Қауіп әлі сейілген жоқ

Қарғын судан келген қауіп Атырау облысын тік тұрғызды. Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылы судың ортасында қалып, 31 наурыз күні ауданда төтенше жағдай жарияланды. Сын сағаттағы алғашқы қадамдардың бірі – жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялау болды.

Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін, үш эвакуациялық пункт белгіленді. Осы­лайша, 31 наурыздан 1 сәуірге ауған тү­ні 600-ге жуық тұрғын эвакуациялық пункт ретінде бекітілген Ы.Шөреков атын­дағы орта мектеп гимназиясы, Х.Дос­мұ­ха­ме­дов атындағы орта мектеп және «Нұр-Шуақ» балабақшасына көшіріліп, әйел-ба­лалар, науқас адамдар және I, II, III-топ­тағы мүгедектігі бар азаматтар Сағыз ауы­лына эвакуацияланды.    

Су басу қаупімен Қызылқоға ауданы бірінші рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Бұ­ған дейін тіпті, Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігі Қызылқоға өңірін су шаю қаупі бар ауылдар тізіміне енгізген болатын. 

Қызылқоға ауданы әкімдігінен біл­ге­німіздей, су тасқынының алдын алу жұ­мыс­тары 18 наурызда басталған. «Миялы ауылында бөгеттерді көтеру жұмыстары 18-і басталды. 28 наурыздан бастап аудан бойынша кезекшілік ұйымдастырылды. Ауыл іргесіне бөгет көтеру, қапшыққа құм толтыру, жағаларды биіктету жұмыстарына 275 мекеме қызметкерлері, 48 полиция қыз­меткерлері, Атырау облысы төтенше жағ­дайлар департаментінің 110 қызметкері жә­не 3 000-нан астам ерікті жұмыл­ды­рыл­ды. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 45,7 ша­қырым бөгет бар. Тасқын судың қауіп­тілі­гіне байланысты бүгінгі күні аудан бойынша 26 шақырым 350 метр болатын бө­гет­терді көтерілуде», – деді Қызылқоға ау­даны әкімінің орынбасары Жарас Есен­ғалиев. 

1 сәуір күнгі күндізгі сағат 12.00-дегі ақ­парат бойынша, Миялы ауылында су дең­гейінің сәл түсуі байқалады. «Десек те, әлі қауіп бар. Қажетті қапшықтар дер ке­зін­де жеткізіліп, таратылып берілді. Бұрын мұн­дай көлемде су болған жоқ. Миялы ауы­лы аралдың ортасында қалғандай бол­ды», – деді Жарас Есенғалиев.

Белгілі болғанындай, Ойыл өзені бойын­да орналасқан ауылдардан 2000-нан астам қой-ешкі, 400-ден астам мүйізді ірі қара, 138 жылқы, 20 түйе қауіпсіз аймаққа шы­ғарылған. Ауылды топан су басудан құт­қару жұмыстары тәулік бойы жүріп жа­тыр. 

Қалыптасқан күрделі ахуалға байла­ныс­ты, ана мен бала, егде жастағы тұрғын­дар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Миялы ауылынан Атырау қаласына бара­мын деген тұрғындар үшін тегін автобустар жү­ріп жатыр. «БатысТехИнвест» ЖШС ар­қылы күніне үш мезгіл 247 тұрғын облыс орталығына тасымалдануда. Одан өзге, 50-ден астам тұрғын өз көліктерімен об­лыс орталығына жетіп үлгерген.  

Ал «Сағыз-Миялы» бағытындағы тас­жол­ды тасқын су шайып кетуіне бай­ланысты, аталған бағытқа автобус тасы­малы уақытша тоқтатылды.

Ерекше атап өтерлігі, қарғын судан төн­ген қатерге қызылқоғалықтар бірлесіп тө­теп беріп жатыр. Миялылық Тұрғын Бе­кешов тұрғындардың үш күнге жуық уақыттан бері ұйқысыз таң атырып жат­қанын айтады. 

«Ауылымызға тасқын су өте үлкен қауіп төндіріп отыр. Төтенше жағдай жа­рия­ланған таңнан бері атқарушы орган, құтқарушылар, полицейлерді қоспағанда, ауылдың ер адамдары, көршілес Мұқыр, Сағыз ауылдарынан келген еріктілер тәу­лік бойы бөгет тұрғызып, тоқтаусыз жұмыс жа­сап жатыр. Ауылдағы бүкіл техниканы жұмылдырып, қолдарына күрек ұс­тап, басы-қасында жүр», – дейді ауыл тұр­ғыны Тұрғын Бекешов.

Айта кетерлік тағы бір мәселе, қызыл­қо­ғалықтар су тасқынына қарсы жұмыс­тар­ды үйлестіруде ауызбіршілік танытып отыр. Миялы ауылының кәсіпкерлері Ойыл өзені тасқынын болдырмау үшін бө­гет тұрғызып, жаға бекіту жұмыстарымен айналысып жатқан еріктілер мен төтенше жағдай қызметкерлеріне үш күннен бері үш мезгіл ыстық тамақ тара­туда.

Жергілікті тұрғын, Қызылқоға аудан­дық кәсіпкерлер палатасының директоры Алтынзер Баймұратованың ұйымдас­тыруы­мен 15 кәсіпкер жұмылып, бір күнде 1 500 адамға ыстық тағам мен сусындар дайын­дап, үлестіріп жатыр.

– Ауданымызға сын-қатер төнген кез­де ауыл үлкендері мен жастары қолға күрек алып, Ойыл өзенінің жағасын бекітуде үз­діксіз қызмет етуде. Біз де қол қусырып оты­ра алмаймыз. Кәсіпкерлеріміз үш күн­нен бері бизнес нысандарының жұмысын тоқ­татып қойып, ортақ істің басы-қасында жүр, – деді Алтынзер Баймұратова.

Ауданда ыстық тамақ жасауға келмесе де, қаржылай көмек көрсетіп жүрген биз­нес өкілдері де бар. Тағамдар «Бақыт» мей­­­­рамханасында дайындалуда. Үздіксіз жұ­мыс істеп жүргендердің арасында Гүл­зира Елеуғалиқызы да бар.

– Ел басына күн туғанда ерлеріміз етік­­пен су кешіп жүр. Таңның атысы, күн­нің батысы жаға басында. Солардың бір­ле­се істеген қарқынды жұмыстарының ар­­­қа­сында тасқынға төтеп беріп жатыр­мыз. Мен де өзімнің киім дүкенімнің есі­гін кілттеп, осы жерде жүрмін. Тек апаттан аман шықсақ екен, – дейді ауыл тұрғыны. 

Қызылқоға ауданындағы су тасқыны ту­ралы ақпарат сағат сайын өзгеріп жатыр. Де­генмен су басу қаупінің ортасында тұр­ған Миялы ауылында бөгеттерді көтеру, жа­ға нығайту, құм толы қапшықтармен бе­кіту жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жү­ріп жатыр. 

Өкінішке қарай, су тасу қаупі Қызыл­қо­ға ауданы бойынша Сағыз, Аққора ауыл­дарында да сақталып отыр. Бұдан бө­лек, Жылыой, Құрманғазы аудандарын­да да қауіп бар.  Қазір көктемгі су тасқыны­на қарсы күрес шаралары Жылыой ау­да­нын­­да да жүйелі жүргізілуде. Жылыой ау­­да­ны әкімдігінің баспасөз қызметінің же­­текшісі Ақмоншақ Әбілхасованың ай­туын­­ша, Жем ауылдық округі аумағында бай­­қалған өзеннің қауіпті тұстары то­пы­рақ­пен биіктетіліп, нығайтылуда.

«Сонымен қатар Жемнің бойындағы Құр­жем шлюзінің маңы, Құрсай өзенінің осал жерлерінде де осындай жұмыстар істелген. Бұдан бөлек, биылғы ақпан-нау­рыз айларында Құлсары қаласына қарасты Ме­шіт ауылының маңы, Қамыскөл жаға­лауы, «Атырау» шағын ауданы және Шоқ­пар­тоғай ауылының маңайындағы бұзыл­ған бөгеттер қалпына келтірілді. Қазір Қа­­мыскөл жағалауының осал тұстары ны­­­ғайтылып жатыр», – деді спикер. 

Арнасынан асуы мүмкін деген болжам ай­тылып отырған Қиғаш, Шарон өзендері бойымен тасқынға қарсы салынған бөгет­тер­дің ұзындығы 264 шақырымды құрай­ды. 

Оның 158 шақырымы Қиғаш, 106 ша­қы­­рымы Шарон өзенінің бойында орна­лас­қан. Құрманғазы ауданы әкімінің кеңес­­шісі Ернар Боранғалиевтің айтуын­ша, бүгінде Шортанбай, Көптоғай, Дың­ғы­­зыл ауылдарының тұсында тұрғызылған дам­­былардың аса қауіпті деп танылған учас­келерін бекемдеу жұмыстары жүргі­зілу­де. Ауданда төтенше жағдай болғанда тұр­ғындарды қауіпсіз жерге көшіретін 26 тұрақ­ты және 5 аралық эвакуациялық қа­был­дау бекеті жұмыс істеуде. 

Әзірге, Атырау облысы бойынша ахуал осын­дай.

Баян ЖАНҰЗАҚ