Бір өкініштісі, қатерлі ісік адамның жынысына және жас ерекшелігіне қарамайды. Жасы да, кәрісі де қауіпті індетке шалдығып, соңы қайғылы аяқталып жатқан жағдайлар азаяр емес.
Мәліметке сәйкес, 2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Сыр өңірінде қатерлі ісікпен аурушаңдық көрсеткіші ерлерге қарағанда әйелдер арасында 57,2 пайызға өскен. Ал дертке шалдыққан еңбекке жарамды адамдардың үлесі 59,2 пайызды құрап отыр. Бұл жайында бізге Қызылорда облыстық онкология орталығының директоры Нұржамал Мырзағалиева жан-жақты түсіндіріп өтті.
«Онкологиялық емдеу мекемесі Қызылорда облыстық медицина орталығының ғимаратында 22 жыл жұмыс істейді. Ол жерде бір палатада 8-10 емделушіге дейін жатып, ем алатын. Бөлімшелерде ыстық су қиындық туғызатын. Бертін келе орталықты өз алдына дербеc ғимаратқа көшіруге шешім қабылданды. Сол кезден бастап, жаңа ғимараттың айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Осылайша, ем алушылардың аурухана ауласында жасыл желектің саясында демалуына жағдай жасалды. Бір палатаға екі-үш емделушіден жатқызылады. Әр палатада жуынатын бөлмесі мен әжетханасы бар. Төсек-жабдықтары да жаңартылды. Бір сөзбен айтқанда, науқас жандарға барлық жағдай жасалған» – дейді орталық директоры.
Нұржамал Жұмағалиқызының айтуынша, биыл өңірде дертке шалдығу көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға өскені байқалады. Тек Сыр өңірі ғана емес, дүниежүзі бойынша да бұл індет кең етек алып тұр. Дерекке сүйенсек, әлем бойынша үш індет, оның ішінде онкология, қан тамырлары ауруы және жазатайым оқиға салдарынан көз жұму фактісі өршіп барады екен. Соның ішінде онкологиялық дерттің белең алуы үлкен мәселеге айналып тұрғанын ақхалаттылар да жоққа шығармайды.
Қазір онкологиялық ауруға байланысты үш түрлі скринг өткізіліп тұрады. Соның ішінде сүт безі, жатыр мойны, тік және тоқ ішек ауруларын ерте анықтау мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартады. Дәрігердің айтуынша, бұл тұрғыда сүт безі ауруы 40 пен 70 жас аралығынла әрбір екі жыл бойына зерделенеді. Ең бастысы, дертке душар болған адам дәрігердің нұсқауымен ем алып, белгіленген мерзімге дейін күтімде болса, ауруынан айығып кетуіне мүмкіндігі арта түседі. Өкінішке қарай, көптеген адам толық ем алмай, ауруын одан бетер асқындырып алатын жағдай жиі болады. Сырқатын мейлінше ерте анықтаса, оның қаупі де азайды. Дәрігерлер пікірі осыны меңзейді.
«Қазір орталықта науқас жандардың сапалы ем алуына барлық жағдай қарастырылған. Дәрігерлер тапшылығы да рет-ретімен шешіліп келеді. Бұған дейін реанимотолог маманның жетіспеушілігі болған. Алайда бұл дәрігер мамандардың да орнын толтырдық. Әлі де гематолог сынды бірнеше мамандық бойынша зәрулік бар. Мұны да шешу жолдары қарастырылып жатыр. Бұл дертке қарсы арнайы емханамыз да жұмыс істеп тұр. Дәрігерлер тапшылығы азайып, емдеу сапасының артуы нәтижесінде былтырдан бері дертке шалдыққан науқастарды қабылдау көрсеткіші артты. Яғни, науқас жандарды дер кезінде қабылдап, ем-домын тұрақты жүргізуге мүмкіндік кеңейді. Негізінен аты жаман қауіпті індеттен сақтанудың бірден-бір жолы – әрбір адамның салауатты өмір салтын ұстануы болып табылады. Бірінші кезекте, дұрыс тамақтану тәртібін сақтай отырып, қатерлі дерттен өз-өзін сақтай алады. Сырқаттың бастысы, халық дәрігерге үрке қарамай, кезең-кезеңімен толық тексеруден өтіп тұрған абзал. Бәрі де пациенттің ерте анықталу кезеңіне байланысты. Себебі ауру белгілерін неғұрлым ерте анықтасақ, қауіптің алдын алып, дертінен толық айығып кетуіне мүмкіндігі арта түседі еді», – деп орталық директоры дәрігерлік кеңесін білдірді.
Дәрігердің айтуынша, аурухананы қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етуде де қиындық жоқ. Бұл тұрғыда 2023 жылдың өзінде 300 млн теңгеден астам қаражатқа қажетті құрал-жабдық жеткізілген. Дәрі-дәрмек қоры да мол.
Ең қорқыныштысы сол, бүгінде онкологиялық аурудың жасару процесі жүріп жатқаны байқалады екен. Соның салдарынан балалар арасында да қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіштері бой көрсете бастапты. Дәрігерлер де бұл пікірді жоққа шығармайды.
Қауіпті індеттің Сыр өңірінде өршуін көп жағдайда аймақтың экологиялық ахуалымен байланыстырып жатады. Әсіресе, тұрғылықты халық құрғаған Арал теңізінен көтерілген тұзды шаң, «Возрождение» аралындағы бактериологиялық қалдықтар мен «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы зымырандардың зардабы адамның денсаулығына орасан қауіп тудырып жатыр деген пікірде.
«Қазір Сыр өңірінің экологиялық ахуалы, оның ішінде Арал теңізі тағдыры мен Байқоңыр ғарыш айлағының зардабы көпті алаңдатып тұрғаны жасырын емес. Оның ішінде Байқоңырдан ұшатын зымырандар бірнеше мәрте құлап, төбемізден улы гептиль жауды. Сол уақытта Ресей тарапынан да, Қазақстан тарапынан да жерімізді гептиль қалдығынан тазарту жұмыстарын экологтар өз деңгейінде жүргізген жоқ. Соның зардабын халық әлі күнге дейін тартып жүр. Ал Арал теңізінің аянышты тағдыры төрткіл дүниеге аян. Әрдайым Арал теңізінің экологиялық ахуалын қозғағанда, Байқоңыр қасіретін де ұмыт қалдырмауымыз керек. Бүгінде бір ғана Байқоңыр қаласының өзінде қатерлі індетке шалдыққандар аз емес. Бұл аурумен емдейтін мекеме облыс орталығында орналасқан. Соның салдарынан аурухана төсегіне жете алмай, үйінде көз жұмған науқас жандар көп. Соған орай әрбір дерт дендеп тұрған өңірден аурухана ашып, науқас жандардың уақытылы ем алуына жағдай жасалуы тиіс деп ойлаймын», – деп пікірін жеткізді Байқоңыр қаласының тұрғыны Кеңшілік Күзембаев.
Жергілікті жұртшылықтың пікіріне сәйкес, Сыр өңірінің, оның ішінде экологиялық ахуалы асқынған Арал маңы тұрғындарының денсаулық жағдайы нашарлай түскені компенсация түріндегі көмекпен өлшенбеуге тиіс. Бұл мәселені шешуде мемлекеттік деңгейдегі кешенді-комиссиялық зерттеулер, ақысыз емдеу орталықтарын ашу, емдеу жұмыстарын дереу қолға алу қажеттілігі туындап тұрғанын алға тартады.
«Тоқсаныншы жылдардың басында Арал өңірінде болған экологиялық қасіретке байланысты арнайы заң қабылданды. Бұл Арал тағдырына жанашыр азаматтардың толассыз күресі нәтижесінде қол жеткізілген жетістік еді. Бірақ бертін келе түрлі себеппен заң шеңберінде қаралған 70 пайызға шамалас жеңілдіктері алынып тасталды. Тек қаржылай компенсация көлеміндегі көмектер ғана қолжетімді болып қалды. Бұл Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық қасіретті жеңілдеткен жоқ. Есесіне түрлі ауру-сырқау кең етек жайды. 2020 жылы «Арал маңы тұрғындарының, гуморальды иммунитет көрсеткіштеріне экологиялық дағдарыстың әсер етуін» зерттеген Қарағанды мемлекеттік университеті Ішкі аурулар кафедрасы, ғалым мамандар Н.Ахметова, М.Газалиева, Л.Сексенова, Д.Абдикаликова, Г.Эбуова, Б.Кошкарбаева, О.Дедова, С.Мендибай, М.Бекмухамбетовалардың тұжырымы тіпті жаға ұстатады. Зерттеу нәтижесі Арал маңы аймағындағы әйел мен ер адамда әртүрлі жастағы E, M, A, G кластарының иммуноглобулиндерінің мөлшерін анықтауда айтарлықтай айырмашылықтардың бар екенін көрсетті. Оның ішінде экологиялық дағдарыс аймағындағы әйелде барлық төрт кластағы иммуноглобулиндердің көрсеткіштерінің төмен екендігін, ал осы аймақтағы ерлерде Ig E, M және G көрсеткіштер санының айтарлықтай аз екенін айғақтап берді. Ең сорақысы, иммуноглобулин жетіспеушілігі 18-28 жастар арасында тым жоғары деп жазылған. Сол сияқты денсаулық жағдайына қатысты Арал ауданындағы 2022 жылғы соңғы мәліметтерге тоқталсақ, аудан бойынша Псеркинсон ауруы – 32, эпилепсия – 62, ми қан айналымының бұзылуы (инсульт) – 131 адамда кездесетіні белгілі болды. Сондай-ақ балалар мүгедектігі бойынша да көрсеткіш көңіл көншітпейді. Қазір өңірде балалар мүгедектігі – 328 деректі құраса, оның ішінде сусамыр (сахарный диабет) – 15, ойлау қабілетінің жетіспеушілігі (умственная отсталость) – 32, жүйке аурулары – 115 адамға жеткен. Бұған қоса ДЦП - 64, эпилепсия – 9, көз ауруы – 18, құлақ ауруы – 14, туа бітті аномалия бойынша (врожденные аномалии (пороки развития), деформации и хромосомные нарушения) – 100 дерек тіркелген. Осыдан кейін онкологиялық дерттің деңгейін бағамдай беруге болады. Ең қиыны, елімізде әлі де денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп», – деген ойын бөлісті қоғам белсендісі Нұртуған Тұржанов.
Қалай дегенде де, тұрғылықты халық талай тағдырды жалмап жатқан тажалмен күрес шараларын күшейту қажет деп есептейді. Бұл тұрғыда қауіпті аурудың асқынуына әкеп соқтырған аймақтың экологиялық ахуалы, оның ішінде Арал мен Байқоңыр проблемасы оңтайлы шешілуге тиіс екенін алға тартады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы