Зерттеушілер зорлық-зомбылық балалардың болашақ өміріне, нақтырақ айтсақ, денсаулығы мен әл-ауқатына, айналасымен қарым-қатынасына әсер ететінін айтады. Ресми статистикаға сүйенсек, 2022 жылы балалардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша 155 жағдай тіркелсе, 2023 жылы еліміз суицид көрсеткіші бойынша 178 мемлекеттің ішінде 19 орынға тұрақтаған.
Бала құқығы – қазіргі қоғамда өзекті әрі түйіні тарқамаған тақырыптың бірі. Оның бір себебі – отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі. Психолог мамандар отбасындағы зорлық баланың психологиялық ахуалына әсер ететінін, кейінірек оның қоғаммен ашық қарым-қатынасына кедергі келтіретінін айтып дабыл қағады. Осыған дейін де біз газетімізде бала құқығы мәселесін көтерген едік. Естеріңізде болса, таяуда Алматы қаласындағы балабақшалардың бірінде балалардың топ ішінде бір баланы соққыға жығып жатқаны туралы видео әлеуметтік желіні шарлаған еді. Өкініштісі сол, соққының әсерінен замандастарынан зәбір көрген бүлдіршіннің миы шайқалған. Кейіннен балабақша әкімшілігінің бұйрығымен түскі ас алып келу үшін шығып кетіп, балалардың іс-әрекетін қадағалай алмаған тәрбиешіге қатаң сөгіс жарияланғаны белгілі болды. Ал Алматы қалалық Білім басқармасы балабақша меңгерушісіне тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады. Осыған ұқсас балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің көбеюі қоғам алаңдаушылығын одан сайын арттыра түскендей. Адам шошырлық мұндай трагедиялар неліктен елімізде жиі қайталанады? Қатігездік қазақстандықтардың әлеуметтік ортасына қалай енеді? Бала құқықтары жөніндегі экс-уәкіл, қоғам қайраткері және «Милосердие» Ерікті қоғамы» қоғамдық қорының басшысы Аружан Саин қоршаған ортаның жеке тұлға қалыптастырудағы әсері, сондай-ақ бала құқығын тиімді қамтамасыз ету тақырыбы төңірегінде пікірін бөлісті.
«Маугли синдромы»
Аружан Саин елімізде балаларға қатысты жайсыз хабарлардың көбеюіне қоғамда ашық көрсетіліп жатқан түрлі оқиғалар әсер ететінін айтады. Бұл баланың рухани, психологиялық тұрғыда қалыптасуына белгілі бір деңгейде ықпал етпей қоймайды.
– Балаларға қатысты қатыгездік жағдайларының көбеюінің бір себебі – қоршаған ортаның көрінісі. Себебі мұнда жеке тұлғаның қалыптасуы жүреді. Әлеуметтану ғылымында атап өткендей, балалық шақ адам бойында моральдық нормалар мен құндылықтарды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Қасқырлар арасында өскен бала олардың өмір сүру салтын қабылдайтын «Маугли синдромы» сияқты, адамның мінез-құлқы да оның балалық шағында қандай нормаларды сіңіргеніне байланысты. Баланың ортасы оның мінез-құлқына міндетті түрде әсер етеді. Егер бала айналасынан жағымсыз мысалдарды жиі көрсе, сондай-ақ баланың жетістіктері сыртқы ортадан қолдау таппаса, олардың қоғамдағы мәртебесін агрессивті көріністермен анықтауға болады. Мұндай жағдайда балалар «қауіпсіз» болып көрінетін қоршаған агрессивті ортаға қосылуы арқылы ең аз қарсылық жолын таңдай алады. Бұл тұрғыда баланың азғындық және қатыгездік әрекеттеріне кәмелетке толмаған балалар ғана емес, сонымен қатар осындай жағдай туғызатын үлкендер де жауапты, – дейді ол.
50/50 пропорциясы: ата-ана мен мемлекеттік жүйеге байланысты
Ал үлкендер деп айтып отырғанымыз кімдер? Аружан Саинның сөзінше, бұл ретте ата-ана мен мемлекетке артылар жауапкершіліктің салмағы ауыр. Екі күш бір-бірімен біріксе ғана бала құқығы мәселесі басты назарға алынып, жолда кездесетін тосқауылдарды еңсеруге болады.
– Бұл ересектер кімдер және мұндай жауапкершілік кімге тиесілі деген сауал туындайды. Баланың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру 50-50 пропорциясы, яғни ата-ана мен мемлекеттік жүйеге тікелей байланысты. Отбасында да, қоғамда да баланың дамуына, оның бойына дұрыс құндылықтарды сіңіруге және әрбір баланың өз мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасау маңызды. Сонда ғана қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендетіп, болашақтағы тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады. Полиция департаменті ата-ана мен тәрбиешіге қатысты іс қозғады. Дегенмен жастайынан осындай қатыгездікке қабілетті болып өскен балаға, төбелеске қатысқан өзге де балаларға қандай шара қолдану қажет? Балаларға мұндай мінез-құлықтың дұрыс емес екенін түсінуге қалай көмектесе аламыз? Ең негізгісі, бұл жұмысты кім атқарады? Бала тәрбиесімен айналысатын ересектер бұл тапсырманы орындай ала ма? Меніңше, басты мәселе – осында, – дейді А.Саин.
Бала құқықтары жөніндегі экс-уәкіл осыған дейін де сарапшылар қауымдастығымен бірлесе отырып елімізде бала құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар реформаларды енгізгенін атап өтті. Бұл өзгерістердің негізгі принципі – әлеуметтік ахуалына, отбасылық жағдайына немесе ерекше қажеттіліктеріне қарамастан барлық баланың тең құқықтары. Ал жаһандық мақсаты – жоғары сапалы адами капиталды қалыптастыру, дені сау, білімді, мәдениетті, жалпыадамзаттық құндылықтарды нақты түсінетін және бір-бірінің құқықтарын құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу. Бұл отбасы мен мемлекеттік жүйеге байланысты болып келеді. «Мемлекет азаматтардың жоғары өмір сүру деңгейін, тұтастай алғанда қуатты экономиканы, елдің жеке және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрбір бала алдындағы өз міндеттерін орындауға міндетті», – дейді Аружан Саин.
– Маңызды реформалардың бірі – әр баланың денсаулығын ұзақ жылдар бойы сақтауға бағытталған балалық шақтағы мүгедектікті азайту бастамасы. Спортпен және шығармашылықпен айналысу үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру реформасы аясында біз балаларды жыл бойы барынша белсенділікпен қамтамасыз етуге тырыстық. Бұл балалардың физикалық және мәдени дамуына ықпал етті. Менің ойымша, бұл – өте маңызды аспект. Сондай-ақ денсаулық пен қалыпты физикалық дамуды қолдау мақсатында 1-11 сыныптар арасындағы барлық баланы ыстық тамақпен қамтамасыз ету реформасы енгізілді. Айта кететін жайт, мектеп формасын қамтамасыз ету реформасы негізінен балалар арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған. Бұл қорлаудың алдын алудың басты факторы болып саналады. Алайда біршама мемлекеттегі ахуалға ұқсас, біз де білікті кадрлар жетіспеушілігі мәселесіне тап болдық. Бұл жоспарланған реформаларды жүзеге асыруда қиындықтарға ұрындырып, оларды тиімді жүзеге асыру жолында кедергілер тудырады. Мұндай кедергілерге қарамастан мен сауатты жоспарлау, басымдықтарды нақты анықтау және шешім қабылдаушы лауазымды тұлғалардың жауапкершілік танытуы реформалардың қысқа мерзімде сәтті жүзеге асырылуын қамтамасыз ете алатынына сенімдімін. Билік мемлекеттік инвестициялардың негізгі нысаны балалар екенін түсінуі, олардың қоғамдық әл-ауқат контексіндегі басымдылығын мойындауы маңызды, – дейді маман.
«Балаларға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау қажет»
Осы тұста елімізде заңнаманы нығайту және балаларға қатысты қылмыстар үшін жауапкершілікті арттыру өзекті екенін атап өткен жөн. Бірақ оның салдарымен күресу тек жазануы қатаңдатуды ғана емес, сонымен бірге зорлық-зомбылықтың кез келген түрінің алдын алуға, азаматтарды, әсіресе балаларды тәрбиелеуге деген мемлекеттік көзқарастағы түбегейлі өзгерістерді талап етеді.
– Балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларын тиімді шешу үшін ата-ананың, қоғамның және мемлекеттің бірлескен күш-жігері қажет. Бастан өткерген тәжірибе балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының негізгі тамыры олардың даму мүмкіндігінің жоқтығында жатқанын көрсетеді. Сүйікті спорт түрлерімен, шығармашылықпен айналысу үшін қолдау мен мүмкіндіктің болмауынан балалар желідегі қауіп-қатер, нашақорлық, алкогольге тәуелділік сияқты қауіпті факторларға ұшырауы мүмкін, – дейді Бала құқықтары жөніндегі экс-уәкіл А.Саин.
Сөз соңында Аружан Саин зорлық-зомбылықтың себептерін жою үшін балаларға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау қажет екенін түйреп өтті. Балаларды барынша пайдалы іспен айналысуға итермелейтін, олардың қабілеттерін дамытып, таланттарын анықтайтын жүйе құру – әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті, экономика, ғылым және технология саласында өсуге ынталы, сапалы адами капиталды қалыптастыруға ықпал етеді. Аружан Саинның айтуынша, осындай ұрпақ қана тұрақты моральдық құндылықтар мен бір-бірінің құқықтарын құрметтейді. Бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздікті және ұлттық тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы