Қазақтың тұңғыш дәрігері, тұңғыш мұғалімі, тұңғыш генералы, тұңғыш бишісі кім? Бүгінгі әңгіме – тек тұңғыштар туралы. Сонымен...
Хұсни-Жамал Зұлқарнайынқызы Нұралыханова. Қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш мұғалім. Хұсни-Жамал апай – Жәңгір ханның немересі. 1894 жылы Бөкей Ордасында қазақ қыздары үшін мектеп ашқан адам. Бұл мектепте қазақтың қайраткер қыздары Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы) білім алған.
Хұсни-Жамал Зұлқарнайынқызы – Шахзада Шонанованың анасы. Шахзада мен Телжан Шонановты Оқу комиссары Темірбек Жүргенов басқарған диверсиялық топтың құрамында Қазақ мемлекеттік университеті ғимаратын өртемек болды деп ұстап әкетеді. Ол кезде қартайған Хұсни-Жамал апай жалғыз өзі Алматыда көшеде қаңғып қалады. Телжан мен Шахзада түрмеде, дүние-мүлкі, үйі тәркіленген. «Жалғыз қызынан бір айырылып, ішерге тамақ таппай қатты қиналды-ау» деп кейін талай көзіне жас алған екен. Шахзададай білімді, қайратты қыздың анасы, тұңғыш мұғалім Хұсни-Жамал анамыз көшеде қаңғып қалып, 1945 жылы Алматыда көз жұмады. Тіпті, анамызды «аштан өлді» деген де сөз бар. Оралда да қуғын-сүргінге ұшырап жатқан төрелеріне кете алмай, Алматыны қимай жүргені, бәлкім Шахзадасынан бір хабар болып қалар деген ана үміті болар.
«Мен бастаған ісімді аяқсыз қалдырмай, қалайда аяқтап шығатындай тиянақты болуды Хұсни-Жамал апайдан үйрендім. Ол ақылына көркі сай ерекше жаратылған сұлу жан еді. Тал бойында бір міні жоқ, киім-киісі, жүріс-тұрысының өзі үлкен мектеп болатын. Оның көркем жазуға үйреткені, сүйріктей саусақтары, мәнерлеп оқудағы мақпал даусы әлі есімде. Ол бізге жазу мен оқуды ғана үйретіп қойған жоқ, жұрттың алдында өзімізді қалай ұстауды, жүріп-тұруды, бой күтуді ерінбей-жалықпай үйрететін. Ән салуға, еуропаша би билеуге баулитын» деп жазған екен естелігінде Әмина Мәметова.
Хұсни-Жамал апай 1923 жылы Орынборда шәкірті Алма Оразбаевамен кездескенде, оның ел-жұртының жоғын жоқтайтын қайраткер болып жетілгеніне қуанып, «еңбегім еш кетпеген екен» деп мәз болған екен.
Нәзипа Құлжанова. Қазақтан шыққан тұңғыш журналист. Ол 1887 жылы 27 шілдеде Торғай қаласында дүниеге келген. Бұл уақытта қалада туған қыздардың болашақ мүмкіндіктері ауыл өңірінде туып-өскен құрбылардың келешегіне қарағанда жақсы болған. Дарынды қыз Нәзипа Құлжанова 1902 жылы Қостанай қаласындағы орыс-қазақ гимназиясын бітіріп, 1903-1904 жылдары оқытушылар семинариясында ұстаздық қызмет еткен. Ол әдебиет пен өнер саласында көптеген зерттеулер жазды. «Әдебиетке көзқарас», «Қазақ әдебиеті», «Шолпан ақын қызы», «Семей театры» және басқа еңбектердің авторы. Әйелдер тақырыбында маңызды мәселелер көтерген аяулы қыздарымыздың бірі.
Аққағаз Досжанова. Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер. Ол 1914 жылы Орынбордағы әйелдер гимназиясын бітіреді. 1921 жылы Ташкенттегі Түркістан халық университетінің медицина факультетін тамамдаған. Аққағаз Досжанованың осы білім ордасын бітірген күнін барлық қазақ зиялылары жиналып, ерекше атап өтіпті. Себебі ол тек қазақ емес, жалпы кеңестік шығыс елдерінен шыққан жоғары дәрежелі білім алған алғашқы әйел болды. Әрі Алашорда қозғалысының мүшесі.
Рәзия Искакова. Ол – тұңғыш Флоренс Найтингейл атындағы медальдің иегері. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Төмен-арық стансасында дүниеге келген. Шымкент медицина техникумына оқуға түсіп, болашақ кәсібінің негізін игерді. 1941 жылдың қыркүйек айында майданға сұранып, өз еркімен аттанады. Оны Воронеж бағытындағы майданның 186-шы құрылыс-жол батальонына әскери фельдшер етіп бекітеді. Рәзия Шәкеновна майдан жолымен Сталинградтан Берлинге дейін жүріп өткен. Оны солдаттар мен командирлері мейірімділігі үшін, жүздеген жаралы жауынгерлерді ұрыс даласынан шығарып, көмектесе білгені үшін «Майдандас қарындас» деп еркелеткен екен.
Хиуаз Доспанова. 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы Ганюшкин ауылында қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген. Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат еткен Хиуаз Доспанова «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және ерлігі үшін көптеген медальмен марапатталған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы қазақтың тұңғыш ұшқыш қызына «Халық Қаһарманы» атағын берді.
Дина Нұрпейісова. Тұңғыш күйші қыздарымыздың бірі. 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Кішкентайынан Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма сияқты күйшілердің күйін нақышына келтіре тартып, ел арасында «домбырашы қыз» атанған екен. Қарғадай қыздың даңқы күй атасы Құрманғазыға да жеткен деседі. Әйгілі күйші Динаны арнайы іздеп келіп, батасын берген екен.
Күләш Байсейітова. Ол – тұңғыш КСРО Халық әртісі. 1912 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салған жан. Күләш Байсейітованы жетіжылдық мектепті бітірген соң, әкесі педагогикалық институтқа түсіреді. Ол көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, 1930 жылы қазақтың тұңғыш драма театрына қабылданады. Бейімбет Майлиннің «Майдан», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклінде өнер көрсеткен екен.
Сәуле Айтпаева. Тұңғыш генерал атағын алған қазақ қызы. Ол Ақмола облысы Жақсы ауданында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын Жақсы аудандық прокуратурасының кеңсе меңгерушісі болып бастаған. Жоғары білім алғаннан кейін аудандық прокуратураның тағылымдамашысы болудан бастап, республикалық ведомстволардың басшысына дейінгі лауазымдық сатыдан өткен. 2018 жылдың маусымында Сәуле Айтпаева Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалған болатын. Парламент Сенатының депутаты.
Одан бөлек, қазақтың тұңғыш кәсіби биші қызы Шара Жиенқұлова, тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалова, тұңғыш әйел дәрігерлер Гүлсім және Мәриям Асфендияровалар, тұңғыш әйел кинорежиссер Дариға Тінәлина, тұңғыш геолог ғалым Патшайым Тәжібаева, Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы Алданыш Рамазанқызы бар. Бұлардың бәрі есімі қазақ тарихында қалған аяулы қыздар, ардақты арулар. Олардың есімі қазақ аспанында мәңгі өшпестей болып, жазылып қалды.