Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы және оған ілеспе жылу энергетикасы мен электр энергетикасы мәселелері бойынша заң актілеріне түзетулер енгізу туралы және Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Елімізде жылу энергетикасы саласындағы жеке заң алғаш рет әзірленіп отыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев заң жобасы жылу энергетикасы саласы саясатындағы құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу, жылу бөлігі бойынша бақылау функцияларын қайта қарау және басқа да бағыттарды қамтитынын айтты.
«Саланы одан әрі дамытуға қажетті шараларды әзірлеу үшін бүкіл салаға мониторинг жүргізілмек. Бүгінде елдегі саланың жай-күйіне қатысты мониторинг туралы деректер жоқ. Бақылауды енгізу қазіргі жағдайды нақтырақ түсінуге және сектордың одан әрі дамуын сапалы болжауға мүмкіндік береді», – деді А.Сәтқалиев.
Заң жобасында облыстардың, облыс көлеміндегі қалалар мен аудандардың жылу энергетикасының жұмыс істеуі мен дамуы қарастырылады. Ол әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары әзірлеген жылу энергетикасын дамытудың ұзақмерзімді (20 жыл) және ортамерзімді (5 жыл) әмбебап жоспарлары негізінде жүзеге асырылады. Жұмыс тобының жетекшісі Еділ Жаңбыршин жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау құзыреті Энергетика министрлігіне берілетінін айтты. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган жылу энергиясын тұтыну саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын болады.
«Жылу энергетикасын дамытуды жоспарлаудың жаңа құралы енгізіледі. Еліміздегі жылу энергетикасы саласының құрылымы айқындалады, жылумен жабдықтау және жылуды тұтыну субъектілерінің құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Сонымен қатар заң жобасында энергетика нысандарында төтенше жағдайлар орын алған кезде жылумен жабдықтау жүйелерін басқару, арнайы құрылатын бірыңғай жылу энергетикалық компанияға беріледі деген норма ұсынылып отыр», – деді Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, теңгерімдеуші нарық тетіктерін және электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны енгізу бөлігінде электр энергетикасы саласын реформалауға бағытталған толықтырулар енгізіледі.
«Энергетика нарығында тарифтерді негізсіз көтеріп және одан пайда көріп, энергетика саласына 1 тиын да инвестиция салмай, делдалдық қызмет атқарып отырған энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жою жөнінде депутаттар арнайы нормалар енгізді. Бұл түзетулер концептуалды болғандықтан Үкіметтің қорытындысына жіберілді», – деді Е.Жаңбыршин.
Сонымен қатар Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы мен нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуі тұрғысынан ревизиялау мәселелері бойынша және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады. Баяндамашы құжаттың Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алудың жаңа сапалы жүйесін құру туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін айтты. Бұл ретте сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің бағасына емес, сапасына басымдық берілуі тиіс.
«Қоғамдық мониторинг, әсіресе құрылыс жұмыстарына жүргізіледі. Тапсырыс беруші тарапынан шарттың тиісінше орындалуын бақылау – құрылыс сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі. Осы ретте жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді, жалпы қолжетімді етіп жариялау, сондай-ақ шарттарды орындау мониторингіне қоғамдық кеңестерді тарту ұсынылады», – деді Мәди Тәкиев.
Заң жобасы процесті жеңілдетуге және бюрократиядан арылтуға бағытталған. Алдын ала қабылдау кезеңін жою, сондай-ақ жеке рәсімдерді өткізу мерзімдерін қайта қарау ұсынылады. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу рәсімінің жалпы ұзақтығы екі айдан бір айға дейін қысқарады. Қаржы министрінің мәліметінше, бір көзден сатып алуды жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады. Егер конкурсқа қатысуға бір өтінім беріліп, ол біліктілік талаптарына сәйкес деп танылса, мұндай сатып алуларды жарамды деп тану ұсынылады. Тапсырыс берушіге сатып алу процедурасын қайталау қажет болмайтындықтан, бұл уақытты айтарлықтай үнемдеп, процесті жеңілдетеді.
Сондай-ақ жұмыс тобының жетекшісі Руслан Қожасбаев қосымша баяндамасында ауыл әкімдіктеріне тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді конкурс өткізбей, 3 000 АЕК-ке дейін сатып алу ұсынылып отырғанын атап өтті. Жұмыс тобы бұл шекті арттыруды қарастырып жатыр. Шағымдарды қараудың жаңа механизмін енгізу, офтейк-келісімшарттарын жасау, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейту, сатып алуы ШОБ субъектілері арасында жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін енгізуге қатысты мәселелер бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Басқа да стандарттар, соның ішінде сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыруға және бірыңғай платформа құруға арналған стандарттар енгізіледі.
Өз кезегінде Ерлан Қошанов мемлекеттік сатып алу жүйесін қайта қарау мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Ол мемлекеттік сатып алу барлық әлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асыруға тікелей әсер ететіндіктен Мемлекет басшысы бұл саланы түбегейлі реформалауды тапсырғанын еске салды.
«Бұл заң жергілікті жерлерде туындайтын түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етеді деп сенеміз. Көп жұмыс атқарылды. Енді заң жобасын тезірек пысықтап, екінші оқылымға шығару керек. Өйткені оны халық күтіп отыр. Өңірлердегі бизнес қоғамдастығы мен тұрғындар ұсынылған өзгерістер туралы өз пікірлерін білдіруі маңызды. Сондықтан бейінді комитет өңірлерге барып, көшпелі отырыс өткізгені жөн», – деді палата Спикері.
Мәжіліс комитеттері «ҚР мемлекеттiк наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы және Қазақстан мен Вьетнам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру жөніндегі шартты ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды. Жалпы отырыста мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 11 депутаттық сауал жолдады. Олардың басым бөлігі өңірлердегі су тасқынына арналды. Мақсат Толықбай депутаттық корпус атынан Премьер-Министр Олжас Бектеновке еліміздегі су тасқынына қатысты депутаттық сауал жолдады. Үкіметке су басу қаупі бар аймақтарда алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып, зардап шеккен тұрғындарды қолдауға арналған шараларды қабылдауды сұрады.
«Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін біз Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық. Былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан су шайып өткен бірнеше үйге «AMANAT» партиясы тарапынан құрылыс материалдарына дейін әперіп, баспана салдыртқан едік. Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті. Себебі Қобдадағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті Прокуратура жобалық құжаттамасынан кінәрат тауып тоқтатып тастаған. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында мұнай компаниясы шлюзді бітеп тастап, тасыған су ауылға қарай бұрылып кеткен. Өйткені шлюз әдейі жабылғандай көрінді. Бұл мәселені жіті бақылауға алу қажет. Дәл осындай жағдай басқа өңірлерде де болуы ықтимал», – деді ол.
Осы ретте депутат Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдады. Олар – бірінші, Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру; екінші, ірі және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен сорғыларды қайта орналастыру; үшіншіден, өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету; төртінші, гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу; бесінші, биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.
Ал депутат Ерлан Саиров минералдық ресурстар қоры бойынша Қазақстан алғашқы он елдің қатарында (ТОП-10) болса да, әлі күнге дейін шикізат экспорттап отырғанын ашына жеткізді.
«Бұған екі минерал алюминий мен мыс мысал бола алады. Боксит – глинозем – алюминий тізбегінде: глиноземнің үштен екісі экспортталады, үштен бірінен 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіріледі және тек оның 20%-ы дайын өнімге өңделеді, яғни сымдар, кабельдер, жылыту радиаторлары шығарылады. Он жылдан астам уақыт бойы ERG барлық глиноземді алюминийге айналдыруға уәде беріп келеді, бірақ ештеңе өзгермей отыр.
Мыс бойынша жағдай одан да жаман: 2023 жылы Қазақстанда 720 мың тонна мыс өндірілген. Біздің еліміз катодты мыс пен жартылай фабрикаттарды Қытай Халық Республикасына, Түркияға экспорттайды, ал олар катодты мыстан жасалған дайын өнімдерді кабельдер, мыс сымдар, электротехникалық өнімдер түрінде Қазақстанға сатады. Нәтижесінде, дайын өнімнің миллиардтаған долларымен есептелетін үлкен қосымша құн түріндегі салығы осы елдерде қалып қояды», – дейді ол.
Оның айтуынша, көршілес Өзбекстан жылына 290 мың тонна катодты мыс өндіреді екен. Оларда мыс экспортына тек d-8 мм кабель немесе созбасым сияқты дайын өнім түрінде рұқсат етіледі, осы ретте көрші ел 3 000-нан астам кабельдік және басқа да дайын өнімдерді шығарып отыр. Ал Түркия Қазақстаннан катодты мыс сатып алып, басқа елдерге миллиардтаған долларлық сымдарды, профильдерді және мыс фольганы экспорттайды.
Келесі бір депутат Ерболат Сатыбалдин Арқадағы қалың елдің мұңын жеткізді. Биыл Арқада мал қатты қырылды, қырылмағаны, көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға әрең кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден астам жылқы құлаған. Ауыл тұрғындары бағып отырған малдарының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына ай жарымнан асты. Тек қана Қаражалдың өзінде 566 бас жылқының өлексесі жиналған екен. Жиналмай дала шашылып жатқаны қаншама?!
«Жұт тек Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды. Мұндай қыспақ жылда соқпайды, осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды. Қыстың ортасында жауған жауынды көріп-біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер бола тұра, Ұлытау облысында болып жатқан табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстарының жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасап, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмады. Мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғырттығын осыдан да көрсек болады. Әріптесім, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына Ауыл шаруашылығы министрлігі «малдың жаппай өлімі фактілері жоқ, Ұлытау облысында 67 жылқы малы өлімі тіркелді» деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады. Жұт жайын қалың елдің арасына барып, білудің орнына комиссия жіберіп, өлексе санаумен шектелді. Үкіметтің бұл тірлігін Арқа жұрты «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймынға» балап отыр. «AMANAT» фракциясы шаруалардың қиын мәселесіне бей-жай қарай алмайды», – деді ол.
Депутат жұтап қалған елдің еңсесін көтеру мақсатында Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялау керектігін айтып отыр. Оның пікірінше, зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшыраған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малын санаққа енгізуге рұқсат берген дұрыс. Жұттан титыққан шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруашылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялау қажет. Мал өлекселерін жою жұмыстарын жүргізе отырып, малдарға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын да мемлекет есебінен ұйымдастырған жөн.
Нұрлан ҚОСАЙ