Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қала әкімі Азамат Бекет тұрғындарға жағдайды түсіндірді.
«Бүгін Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жариялап отырмыз. Су тасқыны – табиғи құбылыс. Оны тежеу оңай болмай жатқаны рас. Ақтөбе су қоймасында болған судың көлемі бір тәуліктің ішінде 150 миллион текше метрге көбейді. Су қоймасы мұндай көлемді суды сыйғыза алмайды. Яғни, қалаға түгел қауіп төніп тұр. Сондықтан, біз суды жіберіп отыруға мәжбүрміз. Елек өзенінің бойында орналасқан және Қарғалы өзенінің Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарын эвакуацияға келісім беріп, үйлеріңізді босатуларыңызды сұраймын. Біз үшін сіздердің өмірлеріңіз өте маңызды. Өздеріңіз білесіздер наурыздың 26-сы күні қала аумағында күннің күрт жылынуына байланысты дала сулары көтерілді. Бірнеше тұрғын алаптар мен бау-бақша ұжымдарына қауіп төнді. Бүгінгі күні 73 үйге су кірді. 155 адам эвакуацияланды. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек беріледі. Ешкім назардан тыс қалмайды. Тағы да айтарым, сіздердің өмірлеріңіз біз үшін маңызды! Су тасқынымен күреске көмектесіп жүрген тұрғындарға рақмет. Осы қиын жағдайда сіздерді бірлікке шақырамын!» - әкім.