Наурыз мерекесінен кейін Ақжайық өңіріне белгілі ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров келді. Ғалымның аймаққа келуіне орай жастармен бірнеше кездесу өтті. Бұл мәдени күндердің ішіндегі халықтың есінде ұзақ сақталатыны – «Атамекен» өнер ордасында басталған көрме. Себебі мұндай тарихи карталар көрмесі облыста тұңғыш рет өтіп отыр. Мәдени-тарихи шараға көршілес облыстардан келген тарихшылар, жергілікті өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен студенттер қатысты. Көрменің тұсау-кесерінде алғаш болып сөзді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алды.
– Тарих – тәуелсіздігімізді нығайтатын, ұлтты ұйыстыратын негізгі фактор. «Халықсыз тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» дейді дана халқымыз. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырау қаласында өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда елдің саяси реформаларына қатысты жаңа міндеттерді тапсырды. Әсіресе, мемлекеттік ішкі саясатқа, ақпараттық-идеологиялық жұмысты нығайтуға байланысты ауқымды ойлар, Наурыздың жаңа форматта атап өтілуіне, зиялы қауыммен ұлтымыздың ұйысуындағы тарихтың рөліне ерекше мән берілді. Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Жошы әулеті алты ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы – тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек деп төл тарихымыз туралы терең ой білдіргені мәлім. Қазақ мемлекеттігі – тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттігінің ны-шаны. Бүгінгі көрмедегі XV-XIX ғасырлардағы қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталары соның айғағы деп білеміз, – деді Бақытжан Нарымбетов.
Бақытжан Хаберұлы өз сөзінде 2023 жылы Батыс Қазақстан облысының білім саласына ғалымның қазақ мемлекеттілігінің тарихын бейнелейтін 430 дана картасы сатып алынғанын атап өтті.
– Бүгінде көне карталар білім ошақтарында, мектеп пен колледждерде оқу-тәрбие жұмысында, патриотизмнің қайнар көзі, ел тарихын терең меңгеру барысында, құрал ретінде пайдаланып отыр, – деді аймақ басшысының орынбасары Бақытжан Хаберұлы.
Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың өзі болса, Бөкей Ордасын толыққанды зерттеу қажет, ол жердің тарихы көп сырды жасырып жатыр, әлі ашылған жоқ деген ойын айтты.
– Екі ұсыныс айтқым келеді. Біріншісі, жастар осы өлкенің тарихына қатысты дүниелерді оқып, жаттап өсуі үшін Бөкей Ордасы оқуларын өткізу керек. Мұны тек заманауи форматта жасаған дұрыс болады. Екінші ұсынысым, Бөкей Ордасының тарихын зерттейтін орталық ашылуы керек. Себебі Бөкей Ордасы әлі зерттелген жоқ. Бөкей Орда деген феномен ғой. Тұнып тұрған тарих. Оны дұрыстап зерттеп, жарыққа шығару керек, – деді ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Көрмеге Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың әлемдік мұражайлар мен архивтерді ақтарып жүріп жасаған тың зерттеулерінен құралған карталар қойылған. Жалпы, Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы – тұңғыш рет әлем карталарында қазақ мемлекетінің белгіленгенін анықтаған адам. Ғалым оны анықтап қана қоймай, сонау XV- XIX ғасырларда Еуропа және Америка елдері қазақты танып, картаға таңбалаған деген тұжырымын жасаған ғалым. Көрмеге жиналған өлкетанушылар мен тарихшылар мұндай көрмелер жастар үшін рух беретін орта деген баға берді.
– Өзім қатты толқып тұрмын. Мынау деген біздің тарих қой. Бұл көрмені жастар көру керек. Рухтанып, жігерленіп шығады. Жастардың рухын көтеріп, елдік қасиетті бойларына дарытамыз десек осындай мәдени шараларды көбірек өткізген абзал, – деген ойын айтты тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева.
Көрме жұмысы Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлының лекциясымен жалғасты. Ашық өткен лекцияға жастар мен тарихшы ғалымдар, өңірге танымал тұлғалар қатысты.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы