Ал қазіргідей жерді қашықтан зондтау технологиялары секілді инновациялық мүмкіндіктерге қол жеткізе отырып, еріген қар суынан зардап шегу ақылға қонымсыз. Биылғы көктемнен келер қауіпті алдын ала болжап білсек те қазіргі ахуал қамсыз қалғанымызды көрсетіп отыр.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында «217 елді мекен су басу қаупі бар, бұл – 86 мыңнан астам үй. Бір үйді су басқанының өзі үлкен қиындық, ал біз бүгін жарты миллион адамның өмірін қатерге тігіп отырмыз» деген болатын.
Былтыр ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығына арналған жерсеріктік талдау орталығы EOS Data Analytics (EOSDA) Қазақстандағы еріген су проблемасына қатысты есебін жариялап, ерте көктемде қардың қарқынды еруі ауыл-аймақтарға қауіп төндіретінін жеткізген еді. Құжатта еліміздегі «1 806 гидротехникалық құрылыстың техникалық жағдайы қауіпті, оның 471-і күрделі жөндеуді қажет ететіні, сонымен бірге мемлекет тарапынан қолдаудың болмауына байланысты бұл құрылыстардың техникалық жағдайын нақты бағалау қиынға соғатыны» баяндалған.
Елімізде жазда су жетіспейтінін, ал көктемде су тасқынынан зардап шегетінімізді су шаруашылығы мамандары жиі айтады. Дегенмен суды тиімді басқару мен оны үнемдеу тетітктері әлі де болса жолға қойылған жоқ. Депутат Сергей Пономарев Үкімет пен әкімдіктер су тасқынының алдын алу жұмыстарын толық атқармады деп сын тақты.
– Бұл, ең алдымен, гидротехникалық құрылыстар жүйесін құру және қолдау бойынша жүйелі дайындық жұмыстарының болмауына байланысты. Су шаруашылығы нысандарының желісі үнемі бақылауды, күтімді, жөндеуді және ең бастысы, жаңартуды қажет етеді. Биылғы ақпан айында ТЖМ деректері бойынша еліміздегі 537 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді, оның сегізі – иесіз құрылыстар. 200-ден астам бөгеттің төлқұжаты жоқ және олардың техникалық қауіпсіздік деңгейі анықталмаған. Су қорғау белдеуінде заңсыз құрылыс салу мәселесі де күн тәртібінде тұр, – дейді Мәжіліс депутаты.
Агроэксперт Кирилл Павлов жылына Ертіске ағып кететін 23-25 миллиард текше метр суды ауылшаруашылық жерлерін суару арқылы пайдаға асыруға болар еді деген пікірде. Бірақ ол үшін арнайы су қоймаларын салып, жинақтау қажет. Ал экономист Сапарбай Жобаев су шаруашылығындағы мұндай маңызды нысандарды салуды жеке инвесторларға тапсырған абзал дейді.
– Америкада балықтарға экологиялық жағынан кері әсер етеді деп кейбір су қоймаларын бұзып жатқан көрінеді. Дегенмен біздің елде осындай далалы аймақтарда, жазық жерлерде еріген қар суынан қорғану мақсатында су қоймаларын салу дұрыс шешім деп білемін. Мысалы, дамыған өркениетті елдерде су шаруашылығы нысандарын жеке инвесторлардың басқаруына беру арқылы жемқорлықтың алдын алып отыр. Ал егер жауапкершілікті жергілікті басқару органдарына жүктейтін болсақ, мұндай маңызды объектілер иесіз қалады. Сондықтан мемлекеттің балансына қайтарылса, керісінше, нағыз жемқорлыққа жол ашылатынын түсіну қажет. Дүниежүзінде жеке инвесторлардың күшімен салынған нысандарды сақтандыру мәселесі де жақсы қамтылған, – дейді сарапшы.
Сақтандыру компаниялары тәуелсіз болғандықтан, өз талаптарына сәйкес тұрақты тексеріс жүргізіп отырады, нысанның қауіпсіздігін жіті бақылауында ұстайды. Маманның пікірінше, сақтандыру құрылыс саласындағы сапаның стандарттарға сай болуына да септігін тигізіп, заңсыздықтардың алдын алар еді.
– Кеңес дәуірінде тоталитарлы мемлекет болды дегенімен, соның өзінде ғимараттарды, бау-бақша ағаштарын ірі-қара малды сақтандырушы еді. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе. Ол кездегі сақтандыру компаниялары биліктің қолында болатын. Қазіргі сақтандыру компаниялары жекеменшікке тиесілі. Десе де, олар да үйді немесе шаруашылықты сақтандыру барысында өздерінің талаптарын қояды. Қарапайым ғана оның қандай құрылыс материалынан салынғанынан бастап, орналасқан жеріне дейін, яғни су тасқыны орны алуы мүмкін аумақтардан тысқары орналасқан болуы керек дегендей нақты шарттарды талап етеді. Мұның бір тиімді тұсы кез келген табиғи апаттан зардап шеккен азамат сақтандырудан алған өтемақысы арқылы ары қарай тұрмысын түзейді. Мәселен, Еуропа, Америкада қаншама табиғи апат болып жатса да, азаматтары мемлекетке қолын жаймай, 70-80 пайызға жуық шығынын сақтандыру компаниялары арқылы өндіріп алады, – дейді ол.
Кәмила ЕРКІН