегі ең мықтысы – ғылы­ми сана. Егер ғылыми сана сол ұлт­тың өзінің тілінде қалыптаспайтын болса, онда сол ұлт өкілдерінің түсінігінде қазақ тілі, яғни олардың ана тілі ғылымның терең қалтарыстарын жеткізуге қауқарсыз тіл деген нигилистік сезім қалыптасады. Бұл өте қауіпті. Ал ғылыми сана ойсыраған ұлт қандай қауіптерге ұшырайды? Ең алдымен, деструктивті элементтер күшеюі, экстре­мистік сана белең алуы мүмкін. Себебі ғылыми сана бар жерде мұндай теріс құбылыстарға жол жоқ. Ал ғылыми сананы қалыптастыру үшін не істеуіміз керек? Ғылыми сана қай кезде қалыпта­сатынын ғалымдар айтып берген, ол баланың 9-12 жас аралығы, әсіресе сол кезеңде бала тұты­натын ақпараттардың ішінде ғылыми контентті, оның сапасын арттыру керек. Ғылыми ақпараттарды жасөспірімдерге қызықты түрде насихаттайтын телеарна­лар, интернет ресурстар, әлеуметтік желілердегі контент, мерзімді басылымдар аса қажет. Бір өкініштісі, мұндай дүниелер Қазақстанда тым аз десек болады. 

– Заманауи технологияның қолданыс мүмкіндігі жастар арасында қазақ тілінің таралуына да септігін тигізіп жатқандай. Дегенмен тіл тазалығын сақтауда, қазақ тілін дұрыс қолдануда қателікке бой алдыру қаупі жоқ па?

– Иә, заманауи технологиялар қазақ тілін насихатталуына, әсіресе жастар арасында кең таралуына септігін тигізіп жатыр. Бірақ виртуалды коммуникация, чат коммуникациядағы тіл мәдениетінің мәселесі тек қазақ тілі үшін емес, жалпы барлық дамыған тілдер үшін қазір өзекті болып тұр. Осындай нәрсеге жол бермеу үшін осы технологиялардың өзінде тіл нормаларын, тіл стандарттарын әдеби тілді, ресми қарым-қатынастағы кітаби стильдердің ерекшеліктерін насихаттауды жолға қою керек деп ойлаймын. Соңғы кездері әртүрлі интернет желілері арқылы қазақ тілінің нормаларын насихаттайтын алуан түрлі форматтағы өнім көбейді. Олар аудио, видео түрінде де, подкаст түрінде де таралып жатыр. Бірақ бір өкініштісі, сол аудио, видеоны жасаушы қауым осы нормаларды, әдеби тілдің нормаларын әзірлеп отырған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен тікелей байланыс орнатуға барлығы бірдей асықпай жатады. Мен осы орайда AIQYN газеті арқылы бір ұсыныс айтқым келіп отыр. Яғни, сіздердің осындай тіл жана­шырларының әрекеттеріне ерекше қолдау білдіре отырып, оларды бізбен әріптестікте жұмыс істеуге шақырамын.

– Мемлекет басшысы қоғамда түрлі пікірге өзек болып отырған Мемлекеттік нышандарды жаңғырту, Елтаңбаға өзгеріс енгізу жайлы ұсыныстарды да ескеріп, бұл мәселені көптің талқысына салып көруді айтты. Осы жайында көзқарасыңыз қандай?

– Президентіміздің құрылтайдағы Елтаңбадағы өзгеріс енгізу туралы ұсыны­сы қоғамда ең көп талқыға түсіп жатыр. Бұл мәселеге қатысты мамандардың жан-жақты терең сараптамасы қажет деп ой­лаймын. Бұған үлкен кәсібилікпен, үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Сол са­ланың, геральдика саласының және осын­дай нышандарды әзірлеуге қатысты басқа да барлық сала мамандарын тарта отырып, бұл мәселені асықпай қараған жөн деп санаймын.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Бауыржан БАЗАР