Алайда келешекте тұрғындарға пайдасы мол болар жолайрықтың құрылысы кезінде айналасындағы талай ғимаратқа, кәсіпкерлік нысандарға зиянын тигізгені рас. Осынау алып құрылыс жұмыстары кезінде жолаушылар мен жаяу жүргіншілер де талай қиындыққа душар болды. Есесіне, адамдарды біраз әбігерге салған жолайрық бүгінде пайдалануға беріліп, жұрт кеңейген жолдың қызығын көруде. Алайда өкінішке қарай, құрылыс жұмыстары басталған кезде аумағы 117 гектар болатын дендробақтағы ағаштарға да үлкен шығын алып келіпті. Осынау жолайрық құрылысы басталған сәттен бері дендрологиялық саябақта 8 000-ға жуық ағаш қурап кеткен. Оның себебін мамандар құрылыс кезінде құбырлардың кесіліп кетуімен түсіндіреді.
«Былтыр жыл басында дендросаябақтағы ағаштардың неге қурап бара жатқанын түсінбей дал болған билік экологиялық сараптама жүргізуді тағайындаған. Осылайша, дендросаябаққа алдағы 2 жылда Индонезия, Корея секілді елдерден 10 түрлі ағаш, жалпы 500 түрлі көшет егіледі», – деп айтқан еді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының сол кездегі басшысы Ержан Жолдасов. «Сондай-ақ мұндағы көгалдардың 40 пайызына тамшылатып суару технологиясы қолданылса, қалған бөлігіне автоматты суару жүйесі енгізіледі. Жалпы, биыл жыл соңына дейін ден-дросаябақ толығымен сумен қамтылатын болады», – деп сенімді жауап берген сол кезде.
Әлі күнге дейін дендросаябақты суландыру мәселесі шешімін таппай отыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Мырзахмет Сынабаев қала басшысына жанайқайын білдірді. Ол қаладағы ең үлкен бақтың 3 жылдан бері сусыз отырғанын айтып, шырылдады. Дәл осылай жалғаса беретін болса, саябақтағы ағаштардың бәрі қурап қалатынын жеткізді. Көктем шығып, күн жылынды, тіршілік нәрі саналатын судан тапшылық болса, көшеттер нәрсіз қалмақ. Мәселе қоғамдық кеңестің кезекті отырысында да қаралды. Ал дендро саябақ басшысы Гүлнар Сапарымбет бұл мәселенің 3 жылдан бері өзекті болып отырғанын жасырмайды. Әйткенмен, жолайрық салынып жатқанда құбырлардың жарамсыздану салдарынан болған бұл келеңсіздіктің шешімі биыл табылып қалар деген үмітте саябақ басшысы. Гүлнар Бертайқызының сөзінен қанша дегенмен әкімдікке бағынышты мекеме болған соң аса наразылық байқалмайды. Керісінше, «биыл суды өз деңгейінде алатын шығармыз, проблема болмау керек» деп сенім білдіріп отыр. Әрине, лайым сенім ақталсын, былтыр ғана 500 түрлі көшет егеміз, оның 40 пайызына тамшылатып суару технологиясы қолданылса, қалған бөлігіне автоматты суару жүйесі енгізіледі деп нық сеніммен айтқан бұрынғы басшының кебін кимесе деп тілейміз. Еске сала кетейік, 1979 жылы Асанбай Асқаровтың бастамасымен пайда болған дендробаққа жалпы 600-ге жуық түрлі тал-дарақ егілген. Қазір соның 200 түрі ғана көгеріп тұр.
Үшінші мегаполисте қыруар қаржы жұмсалып егілген көшеттердің көгермей көктей солатыны жиі қоғамдық пікір туғызады. Әсіресе, осыдан 7-8 жыл бұрын 38 гектар аумақта «Шатқал» деген бағдарламамен ондағын мың ағаш көшеті егілген. Сөйтіп, 17 мың гектар аумақты халық демалатын орынға айналдыру көзделген. Бүгінде «Шатқалға» егілген ағаштардың 90 пайызы қурап, сұраусыз қалды. Қаңғыбас иттердің мекеніне айналған аймақ қазір тіпті аянышты күйде. Алайда оған бас ауыртып жатқан билік көрінбейді. Өңірде мұнан өзге де көшеттердің қурап, солып қала беретіні, арагідік тұрғындардың ашу-ызасына тиіп жатады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы