Аспанға жазам сенің есіміңді!
Аспанға жазам сенің есіміңді!
921
оқылды
Қазақтың тұңғыш дәрігері, тұңғыш мұғалімі, тұңғыш генералы, тұңғыш бишісі кім? Бүгінгі әңгіме – тек тұңғыш­тар туралы. Сонымен... Хұсни-Жамал Зұлқарна­йын­қызы Нұралыханова. Қазақ әйел­дерінен шыққан тұңғыш мұғалім. Хұсни-Жамал апай – Жәңгір хан­ның немересі. 1894 жылы Бө­кей Ордасында қазақ қыздары үшін мектеп ашқан адам. Бұл мектепте қазақтың қайраткер қыздары Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәме­тованың анасы) білім алған. Хұсни-Жамал Зұлқарна­йын­қызы – Шахзада Шонанованың анасы. Шахзада мен Телжан Шо­нановты Оқу комиссары Темірбек Жүргенов басқарған диверсиялық топтың құрамында Қазақ мемле­кеттік университеті ғимаратын өртемек болды деп ұстап әкетеді. Ол кезде қартайған Хұсни-Жамал апай жалғыз өзі Алматыда көшеде қаңғып қалады. Телжан мен Шах­зада түрмеде, дүние-мүлкі, үйі тәркіленген. «Жалғыз қызынан бір айырылып, ішерге тамақ таппай қатты қиналды-ау» деп кейін талай көзіне жас алған екен. Шахзададай білімді, қайратты қыздың анасы, тұңғыш мұғалім Хұсни-Жамал анамыз көшеде қаңғып қалып, 1945 жылы Алма­тыда көз жұмады. Тіпті, анамызды «аштан өлді» деген де сөз бар. Оралда да қуғын-сүргінге ұшы­рап жатқан төрелеріне кете алмай, Алматыны қимай жүргені, бәлкім Шахзадасынан бір хабар болып қалар деген ана үміті болар. «Мен бастаған ісімді аяқсыз қалдырмай, қалайда аяқтап шы­ғатындай тиянақты болуды Хұсни-Жамал апайдан үйрендім. Ол ақы­лына көркі сай ерекше жаратылған сұлу жан еді. Тал бойында бір міні жоқ, киім-киісі, жүріс-тұрысының өзі үлкен мек­теп болатын. Оның көркем жазуға үйреткені, сүйріктей саусақтары, мәнерлеп оқудағы мақпал даусы әлі есімде. Ол бізге жазу мен оқу­ды ғана үйретіп қойған жоқ, жұрттың алдында өзімізді қалай ұстауды, жүріп-тұруды, бой күтуді ерінбей-жалықпай үйрететін. Ән салуға, еуропаша би билеуге бау­литын» деп жазған екен естелі­гінде Әмина Мәметова. Хұсни-Жамал апай 1923 жылы Орынборда шәкірті Алма Ораз­баевамен кездескенде, оның ел-жұртының жоғын жоқтайтын қай­раткер болып жетілгеніне қуа­нып, «еңбегім еш кетпеген екен» деп мәз болған екен. Нәзипа Құлжанова. Қазақтан шыққан тұңғыш журналист. Ол 1887 жылы 27 шілдеде Торғай қа­ласында дүниеге келген. Бұл уа­қытта қалада туған қыздардың бо­лашақ мүмкіндіктері ауыл өң­і­рін­де туып-өскен құрбылардың ке­лешегіне қарағанда жақсы бол­ған. Дарынды қыз Нәзипа Құл­жанова 1902 жылы Қостанай қа­ласында­ғы орыс-қазақ гимназия­сын бі­тіріп, 1903-1904 жылдары оқы­тушылар семинариясында ұстаз­дық қызмет еткен. Ол әде­биет пен өнер саласында көпте­ген зерт­теулер жазды. «Әдебиетке көзқа­рас», «Қазақ әдебиеті», «Шол­пан ақын қызы», «Семей театры» және басқа еңбектердің авторы. Әйелдер тақырыбында маңызды мәселелер көтерген аяулы қыздарымыздың бірі. Аққағаз Досжанова. Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер. Ол 1914 жылы Орынбордағы әйелдер гим­на­зиясын бітіреді. 1921 жылы Таш­кенттегі Түркістан халық уни­верси­тетінің медицина фа­культетін та­мамдаған. Аққағаз Досжанованың осы білім ордасын бітірген күнін барлық қазақ зиялылары жиналып, ерекше атап өтіпті. Себебі ол тек қазақ емес, жалпы кеңестік шығыс ел­дерінен шыққан жоғары дәреже­лі білім алған алғашқы әйел болды. Әрі Алашорда қозғалысының мүшесі. Рәзия Искакова. Ол – тұңғыш Флоренс Найтингейл атындағы медальдің иегері. Қызылорда об­лысы Жаңақорған ауданы Төмен-арық стансасында дүниеге келген. Шымкент медицина техни­ку­мы­на оқуға түсіп, болашақ кәсібінің не­гізін игерді. 1941 жылдың қыр­күйек айында майданға сұранып, өз еркімен аттанады. Оны Во­ронеж бағытындағы майданның 186-шы құрылыс-жол батальо­нына әскери фельдшер етіп бе­кітеді. Рәзия Шәкеновна майдан жолымен Сталинградтан Бер­линге дейін жүріп өткен. Оны сол­даттар мен командирлері ме­йірімділігі үшін, жүздеген жаралы жауынгерлерді ұрыс даласынан шығарып, көмек­тесе білгені үшін «Майдандас қа­рындас» деп ер­келеткен екен. Хиуаз Доспанова. 1922 жыл­дың 15 мамырында Атырау об­лысы Ганюшкин ауылында қарапайым балықшының отба­сын­да дүниеге келген. Солтүстік Кав­каз, Кубан, Қы­рым, Украина, Гер­манияны жау­дан азат еткен Хиуаз Доспанова «Қызыл жұл­дыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ор­дендерімен және ерлігі үшін көп­теген медальмен мара­пат­тал­ған. Еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін Елбасы қазақтың тұңғыш ұшқыш қызына «Халық Қаһар­маны» атағын берді. Дина Нұрпейісова. Тұңғыш күйші қыздарымыздың бірі. 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Кішкентайынан Дәулет­керей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма сияқты күй­шілердің күйін нақышына келтіре тартып, ел арасында «дом­­бырашы қыз» атанған екен. Қар­ғадай қыз­дың даңқы күй атасы Құрманғазыға да жеткен деседі. Әйгілі күйші Динаны ар­найы іздеп келіп, бата­сын берген екен. Күләш Байсейітова. Ол – тұң­ғыш КСРО Халық әртісі. 1912 жы­лы Қарағанды облысы Ақтоғай ауы­лын­да дүниеге келген. Қазақ­тың әй­гілі әншісі, қазақ опера өне­рінің негізін салған жан. Кү­ләш Бай­се­йітованы жетіжылдық мек­теп­ті бі­тірген соң, әкесі педа­гоги­калық институтқа түсіреді. Ол көр­­ке­мөнер­паздар үйірмесіне бел­сене қатысып, 1930 жылы қа­зақтың тұңғыш драма театрына қабыл­данады. Бейімбет Май­лин­нің «Май­дан», Мұхтар Әуе­зовтің «Еңлік-Кебек» спекта­клі­н­де өнер көрсеткен екен. Сәуле Айтпаева. Тұңғыш гене­рал атағын алған қазақ қызы. Ол Ақмола облысы Жақсы ауданында дүниеге келген. Өзінің еңбек жо­лын Жақсы аудандық проку­ра­ту­расының кеңсе меңгерушісі болып бастаған. Жоғары білім алғаннан кейін аудандық про­ку­ратураның тағылымдамашысы болудан бастап, республикалық ведомстволардың басшысына дейінгі лауазымдық са­тыдан өткен. 2018 жылдың мау­сымында Сәуле Айтпаева Бала құ­қықтары жөніндегі уәкіл қызметіне та­ғайындалған болатын. Парламент Сенатының депутаты. Одан бөлек, қазақтың тұңғыш кәсіби биші қызы Шара Жиенқұ­лова, тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалова, тұңғыш әйел дәрігерлер Гүлсім және Мәриям Асфендия­ро­валар, тұңғыш әйел кинорежиссер Дариға Тінәлина, тұңғыш геолог ғалым Патшайым Тәжібаева, Олим­пиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы Алданыш Рамазанқызы бар. Бұлардың бәрі есімі қазақ тари­хын­да қалған аяулы қыз­дар, ар­дақты арулар. Олардың есі­мі қазақ ас­панында мәңгі өш­пестей болып, жазылып қалды.    width=Гүлзина БЕКТАС