Себебі мұндай салмағы ауыр жұмысты үйрену, оны әрі қарай дөңгелетіп алып кету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мамандық ер мен әйелге бөлінбейді. Сол бір қалыптасқан стереотипке қарсы тұрған Қазақстандағы санаулы ұшқыш әйелдердің бірі – Ақерке Шопатаева. Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясының түлегі 2008 жылдан бері «Қазавиақұтқару» компаниясында қызмет етіп келеді. Он төрт жылға жуық уақыт бойы әуе көлігін көкте қалқытып келе жатқан кейіпкеріміз қазір Ми-8 тікұшағын тізгіндейді.
– Ми-8 бірінші санатты тікұшақ болғандықтан, оның ауаға көтерілу массасы 13 мың тоннаны құрайды. Тікұшақ жүк пен жолаушылар тасымалдау, санитарлық авиация, өрт сөндіру, сел тасқыны сынды құтқару жұмыстары кезінде қолданылатын әуе көлігінің бірі саналады. Әрине, бұл алып тікұшақтың ауаға көтерілуі ауыр жұмыс. Себебі ұшақты тізгіндеген сәтте ойыңдағы теорияны физикалық тұрғыда ұштастыра білуің тиіс. Ал қаншама жылдар бойы оқыған теориялық тәжірибені практикамен қатар алып жүру оңай емес. Мен өзімді әлі күнге дейін тікұшақты дұрыс тізгіндеуді үйреніп жүрген маман деп есептеймін, – дейді ұшқыш.
Әуеде 700 сағаттан аса ұшқан
Кейіпкеріміз «тікұшақты тізгіндеу – хоббиім» деп біледі. Авиация саласы жайында Кеңес үкіметі кезінде көгілдір экранда көрсетілетін ДОСААФ авиация, әскер, флот еріктілер қоғамынан біліп өскен ол уақыт өте келе анасының бағыттауымен әуе көлігін басқару саласына бет бұрған. Ақерке Шопатаева бүгінге дейін әуеде 700 сағаттан аса ұшқан.
– Мен оқуды Ан-2 ұшағының ұшқышы ретінде бітірдім. Қазір бұл ұшақ химиялық жұмыстарды атқарады. Нақтырақ айтсам, әртүрлі ауыл-аймақтардағы егістікті залалсыздандыру жұмысын атқарады. Шыны керек, әйел адам болғаннан кейін өзімді бұл қызметте көре алмадым. Өйткені улы дәрілермен жұмыс істейтін болғандықтан, ол денсаулыққа өз әсерін беретін еді. Сол уақытта нұсқаушым маған жұмыстың ауыр екенін, мүмкіндік болса авиацияға баруымды айтып кеңес берді. Алайда үлкен авиацияға бара алмадым. Кейін оқу тәмәмдаған соң Қазавиақұтқару мекемесі туралы сырттай естіп жүрдім. Соңында түйіндемемді жолдап көруге шешім қабылдадым. Күндердің бір күні Қазавиақұтқару мекемесі мені сұхбатқа шақырды. Серік Капаровтың қабылдауына барып, сұхбат барысында маған Ан-24, Ан-30 сынды тікұшақтарға бос орын жоқ екенін, алайда өзге тікұшақтар барын айтты. Бастапқыда тікұшақтың басқарылуы қарапайым ұшаққа ұқсас деп ойладым. Қаншама уақыт бойы әуеге көтерілмегеннен кейін не де болса ұшқым келді. Сондықтан бірден «иә» деп келісімімді бердім. Кейін мамандығым ұшақ ұшқышы емес, тікұшақ ұшқышы болып ауыстырылды. Бұл шешімім үшін өкінемін деп айта алмаймын. Себебі 13 мың тонналық көлікті әуеге өз бетіңмен көтерген сәттегі әсерді айтып жеткізе алмайсың. Тікұшақтар қонуға қолайлы кез келген жерге қона алады. Бастысы, әуе көлігінің габаритіне қолайлы жер болуы қажет, – дейді ол.
«Енемнің қолдауының арқасы»
Ақерке Шопатаева – отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген көпбалалы ана. Бүгінде төрт баланы дүниеге әкелген аяулы ана, бір шаңырақтың ошағын тұтатып, ұрпағын өргізіп отырған ардақты келін. Тұңғышы 14 жаста болса, ал кенжесі қазір 3 жаста. Қиындығы мен қызығы мол салада жемісті қызмет етуіне енесінің қолдауы орасан екенін айтады.
– Балаларымды дүниеге әкелгеннен кейін олар 1 жасқа толысымен-ақ енем: «Үйде отырма, ақыры осындай мамандықты иеленгеннен кейін оқығаның зая кетпесін. Сен жассың, жұмыс істе. Балаларыңды аяққа тұрғызу керек» деп мені жұмысқа жіберді. Балаларымды балабақшаға, мектебіне, үйірмесіне өзі алып барып, алып келеді. Енемнің арқасында осы уақытқа дейін өз мамандығымды иеленіп жүрмін. Аналарымның бірі жарық дүниеге әкеліп, ұшқыш мамандығын таңдауыма жол сілтесе, екіншісі сол мамандықты әрі қарай жалғастыруыма себепші болды. Дегенмен әйел заты болғаннан кейін жұмыспен қатар, отбасын да қатар алып жүруің тиіс. Әзірге өзімді толыққанды жоғары санатты маманмын деп айта алмаймын. Өйткені қызметтік жылдарымның арасында декреттік демалысқа шықтым. Үзіліс уақыты өз әсерін береді. Мысалы, бір жыл бойы тікұшақ басқарып, тәжірибе жинайсың. Қандай да бір жұмысты атқару барысында қолың шынығады. Осы қарқынмен келе жатқан кезде демалысқа шығып, біршама уақыт әуеге көтерілмейсің. Ал ұзақ уақыт бойы ұшақпен ұшпағаннан кейін жинаған тәжірибені қайта қалпына келтіру қажет болады, – дейді Ақерке.
«Өртті сөндіру үшін күніне 50-60 рет су құю қажет болды»
Әуеге көтерілген сәтте әрбір минут, секунд маңызды. Кез келген мамандықтың қызығымен қатар, қиындығы болатыны рас. Әсіресе, күрделі әуе кемесін басқару кезінде өзіңнің ғана емес, бірнеше адамның өміріне жауапкершілікті арқалайсың. Кейіпкеріміз – Абай облысында болған алапат өрт кезінде күні бойы тік тұрып қызмет еткен мамандардың бірі. Ұшқыштың өзі тілсіз жаудың салдары ауыр болғанын, қаншама адамның отбасынан жырақ кетіп, қауіпті алаңда өрт сөндірумен айналысқанын айтып еске алды. Ұшқыштың сөзінше, әуе көлігін тізгіндеген маман, ең біріншіден түрлі жағдайларға психологиялық тұрғыда дайын болуға тиіс.
– Әуе көлігі болғаннан кейін әртүрлі факторлар болады. Ұшақта қандай да бір ақау пайда болып, өміріңе қауіп төнген жағдайда жұмысты дәл уақытында нақты талаптарға сай орындау маңызды. Біз адам өмірі үшін жауап береміз. Өрт сөндіру, қандай да бір ауыл хәлде жатқан адамды тасымалдау немесе әртүрлі биіктіктегі таулы аймақтарға қону сияқты жұмыс атқарылады. Жақында Абай облысында болған өрт салдарынан қаншама жер күлге айналды. Өрт кезінде жолдасым екеуміз екі тікұшақпен екі жерде жұмыс істедік. Ұшақ тізгіндеу кезінде қиындықпен бетпе-бет келге сәттер өрт сөндіру кезінде болды деп ойлаймын. Себебі өрт аумағы үлкен болғандықтан, оны сөндіру де оңай болған жоқ. Бір аумақтағы өртті өшіру үшін бір экипаж күніне 50-60 рет су құю қажет болды. Таң атқаннан түскі уақытқа дейін бірінші экипаж жұмыс істесе, түстен кеш батқанға дейін екінші экипаж шығып, өрт болған аймақта жүрді. Шыны керек, физикалық және психологиялық тұрғыда әлсіредік деп айтсақ да болады. Бірақ жұмыс барысы болғаннан кейін әлсіздік пен шаршауды сезінуге мұршамыз болмады. Өрт сөндіріліп аяқталғанша, соңына дейін жұмыс істедік, – деп сөзін түйіндеді ұшқыш А.Шопатаева.
Құрт жайған тракторшы келін
Ал Арайлым Байдашова – төрт жыл бойы трактор тізгінін ұстап, ауыл шаруашылығында тынбай еңбек етіп жүрген жан. Арайлым салмағы 4 тоннадан асатын көлік тізгіндеу арқылы шөп шауып, қыстаққа тасымалдаумен айналысады. Сондай-ақ кейіпкеріміз трактор айдап, шаруашылықпен айналысқан сәттерін кадрға таспалап, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап отырады.
– Трактор тізгіндеу ісін жолдасым үйретті. Бастапқыда көлікті, мотоциклды үйреніп бастадым. Бірақ мотоциклден құлап қалған соң оны қайта айдауға бетім қайтып қалды. Қазір мотоциклге аса міне қоймаймын. Алғашында жолдасымның шаруаға үлгермей жүргенін көргеннен кейін мен де трактор тізгіндеп көретінімді айтып ұсыныс тастадым. Екеуміз кез келген жұмысты бірлесе атқарамыз. Өкінішке қарай, қазір жастар ауылға келе бермейді. Оның үстіне, байланыс нашар болғандықтан, ғаламторға кіре алатын жер табу үшін бірнеше шақырым жүру қажет, – дейді тракторшы келін.
Кейіпкеріміз негізінен есеп және аудит мамандығы бойынша білім алған. Осыған дейін Жылжымайтын мүлік орталығында жұмыс істеп келген. Өзінің айтуынша, болашақ жарын да қызмет бабымен жүрген уақытта жолықтырған. Бүгінде ауылдың тынымсыз тіршілігіне бойы үйренген тракторшы келін – үш баланың анасы. Бір қызығы, Арайлым трактор тізгіндеумен қатар, мал бағып, бие мен сиыр да сауады.
– Қазір қыстақтағы шаруаны жолдасым Дарын екеуміз жүргізіп отырмыз. Шаруашылық ата-әжемізден қалған, сондықтан оны әрі қарай жалғастыру мақсатында жолдасым екеуміз істі тоқтатқымыз келмеді. Жаздыгүні таңғы бестен бастап жұмысқа кірісеміз. Бие мен сиыр сауып, майым мен құртымды жасап, қалаға өткізіп отырамын. Әзірге кәсібім – осы. Келешекте дәл осы кәсіпті әрмен қарай жандандырып, үлкен фермер құрып, қымызды бренд өнім ретінде шығарғым келеді, – дейді А.Байдашова.
Әңгіме барысында екі кейіпкеріміздің де бойынан бір қасиетті байқадық. Ол – істі соңына дейін нәтижелі атқаруға деген табандылық пен батыл мінез. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөзге осы сәтте тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Себебі олар – отбасының ұйытқысы ғана емес, ер азаматтармен иық тірестіре жүріп, қоғамның алға жылжуына серпін беріп отырған қайсар күштің иелері.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы