Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 наурыз күні ҚХР-ға жұмыс сапарынан оралысымен шұғыл кеңес өткізді. Премьер-Министр Олжас Бектенов бастап, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің басшылығы және басқа да лауазымды тұлғалар қатысқан жиында бірқатар өңірде болған төтенше жағдай егжей-тегжейлі қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен облыс тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Қалыптасқан жағдайға байланысты ел азаматтарынан кешірім сұрап, барлығына көмек көрсетілетінін айтты.
Шынында да, жағдай аса жақсы емес. Үкімет берген мәліметке қарағанда, еліміздің он облысында су басу қатері төнген. Бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс берді. Одан бөлек, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берілді. Ал Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
Дайындықты ерте пысықтап еді...
Біздің елде жыл сайын көктем шыға сай саланы су басып, әбігерге салатыны жаңалық емес. Десе де, биылғы дайындық бөлек көрінген. Себебі ақпан айының 20-ы күні арнайы Үкімет отырысы өтіп, су тасқынына қарсы дайындық пысықталған. Сол жиында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдері алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары туралы мәлімет берді.
Премьер-Министр Олжас Бектенов барлық мәліметті тыңдап, өңірлерде су тасқынына қарсы тиісті шаралар толық көлемде қабылданбай отырғанын айтқан. «Барлық 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды», – деді ол сол отырыста.
Амалы не керек, бұл іс сол селқос қаралған күйі кеткен екен. Әйтпесе, 20 ақпаннан 20 наурызға дейінгі жуан бір айдың ішінде біраз шаруаны атқаруға болар ма еді!
Үкіметтің сол күнгі отырысында су қоймаларындағы жинақталған судың қоры былтырғыдан жоғары екенін айтылды. Ол аз десеңіз, баяндама жасағандар «қар жамылғысындағы ылғал қоры кей өңірлерде көпжылдық орташа мәннен жоғары» деп мәлімдеген. Осынау адам ұқпас кеңсе тіліндегі мәлімдемені ауызекі сөйлеу мәнеріне ауыстырса, ол дегеніңіз жерде тоң бар деген сөз ғой. Әрі қыс ішінде неше қайтара жауын жауғанына куәміз. Қар аралас жауын-шашыннан соң көктемде күрт еріген қызыл су жерге сіңбей арты селге айналды. Бейқам отырған жұртшылықтың мал-мүлкі тасқынға ағып кете барды.
Демек, көктемде алапат тасқын болатыны және оған дайындықтың да шамалы екені ерте бастан мәлім болды. Кабинетте атқарушы биліктің аузымен айтылған тапсырма қызыл сөз күйінде қалып, өңірлерге жеткенше өңі қашты деген сөз. Жергілікті билік жоқ дегенде тұрғындарға ескерту жасап, малды қырға айдап, іске татыр мүлікті қауіпсіз жерге жинатқыза берсе жұртшылық мұнша әбігерге түспес пе еді, шығынға батпас па еді дейміз...
Су тасқынының астында қалған халықтың ортасына барған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай әлеуметтік желіге әкімдердің мұндай жағдайға мүлдем дайын болмағынан жазды. «Тіпті, кейбір аудан әкімдіктерінде қайық тұрмақ, 10 пар резеңке етік табу қиын болып жатыр. Үкімет пен әкімдіктер арасында байланыстың жоқтығына, үйлесімді жұмыстың болмауына көз жетті», – деді ол. Демек, салғырттық пен бейғамдық жергілікті жерлерде қалыпты құбылыс деген сөз. Әйтпесе, қазір су басып жатқан аймақтарға қарғын су бірінші рет келген жоқ.
Өткеннен сабақ алмады
Жалпы, атқарушы билік өкілдері өткен күндердегі оқиғалардан сабақ алуды мүлдем қойған сыңайлы. Сөз басында айтқанымыздай, көктемде аумақтарды су басу оқиғасы бірінші рет тіркелген жоқ. Тіпті, жылғалар суға толып, төңірекке жылым жайылған кез, сең жүрген сәт талай болған. Демек, әр оқиғадан сабақ алып, даяр отыру әр әкім үшін үйреншікті іс болуы керек еді. Алайда олай болмай шықты. Ал іс жүзінде ірі тасқынға соңғы 10-15 жылда бірнеше рет куә болдық.
2010 жылы Қызылағаш су қоймасы жарылып, 251 үй суға кетті, 45 адамның өмірі қиылды. 2011 жылы көктемде толассыз жауыннан БҚО-да 3 мыңнан астам үй су ортасында қалды. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстанда су тасып, 100-ден аса елді мекен, автожол бойындағы 31 көпір қирады. 2014 жылы 31 наурызда Қарағанды облысында Көкпекті су бөгеті жарылып, топан су 5 адам мен 300 бас малды ағызып кетті. Ал 2017 жылғы оқиға Ақтөбе мен Солтүстік өңір тұрғындарына қиын тиген болатын. Сол Ақтөбеде биыл тағы да қарғын су бұқараны әурелеп жатыр. Солтүстік Қазақстанда да қауіпті аумақтар бар. Бірақ қыс бойы әкімдер дайындықтың жақсы екенін айтудан танбады. Енді сол даярлықты су сынайтын түрі бар.
Ең қисынсыз тұсы, су тасқындарынан кейін бірде-бір алдын алу шаралары дұрыс ұйымдастырылмаған сияқты. Шамасы, біздің атқамінерлер су тасқынының алдын алу дегенді қапқа салған құм, қайла-күректі даярлап қою деп ұғатын сияқты. Әйтпесе, ғарыштан мониторинг жасап, көмірлердің маңына мұзжарғыш нысандар бекітіп, жолдардың астындағы су өткізетін құбырларды кеңітіп, қырдан келетін судың табиғи ағыс жолын жылда тазартып, қажет жерін бетондап тастаса болар еді ғой. Қызылағашты су алғаннан бері 14 жыл, Көкпекті бөгеті жарылып, жұртты дүрліктіргеннен бері 10 жыл, Ақтөбе мен СҚО-дағы тасқыннан кейін де 7 жыл өтті. Бұл дегеніңіз берік бөгендер, каналдар салып, біраз жерде тасқынға қарсы нысандар орнатуға толық жететін уақыт еді. Су тасқыны жайлы асықпай-үсікпей зерттеу жасап, соның қорытындысы негізінде нақты шара қолдануға да жететін мерзім. Бірақ біз тағы қапы қалдық.
Шығын әлі белгісіз
Биылғы төтенше жағдайдан келген шығынның нақты есебі әлі белгісіз. Десе де, 2014 жылы бір ғана Қарағанды облысындағы Көкпекті бөгеті жарылғанда маңайындағы елді мекенге 87,6 млн теңге материалдық шығын әкелгенін ескерсек, биылғы бірнеше өңірде жоғалтқанымыз оңайға түспесі айтпасақ та түсінікті шығар.
Әзірге қолда бар дерек бойынша, тасқын су 40 автожол мен көпірді, оннан астам ауылды шайып кеткен. Құтқарушылар 11 мың адамды эвакуациялады.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен адамдарға барлық тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді. «Азаматтарға айтарым, алаңдамаңыздар. Мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп береді. Бірақ қаржылық және саяси шығындар орасан зор. Оны да ескеру керек. Сондықтан Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Қысқасы, талап қатаң болады, – деді Президент.
Бұл мақсатқа Үкімет пен әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысы да пайдаланатын болады. Әрине, Үкіметтің резерв қорындағы қаражат та қазына ақшасы. Кей деректерде оның қазіргі мөлшері 320 млрд теңге екені айтылды. Қазірдің өзінде еліміздегі кәсіпкерлер, қаржылық ұйымдар, жалпы жұртшылық қаражат жинап, зардап шеккен өңірлерге көмек жіберіп жатқаны мәлім. «AMANAT» партиясының аймақтардағы өкілдіктері де көмек түрлерін ұйымдастырып, партия мүшелері ел ішінен табылуда.
Ендігі негізгі мақсат – тасқыннан келген зардапты толық есептеп, әрбір бөлінген тиынды тиімді жұмсау.
АЙТАР ОЙҒА АЙҚЫНДАМА
Ерлан БАДАШЕВ,
гидротехник:
– Кеңес үкіметі кезінде ел тұратын мекендер арнайы қоршалып, сыртына топырақ үйіліп, ор қазылатын. Ауылдың сыртындағы өзен-көлдер тасығанда келетін қарғын сулардан қорғану мәселесі қарастырылатын. Қазір олардың барлығы бітеліп қалған. Егер тасқын себебінің алдын алсақ, салдарынан келетін шығынға батпас едік. Мәжілісте Су кодексі қаралып жатыр. Осы кодексте селден қорғану, қар суын тиімді пайдалану нормалары нақтыланып, жуапкершілік анықталуы керек. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі стратегиялық құжат әзірлеп, тұжырымдама қабылдасын. Сондай-ақ, маман ретінде айтайын, елде қажет гидротехникалық жабдықтардың 90 пайызы бар. Тек оларға инвентаризация жасап, түгендеп, жөндейтіндерін жөндеп, жаңарту керек. Су қоймасын салу деген асығыс қарайтын іс емес. Оған көп қаражат кетеді және оны қай жерге салуға болатынын да айту қиын. Рас, Жамбыл облысына үш қойма салуға болады. Тағы таулы аймақтарға салуға болар, ал жазық жерде жаппай салудың реті аса жоқ. Жазық жердегі қойманың суы бумен-ақ ұшып кетеді. Оданша елде бар инфрақұрылымды жөндеп, түгендесек көп ұтамыз.
Амалбек ТШАНОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері:
– Облыс әкімдері өздеріне жүктелген міндетті лайықты атқармай отыр. Себебі көбінің бойында кәсібилікті былай қойғанда, тазалық жоқ. Ол тазалық – ел алдындағы, туған халқыңның алдындағы міндет. Кеңес кезінде облыстарды басқаратын кадрлардың дайындығы аса жоғары болатын. Өмір көрмеген, шаруашылықтың қырын білмеген адам жоғарғы қызметке, лауазымға лайық емес деп саналды. Облысқа әкім болып бардың ба, министрлікке келдің бе – алдыңда үлкен жауапкершілік тұр деп біл. Халыққа шынайы қызмет көрсете білу де өнер, үлкен тәжірибе. Меніңше, осы жолғы көктемгі дайындыққа жауапсыз қараған тұлғалар толық жауапкершілікті алып, мойнымен көтеруі тиіс. Бұл оқиға алдағы жылдарға сабақ болуы тиіс.
Ерік БРАЛИН,
Қоянды ауылының тұрғыны, жергілікті қоғамдастық мүшесі:
– Дәл қазір көпшілік болып ауылдың ішіне кірген суды сыртқа қарай ағызып, ашық далада жұмыс істеп жатырмыз. Біздің Қоянды ауылы Астананың іргесінде жазық жерде тұр, жыл сайын көктемде су алады. Ауылдың маңайында өзен де, көл де жоқ. Яғни, табиғи апат, өзен суы арнасынан асып, ауылға келді деуге себеп жоқ. Былтыр ауыл тұрғындары болып осы мәселені облыс әкімі Марат Ахметжановқа видеоүндеу арқылы жолдап айттық. Алайда онымыз өзімізге таяқ болып тиді, «адам жинадыңдар, қоғамдық тәртіпті бұздыңдар» деген желеумен 50 АЕК көлемінде айыппұл салып, өзімізді қудалады. Қояндыны жылда су алып кетуінің екінші себебі – қыста ауыл ішін қардан тазарту жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Қар күреуге деп бөлінген тендер қаржысын беруде жемқорлық фактілері көп. Ақша бөлінеді, жұмыс істелмейді. Үшіншіден, арықтар мәселесі. Қояндыда су ағарлар жоқ, арықтар салынбаған. Осы үш бірдей адами фактор Қоянды ауылын суға кетірді.
Бауыржан БАЗАР