Әуесхан Мажай осыдан жетпіс жыл бұрын көктемде Қытайда туған. Осы елдегі Іле облыстық медицина мектебін бітіріп, дәрігер атанады. Өкінішке қарай, келін болып түскен әулет тап жауы, бай-шонжар, жер иесі, ұлтшыл деген жаламен бақылауда болғандықтан, мамандығы бойынша қызмет істей алмай, түрлі шаруалармен айналысқан. Өмірлік қосағы Андас Омарақынның қаламгерлік, зерттеушілікпен шұғылдануына жағдай жасап, балаларын заман талабына сай оқытып, тәрбиелейді. Соның арқасы болар, отбасындағы балалардың бесеуі де ғылым магистрі атанып, қызмет етуде. Әуесхан апаның ұрпақ тәрбиесіндегі үлгісі ҚХР-да шығатын «Шинжияң» және «Іле» газеттерінде, «Шинжияң оқу-ағарту» журналында жазылып, «Мемлекеттік ұрпақ тәрбиелеудің үлгісі» деген марапатқа ие болған. Әуесхан Мажайқызы кәсіпкерлікке жол ашылғанда тары, талқан, жент, жарма, сүзбе, қатық, тары көже, боза сияқты ұлттық тағамдарды алғашқылардың бірі болып саудаға шығарып, халықтың қолдауын иеленеді. 1999 жылы ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесінде тері ауруларына ем болатын қазақтың қара сабынынан шеберлік сабақ өткізеді және оны алғаш рет сауда сөресіне шығарғаны үшін «Ұлттық өнімді сақтаған бірінші дәрежелі шебер» деген марапатқа ие болған. Әуесхан апаның әкесі Мажай да, арғы аталары да он саусағынан өнер тамған қолөнерші, жыршы-термеші, күйші болыпты. Мажай ақсақал өз кезінде жолбарыс, ілбісін, қасқыр, бұғы, елік, қоян, тағы да басқа дала аңдарын қолда үйретіп, ағаларымен бірге өрмешілік, дәрігерлік, аңшылық кәсіппен айналысқан. Отбасында көрген тәрбиесін келін болып түскеннен кейін де жалғастырған апа қиын жылдары сол әулеттен атадан балаға мұра болып келе жатқан жәдігерлерді жанын салып жүріп сақтап, бүгінге жеткізді. Олардың біразын Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» мәдени орталығына, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасына сыйлады. Ата-бабадан жеткен мұралардың ішінде осыдан үш жүз жыл бұрын тұтынған тұрмыстық бұйымдар бастаған небір жәдігерлер бар. Көненің көзі болған қазан-ошақ, самаурын, келі-келсап, қазан, мосы, астау, тегене, қасық, шөміш, пышақ, қысқаш, тоқылған ши, қыларқан, тағы басқа да тұрмыстық бұйымдардың түр-түрін табасың. Тарихи маңызы зор Қызай қалпақ, Солтангелді бидің күмістелген ер тоқымы, Ұлтарақ батырдың кісесі, Жансарбай емшінің емдеу құралдары, Омарақын зәңгінің белбеуі, ХІХ ғасырда Ресейде жасалған самаурын жақсы сақталған. Ал ер-тоқым, жүген, ноқта, құйысқан, өмілдірік, қамшы, кісен секілді ат әбзелдерінің өзі бір төбе. Барлығы шебердің қолынан шыққан сирек кездесетін өнер туындысы екені бірден байқалады. Бүркіт ұстайтын тор, жемсау, қолғап, тұғыр, сияқты аңшылыққа пайдаланатын құрал-саймандар да бүгінгі ұрпаққа таңсық дүниелер. Емшілікке қолданылатын қорғасын, кепіреш, дәрілік шөптерді үгітетін кішкентай келі, денедегі арам қанды тазалауға арналған лоңқа, сиырдың мүйізінен оюлап жасалған бүлдіргі ата-бабаларымыздың халықтық медицинаны хал-қадірінше өркендеткенін аңдатады. Әуесхан Мажайқызы ата-баба мұрасын сақтаумен қоса, он саусағынан өнер тамған ісмер. Өзі тіккен тұскиіз, жүк жапқыш, құрақ көрпе, қапшық дорба, қасқыр тұмақ, тақия, тағы да басқа тұрмыстық бұйымдар, сан түрлі қыз жасауы, тоқымалар, қолмен басқан киіз сырмақ, алаша, бүгінге дейін жеткізген қазақтың қара сабынын жасау әдісі де елді қатты қызықтырады. Болат АБАҒАН, Алматы облысы