Қара шеңгелді кім білмейді? Тіпті, ақ шеңгелді де білеміз. Бұл кісі де сұрамайтынды сұрап, адамның жынын келтіреді екен. Өкпелеп қалдым.
– Сен бекер бұртиясың, – деді Қожекең күлімсіреп. – Баяғыда ен тоғайды қалың шеңгел басушы еді. Ол арасынан өткен қотыр ешкінің онсыз да сирек жүнін, қанын шығарып жұлып алып қалатын. Ешкі байғұс бақырып, жан дауысы шығушы еді.
– Мұны маған неге айтып отырсыз? – дедім Қожанасыр ағатайыма.
– Неге айтпаймын? Қазір қара шеңгел сықылды әрі өткеннің, бері өткеннің қалтасын сыпырып алатын қара шеңгелдер көбейді ғой.
– Рас, – дедім мен мойындап.
– Рас болса, мен бір-екі айғақ айтайын. Әрі қарай өзің салмақтарсың, –деп қойды ағатайым.
– Осыдан шамалы ғана уақыт бұрын Ақтөбеде Есентұр Қадыров деген прокурор өте жанашыр жан еді, шіркін. Сол жалған кәсіпкерлік бойынша айыпталған азаматты «судан таза, сүттен ақ» етіп шығармақ болады. Бірақ оның бұл жанашырлығын жоғары жақтағылар сезіп қалса керек. Істі қайта қарауға жібереді. Біздің прокурор бұл іске қайта араласып, тағы да кәсіпкерді ақтап алмақ болып жанталасыпты. Білесің бе, әлгі азаматтың әрекетінен мемлекетке 6 миллиард зиян келген ғой. Ал ол соны ақтап әлек. Болмаған соң Бас прокуратураның өкілі араласады. Бұл оған 40 мың доллар ауызбастырық бермек болады. Бірақ аталған ведомствоның өкілі аяғын шалыс баспайтын адал жан екен. Ұсынысты басшыларына айтып келеді. Қадыров Бас прокуратураның өкіліне ауызбастырық беріп жатқан жерінде құрықталады. Ол сот шешімімен 7 жылға кесілді. Бұл қалай енді?
Қожанасыр ағатайым маған алара қарады. Мен – ұрлық жасаған баладай төмен қарадым.
– Ал тыңда, тағы да. Ақтөбе облысы Әйтекеби аудандық білім бөлімінің басшысы Қаныш Жарымбетов 22 мектеп пен 1 интернатқа бейнебақылау орнату үшін конкурсқа қатысқан Е.Мурзабаевқа ұсыныспен шығады. «Сен конкурста жеңімпаз боласың, әрі қарай менің қамқорлығымдасың» демей ме оған. Ал осы жұмыстарды атқару үшін мемлекеттен 40 миллион теңге бөлінген болатын. Қаныш осы еңбегінің өтеміне 7 миллион теңге сұраған көрінеді. Бірақ тергеу бөлімі оны нақты ұстай алмаған. Есесіне мердігер мекеме өкілі мен бөлім басшысы арасындағы хабарламалар әшкере болған. «Сонымен қатар Сарат, Бесқұдық және Үшқатты ауылдық округтерінде орналасқан балабақшаларына бейнебақылау жүйесін орналастыруға бір көзден сатып алу бойынша келісімшарт жасауға ықпал еткені белгілі болған», – дейді облыстық мемлекеттік Қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет сапасын бақылау басқармасының бас маманы Ләззат Қонаева. Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері оның осы әрекеттерін майшаммен қараған көрінеді. Ал бұған не дейсің? – деп Қожанасыр көкем тағы қабағын түйді.
Екеуіміз тоғай аралап, жүріп келеміз. Қожекеңнің екі қолы арқасында. Ләм-мим деп тіл қатар емес. Әлден соң құлаған бір ағаштың түбіне келіп отырдық. Ағатайым шапанын шешіп, бөрене үстіне қойды.
– Тағы бір ауызбастырық туралы айтайын. Ақтөбе облыстық Экология департаментінің бұрынғы басшысы Нұржан Аққұл да кәсіпкерге қамқорлық жасағысы кеп кеткен ғой. Бұл да жоғарыдағы прокурор сияқты тым жаны ашығыш болса керек. Оның да ауызбастырық алғаны белгілі болды. Бірақ ол айыппұлмен жазадан құтылып кетті. Осы облыстағы старшина Бижанов, старшина Еркінов және сержант Шадыманов деген жол-көлік полициясының қызметкерлері тәртіп бұзған жүргізушілерді жазадан құтқару үшін үнемі ауызбастырық алып отырған. Кезекті жорықтарында жүргізушіден 80 мың теңге пара алып жатқанда құрыққа ілінген. Міне, Ақтөбедегі ахуал осындай. Ақтөбе деген аппақ арына көлеңке түсіріп тұр, – деп Қожанасыр ағатайым ауыр күрсінді.
Ол парақорлық туралы тағы бірер айғақ айтқалы келе жатыр еді, уақыт шіркіннің шыр айналып келіп қалмасы бар ма. Қожекең ауызашарға бармақ екен.
– Айлардың сұлтаны – Рамазан айында қайдағыны айтып, басыңды ауырттым білем. Қайтейін, айтпасыма болмады. Кешір, айналайын, – деп Қожекең көлігіне, байырғы есегіне отырды.
Қамшыны үсті-үстіне ұрып бара жатқанына қарағанда ашуы әлі тарқамаған сыңайлы...
Әл-СОЗАҚИ