Бір жылдары айтыстың төрінде жүрген, көрерменнің сүйіктісіне айналған ару бұл өнерден кіндігін үзіп, ғылымға, ұстаздыққа бет бұрды. Ғылымда да осал емес: Жүсіпбектей Алаш арысын зерттеп, мол мұраға кенеліп жүр. Оның зерттеулері Аймауытов аудармаларына арналған. «Алашты тану – қазақы дүниетанымның босағасын аттау» деп білетін ғалыммен біздің әңгімеміз де осы тақырыпта өрбіді.
– Қарлығаш, ғалым ретінде Жүсіпбек Аймауытұлы тақырыбын көп зерттегеніңізді білеміз. Ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы да бұл тақырыпты біраз зерттеп-зерделеген еді. Докторлық диссертация жазу барысында ол кісінің зерттеулеріне де көз жүгірткен боларсыз. Бұл тақырып неге қызықтырды? Сіз бағындырған шың, яғни Жүсіпбек шыңы туралы не айтар едіңіз?
– Алаш тақырыбы – интеллектуалды әлеуеті аса зор, моральдық, этикалық, эстетикалық таным тұрғысында аса көркем, тамыры терең қазақ дүниетанымының мәйегі. Алашты тану – қазақы дүниетанымның босағасын аттау деген сөз. Қазақты тану – өзіңді тану. Сондықтан бұл тақырыпқа неге қызықтым деген сауалдың ең түпкі жауабы – өз болмысымды танығым келді. Бұл – бір.
Екіншіден, қазақ ақыл-ойының интеллектуалды әлеуетін көрсететін тұлғалар – Алаш қайраткерлері. Олардың ғұмырнамасы, насихат сөздері, тағылым-тәрбиесі, аналитикалық қарым-қабілеттері адам баласын таңғалдырар феноменалды құбылыс. Қай-қайсысын алсаңыз да, жіті зерттесеңіз, бір-бір аңыз, бегзадалық болмысымен ерекшеленетін ірі тұлғалар. Кесек-кесек ойлары, сөзсаптаулары, ой-танымдары, мінез ерекшеліктері – бүгінгі біздерге һәм үлгі, һәм ескерту. Сондықтан Алаш тақырыбына неге келдің деген сауалдың тағы бір жауабы, Алаш қайраткерлерінің өміріне тамсанып, Алаш идеясына деген ішкі қызығушылығым шығар. Өзім сүйетін Әлихан, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім сынды асылдардың ішінде менің ғылымхәл зердемнің ашылуына себеп болған тұлға – Жүсіпбек Аймауытұлы.
Ғылыми жетекшім алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы Жүсіпбек Аймауытұлының аудармаларын зерттеуді ұсынғанда кібіртіктеп барып келіскенім есімде. Қорыққаным бар, именгенім де бар. Бірақ ең алғаш Жүсіпбек Аймауытұлының аудармалары толыққанды жинақталып, сараланып, монографиямды шығарған кезде, бір тыңғылықты іс бітіргенімді түсініп, қуанғаным да рас. Сол үшін де Құдай Тағалама шүкір деймін. Себебі Алаш тақырыбы мені көп өсірді, тәрбиеледі. Алаш десе, көңіл ауаным ерекше екенін жасырмаймын. Ұстаздарым Тұрсын аға Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, сондай-ақ өзіңіз атап өткен Нұржан Қуантайұлы, Рахымжан Тұрысбек т.б. ғалымдардың еңбектерімен әрине таныспын. Құрметтеймін. Еңбектеріне бас иемін. Маңдай терлері бастарына бақ болса деп тілек айтамын. Негізі, Алаш тақырыбы – адамды тез есейтетін тақырып.
Ал Жүсіпбек шыңы туралы сөз қозғасақ, бұл шыңды бағындырған жоқпын. Бірақ құбылама айналдырдым. Себебі бағындырдым деген сөз барлық сырын, қырын ашып болдым деген кезде ғана айтылатын шығар. Аймауытұлы жазып кеткен адам жанының сырлары, сезім иірімдері, көңіл толқыны әлі толыққанды ашылған жоқ. Оның психологиялық иірімді берудегі жазушылық шеберлігі бір бөлек, психолог-жантанушы ретіндегі сауаттылығы таңғалдырады. Сүйсініп оқимын. Тамсанып оқимын. Ойланып, зер салып оқимын. Әр сөзі, әр ойы, кейіпкерінің әрбір қимылы сондай шынайы, сондай астарлы, жасандылығы жоқ. Сонысымен қадірлі, сонысымен қымбат. Әсіресе, адам жанының сырын тануға бар күш-жігерін жұмсап жатқан ХХІ ғасырда психологизм мәселесі тіпті де өзекті болады. Ал қазақ прозасындағы психологизмнің атасы – Жүсіпбек Аймауытұлы. Еш қаймықпай, адам психологиясының (жанының) сырын, ішкі қабаттарын шебер суреттейтін жазушы ретінде атауға болатын классик.
Шекспирден тәржімалаған шығармасы табылған жоқ
– Бұл тақырыпта біз білмейтін жаңалықтар көп болды ма? Ол кісінің бұрын еш жерде жарияланбаған аудармаларын тапқаныңызды білеміз. Оған қалай қол жеткіздіңіз?
– Жүсіпбек Аймауытұлының жиырмадан астам аудармасы бар. Қырдағы қазақ баласы әлем өркениетімен танысса деп, әдебиет классиктері Джек Лондон, Ги Де Мопассан, Рабиндранат Тагор, Конрад Беркович, Руми, Фердинанд Дюшен, Пушкин, Чехов сынды жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Қазақ баласының оқу-білімге деген ықылас-пейілін оятқысы келді. Қазақ баласы ғылымға ден қойып, зейін салса деді. Сол арманның жетегінде күні мен түнін шығармашылыққа, аудармаға арнады. Әр аудармасы Алаш идеясымен өрілген, адалдық, адамдық ұғымдарын ұлықтаған, адам баласының жан иесі екендігін ұғындыратын философиялық мәндегі туындылар десем артық айтқандық емес. Мысалы, Фердинанд Дюшеннен тәржімалаған Ж.Аймауытұлының «Дәмелі» атты аудармасы – тағдыры тас-талқан боп, көшеде қаңғырып өлген бейшара әйелдің трагедиясы ғана емес, қатыгез, әділетсіз, арсыз қоғамның ұсқынсыз жиіркенішті жақтарын астарлап суреттейтін ғажап аударма. Бет-аузы кір қожалақ, балалардың «диуана қатынға қараңдар, диуана қатынға қараңдар» деп тас лақтырып, ақыр соңында ауруханада өлген диуана әйел кезінде сықылықтаған күлкісімен бозбала біткенді елітіп, өзіне қаратқан сұлу да ақылды Дәмелі емес пе еді? Шығарманың атауы қандай? Тамилла деген қыздың атын Дәмелі деп аударып, тағдырдан, бақыттан дәмеленген адамның бейнесіндей Дәмелі деп атағанынан-ақ жазушының тапқырлығын, талғам кірпияздығын аңғаруға болады. Маңдайдан ұрып, естен тандырар тағдыр соққысын әр шығармасына өрнектеп салатын, әр сөзін ишарамен, емеурінмен астарлап айтатын Жүсіпбек Аймауытұлының табылмаған, Всеволод Ивановтан, Шекспирдан тәржімалаған аудармалары бар. Мәтіндері әлі табылған жоқ. Тек, кезінде Смағұл Сәдуақасұлына берген анкетаға жауабында қай шығармаларды қайда жібергені, басқаны, жариялағаны туралы мәліметті жазып қалдырған. Өкінішке қарай, бұл күнде біздің қолымызға әлі тиген жоқ. Біздің зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде архив қорынан табылып, ғылыми айналымға енгізген шығармалар деп, мына шығармаларды атай аламын: С.Чуйковтан аударған «Тау еліндегі оқиға», К.Берковичтен аударған «Тұқым», П.Дудоровтан аударған «Молла Румидың кітап жазуға қалай кіріскені» аудармалары. Сонымен қатар 1990 жылы «Парасат» журналында С.Дәуітұлының әзірлеуімен жарыққа шыққан Ф.Дюшеннен алған «Дәмелі» романы мен бүгінге дейін Ж.Аймауытұлының барлық шығармалар жинағынан қалыс қалған, 1918 жылы 19 маусымда «Абай» журналында жарияланған В.Гюгодан аударған «Бейшаралар» атты тәржімасы және «Күдіріс» атты төл шығармасы ғылыми айналымға қайта енгізілді. Сондай-ақ осыған дейінгі жинақтарында төл шығармасы ретінде жарияланған «Күмәжнек» (Әмиән) әңгімесі Чеховтың «Бумажник» атты әңгімесінің аудармасы екендігі дәлелденіп, жазушының аудармалар қорына қосылды. Менің негізгі ғылыми жұмысым, аудармалардың хронологиясын жасап, санын, сапасын айқындау болатын. Әр аударма мәтіннің түпнұсқа авторы кім, тікелей аударды ма, сатылы аударма ма, аударма мәтіндердің идеялық-көркемдік ерекшелігі қандай, қалай аударылған, тағы сол сияқты сұрақтардың төңірегінде жұмыс істегенмін.
Әрқайсысының өз құбыласы бар
– Қазіргі жүсіпбектанушылардың әлі де атқара алмай отырған кемшін тұсы бар ма? Оларға жетпей тұрған не нәрсе?
– Бүгінгі алаштанушы, жүсіпбектанушы ғалымдардың әрқайсысына бас иемін. Зор құрмет. Кемшін тұсын айтпаймын, айтуға хақым жоқ деп те есептеймін. Айтарым, бәріміз Жүсіпбек Аймауытұлын зерттегенімізбен, әрқайсысымыз әр қырынан зерттейміз. Мысалы, 2011 жылы шыққан библиографиялық көрсеткіш негізінде Ж.Аймауытұлына қатысты 15-тен астам диссертация жұмысы жазылып, 500-ге жуық мақала жарық көрген. Алайда бұл зерттеу жұмыстарының бірі Ж.Аймауытұлының жазушылық шеберлігін анықтауға бағытталса, енді бірі тарихи тұрғыда баға беру мақсатында қайраткерлік болмысын тануға бағытталған. Енді бірі оның драматургиясын зерттесе, тағы бір ғалымдар Ж.Аймауытұлының биографиясын ғана зерттеуі мүмкін. Мысалы, менің негізгі зерттеу нысаным – тек қана аударма мәтіндер. Әлбетте, жазушының ғұмырнамасын, төл шығармаларын, публицистикасын қараймын, бірақ негізгі зерттеу нысаным – аударма. Сондықтан алаштанушы, жүсіпбектанушы ғалымдардың өзі зерттеу аясында кей кездері бір-бірімен сараптама барысында өзара қиылыспаса, негізінен әрқайсысының өз құбыласы бар.
– Жазушының «өз атына» қайтарылмай қалған еңбектері бар ма?
– Табылмай жатқан еңбектері бар. Талданбай, бағасын ала алмай жатқан еңбектері бар. Жазушының классикалық туындыларын толыққанды қолдана алмай жатқан жайымыз бар. Ал «өз атына» қайтарылмай деген сөз, өзге біреудің еншісінде кеткен шығармалар деп түсініп отырмын, мұндай мәліметті естімедім. Мысалы, аудармалары төл шығармасы ретінде жазылып кеткен немесе Дюшен деген тұпнұсқа авторының аты «Дюма» деп қате жазылып кеткен кездер болды. Негізі, бізге алдағы уақытта Жүсіпбек Аймауытұлының академиялық толыққанды шығармалар жинағын шығару керек. Публицистика, драматургия, аудармалары, төл шығармалары т.б. барлық материалдарды жинақтап, 10 томдық етіп шығарса, алаштану және жүсіпбектану бағытында істелген жақсы жұмыс болар еді.
Ар, ұят, адалдық дейтін қастерлі ұғымдармен кіндік байлаған
– Қазақ әйелдері туралы зерттеулер жасап көрдіңіз бе? ХХ ғасыр басындағы қазақ әйелінің бейнесі туралы не айтар едіңіз?
– ХХ ғасыр басындағы қазақ даласының хал-ахуалын танытатын көптеген архив материалдарымен Семей архивінде таныстым. 1919-20 жылдардағы қиын кезеңдерде азық-түлік пен отын сұраған халыққа қаржы жоқ деп, «День отмены калыма» және «Международный женский день 8-марта» мерекелеріне арнайы қаржы бөліп, қазақ даласындағы қыз-келіншектердің құқығына, орамал шешуіне қатысты арнайы іс-шаралар ұйымдастырғанын, тапсырма бергенін оқып, таңғалғаным рас. Бұл ХХ ғасыр басында аса үлкен ауқымда жүргізілген «Раскрепощение женщин в Центральной Азии» саяси идеологиясының жұмыс нәтижесі екені белгілі. Бірақ бұл тақырып менің білуімше, толыққанды зерттелген жоқ. Себебі бұл тақырыптың өзі екіұшты. Бір жағынан, баласы қырқынан шықпай жатып жұмысқа шығатын Кеңес өкіметі кезіндегі қазақ әйелі жұмыс күші ретінде пайдаланылды. Сондықтан оның орамалын шешіп, көйлегін шалбарға ауыстыру тек сыртқы форманың ауысуы емес, астарында үлкен идеология бар. Сонымен қатар қазақ қыздары ең алғаш кітапханаға кіруге петиция жазып, шымылдықтың артында бөлек отырса да, дәл осы саясат негізінде оқу-білімге бет бұрды. Тым қатты шиырланған мұндай тақырыпты талдау үшін асықпай қарап, зерттеу қажет. Сондықтан бұл тақырыптың ой қорытындысын ХХ ғасыр басындағы демография, қазақ әйелдері немесе саяси-әлеуметтік мәселелерді зерттеп жүрген антрополог, әлеуметтанушы, психолог, этнограф ғалымдарға қалдырғаным дұрыс болар.
– Қоғамда әйел теңдігі туралы біржақты жазылып келді. Зерттеуші ретінде сол тақырыпты қайта жазар болсақ, қандай шындыққа оралар едік?
– Әйел теңдігі тақырыбының өзегі таным мен мәдениет ұғымдарының қарама-қайшылықтарына әкеледі. Себебі әйел теңдігі мәселесімен қатар, психология, дүниетаным, ұлттық таным, менталитет, демократия, дін, философия, жаһандану дейтін ең күрделі ұғымдардың түп түйіндерін шешіп, түсіндіріп барып, «қазақ қоғамында әйел теңдігі дегеніміз не және қажет пе?» деген ұғымдарға аяқ басуға болатын шығар. Біз патриархалды қоғамда өмір сүреміз. Біздің танымымызда ислам дінінің негізінде енген әйел бейнесі мен жауынгерлік кезеңнен қалған рух еркіндігінің қарама-қайшылығы бар. Бұл – таным ішіндегі антонимдік сезімдер шайқасы мен білетін ең күрделі тақырып. Әзір, шама жетпейтін зерттеу саласы деп есептеймін. Бірақ субъективті өз пікірімді айтар болсам, рухани-моральдық ұстанымдар адамды жынысына, жасына, нәсіліне қарап бөлмейді. Адалдық, әділдік, ар, ұят, обал, сауап деген сакралды мәндегі ұғымдар жалпыадамзаттық құндылық ретінде әспеттеледі. Демек, ер адам мен әйел адамның ары, ұяты, намысы һәм ожданы әртүрлі болмайды. Өз басым, жан иесі ретінде адамға ғана емес, жануар мен өсімдікке, жалпы жаратылысқа зор құрметпен қарау қажет деген ұстаныммен өмір сүргенді жөн санаймын. Менің философиям – ар, ұят, адалдық дейтін қастерлі ұғымдармен кіндік байлаған. Шама жетсе, адам боп туып, кемінде адам боп өмір сүргенге не жетсін! Ал әулиелікке жетсем деп, тақуалықпен ғұмыр кешетін жандарға ықылас та, пейіл де ақ. Сондықтан бұл өмірдегі ең ұлық жаратылысы ретінде адамды адам ретінде бағалау және оның болмысын дұрыс тану қажет деп есептеймін. «Әйел адам ер адаммен тең бола ала ма? Тең болу дегеніміз – табиғатына, жаратылысына қарсы шығып, ауыр тірлікке араласу ма әлде нәзіктігін сақтау ма?» деген сұрақтармен шиырлана береді. Сондықтан зерттеуші ретінде әйел теңдігі тақырыбын қайта қарау қажет болса, ең бастысы, адам деген жаратылысты зерттеуден бастау қажет деп айтар едім. Адамның жаратылыс болмысын таныған кезде, нәсіл, жыныс, жас, деген ұғымдардан гөрі метафизикалық категорияларға негізделген рухани-моральдық ұғымдар алға шыға бастайды.
– Біз «қазақ қыздарына қайран қалатындай» өзгешелік неде деп ойлайсыз?
– Қазақ қызының сұлулығы – ар-ұятында, сабырында һәм ақыл-парасатында. Жалпы, жаратылыста, әр адамның бойында құдайлық илләһи нұр бар дейді. Сол нұр әр адамның бойында ерекше қасиет болып көрінетін сыңайлы. Мен осы тұжырымға, шынымды айтсам, сенемін. Бір адамда Құдай Тағаланың «әс-Сабр», сабырлық сипаты болса, енді бір адамда «Қуддус», адалдық сипаты көрініп тұрады. Адам өзін-өзі танып һәм адами қасиеттерін сақтау үшін адалдық жолынан таймаса, жүзінен әрі таймай жылы лебі сезіледі. Сондықтан «қазақ қыздарының өзгешелігі неде?» деген сұраққа жауап берместен бұрын, қазақ қызы да өзге ұлттардың қызындай жаратылыс иесі екенін атап өткім келеді. Ал жаратылыс иесі ретінде, хәкім Абай атамыз «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» дегеніндей, адам баласы адамшылығымен ғана ерекшелене алады деп ой қорытар едім. Нәпсі тыйып, жүрек тыныштығын тапқан шын адам күллі адамзатқа қадірлі болмақ. Құдай Тағаламыз қазақтың қызын да, ұлын да осындай ойлы жандардан қылса деген тілек бар.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС