Елімізде моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі іс-шаралар жоспарын әзірлеуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қосалқы өндірістерді бизнеске беру моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Бүгінде еліміздің 20 моноқаласында қазір 1,3 млн-нан астам адам тұрады. Олардың әлеуетін дамыту үшін табыстарды арттырып, жұмыс орындарын көбейту бойынша шаралар, нақты іс-қимылдар қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау, жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсыну арқылы жүзеге асады.
Моноқалаларда жайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етуде әкімдіктер инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысына ерекше назар аударуы керек. Олардың көпшілігі әбден тозған.
Премьер-Министр атап өткендей, облыс әкімдіктері жағдайды жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдаған жоқ. Сондықтан қалыпты тұрмыс жағдайы мен қызметтерді қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Бұлар – инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен оларды жөндеу және білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімді болуы.
Моноқалаларда өндіріс орындары бар компаниялар да корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктері туралы ұмытпауға тиіс. Оның ішінде, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға, өндірісті кеңейтуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға бірінші кезекте назар аудару қажет.
Жұмыс орындары бойынша ірі кәсіпорындарға тәуелділікті азайту жергілікті жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – барлық моноқалалар үшін өзекті. Қосалқы өндірістерді бизнеске беру моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Әкімдіктер компаниялармен бірге осындай жобаларды жан-жақты пысықтап, кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасауға тиіс. Қазіргі уақытта моноқалаларда бос тұрған өндірістік алаңдар бар. Оларды пайдалану керек. Өнеркәсіп министрлігі екі аптаның ішінде моноқалалардағы бос тұрған алаңдарда шағын өнеркәсіптік аймақтарды құруға байланысты нақты ұсыныстар енгізсін», – деп тапсырды Үкімет басшысы.