Бейқам жатқан жұртты зар илеткен биылғы көктемнің ауыр зардаптарынан қазір елдің барлық аймағында аса күрделі. Бірнеше ауылдар суға кетіп, жолдар мен көпірлер шайылып, қолдағы бар малы суға ағып кетіп жатқанда билік те, халық та еш қайран қыла алмады. «Тасқынға тосқын боламыз. Тастүйін сақадай сай әзірміз» деп «сайраған» облыс әкімдіктері мен Төтенше жағдайлар министрлігінен бастап, жергілікті ведомстволардың айтқан сөзінің қарғын судың деңгейі көтеріліп, су ауылдарды тұтастай басқан шақта көпе-көрнеу жалған екені айдан анық көрінді...
Су тасқынының ауыр зардабын тартып жатқан аймақтардың бел ортасында Ақ-мола облысы да бар. Қазір облыстағы жағдай аса күрделі. Бірнеше елді мекендер қарғын судың астында қалып, баспана-ларының ішіне дейін су кетті. Жолдары да суға кетіп, сыртқы әлеммен байланысы мүлде үзіліп жатса, бір жағында омбы болып үйілген қалың қардың әлі көбесі де сөгілмей, «қашан басталар екен!» деп нали күтіп жатқандар да баршылық.
Қыс бойы көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстарының «ойдағыдай» өткізіліп жатқанын басқалар сияқты Ақмола облысының да аудан әкімдіктері мен төтенше жағдайлар қызметі жоғарыға жеткізіп баққан. Облыста биылғы көктемгі су тасқынына бөлінген қаржының көлемі де аса қомақты. Миллиондар емес, бұл жолы облыста көктемгі су тасқынынан елді мекендердің «құрғақ» шығуы үшін бақандай 2 миллиард 239 миллион теңге бөлінген. Былтырмен салыстырғанда 77 пайызға көп болған. Жергілікті аудан және қала әкімдіктері облыс бойынша су тасқынының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі бірлесіп, 18 588 метр су арнасы тереңдетіліп, бұзылды, аласарған 8 мың метрден астам бөгендерді нығыздап бекітіп, 58 дана су өткізу құбырлары салынды, 2 мың шақырымнан астам жолдың жиектері бекітілді деген мәлімет берген. Мәселен, облыстың төтенше жағдай қызметі су тасқыны басталмай тұрып, ақпан айының басында журналистерге берген төмендегі мәлімет-те құзырлы органның су тасқынына сақа-дай сай әзір екенін де білдірген.
«Қазір мердігер ұйымдармен су тасқыны қаупі бар он ауданның аумағындағы 15 өзен учаскелерінде 20 мың метрден астам аумақта мұз жарылыстарын өткізіп қалың мұзды әлсірету жұмысын жүргізуге келісімшарт жасалды. Елді мекендер аумағы-нан 486,5 мың текше қар шығарылды. Аймақтарда 236 мың тоннадан астам жанармай, 21,8 мың тонна құм және басқа да инертті материалдар, 81,7 мың бөген қаптары әзірленді. Қазіргі уақытта аталған бағытта жұмыстар жалғастырылып жатыр. Өңір аумағында реттелетін Астаналық, Селеті және Шағалалы ірі су қоймалары бар. Онда қазір су қоры деңгейі 67,8-72,5 пайыз шамасында болып отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің күш құры-лымдарының жеке құрамында 398 адам, 73 техника бірлігі, 10 жүзу құралдары, 82 мотопомпа бірлігі бар. Тексеріс қоры-тындысы бойынша, көктемгі мүмкін болар су тасқынына азаматтық қорғаныс жүйесі әзір», – деген еді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қанат Доспаев.
Облыстағы тасқын судың орны толмас жағдайға алып келуі мүмкіндігін AIQYN газеті өткен сандарында да бірнеше мәрте ескерткен-ді. Бірақ іс жүзінде облыстың түгелге жуық аудандарының елді мекен-дерінде қасат қардың шығарылмай, өзен арналары мен арықтардың тазартылмай, апаттық жағдайға жеткен гидротехникалық құрылымдардың жөнделмей, күре жолдар мен ауыл іші жолдарының аршылмай қалуының салдарынан өңірде елді мекендердің қарғын судың ортасында қалып, қарапайым халықтың ауыр шығынға батырған.
Өңірдегі ахуалды жіпке тізсек, жағдай төмендегідей. Күні кеше Елорданың тап іргесіндегі Қояндыда қардың уақытында шығарылмауы салдарынан ондаған үй суға кетіп, ашынған халық күре жолдың бойына кесе-көлденең шығып, наразылық білдірді. Халықтың жайын түсініп, алдымен тасқын судан арашалаудың орнына заңды бұзып, жолға шығып жанжал көтерген жұртқа айыппұл салынды.
Облыс орталығы Көкшетауда арнасы еш уақыт тазаланбай, түбі қамыс пен қоқысқа толған Қылшақты өзені тасып, қаланың вокзал маңы және элеватор аудандарында ондаған үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар су астында қалды. Төтенше жағдайлар қызметімен арқырап аққан суға бөген қойылғанымен, оның өзін су басып кетті. Салдарынан, аталған аудандағы су басқан үйлерде қалған 300-ге жуық адам эвакуацияланды. Үйлерді су шайғандықтан тұрғын үйлер электр жарығынан, жылу мен судан ажыратылды.
Өңірдің аудандарында да жағдай аса күрделі. Жылда су шайып халқы әбден тасқын судан жапа шегетін Атбасарда жылдағыдай Ынтымақ көшесі тұтастай суда қалған. Әзірге көп жерде қалың қардың әзірге мұрты бұзылмаған. Осы ауданға қарасты Сочинское ауылы да жылдағыдай қызыл судың ортасында қалып, іс жүзінде «аралға» айналған. Қазір Біржан сал ауданына қарасты Көдебас, Еңбек, Зеренді ауданында Алексеев, Жаманащы стансасы сияқты бірнеше ауылдар сыртқы әлеммен қатынассыз қалды.
P.S.
Өңірде қалың боп жатқан қар әлі толық ерімегенін ескерсек, әлі қандай «тосын сыйдың» күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты. Тасқын суға бюджет қоржынынан миллиардтар бөлінгенімен, іс жүзінде ел бойынша, оның ішінде Ақмола облысында да арнайы қорлар ашылып, халық тағы да әдеттегідей өз-өзін құтқару үшін жылу жинай бастады. Тендермен миллиондар бөлініп, мердігер компаниялардың мұрттары майланғанымен, ауыл тұрғындары өз күштерімен тасқынмен күресіп жатыр. Арнайы техника мен күш құрылымдарының жетіспеушілігі өкінішке орай тағы сезіліп тұр. Тасқын су көктемде ойранымызды шығарғанымен, жылдағыдай жаз уағында өзен-көлдеріміздің суала бастағанын да байқаймыз. Ауылдарда мал ішер су таппай, бақташылықпен айналысқандар су іздеп кететіні және бар. Қателіктен сабақ алып тасқын суды ежелден ағатын арналарын тауып, су қоймаларын тереңдетіп, өзен-көлдерімізге жібермесек, істің оңала қоймасын іш сезеді. Қыруар қаражаттың қайда кетіп жатқанының іс жүзінде тексерілмейтіні де өкінішті...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы