Шетелдегі қазақ мұрасы зерттелді

Заман көші ілгерілеген сайын бұрыннан келе жатқан рухани құндылықтарымыздың қатары сиреп, ұмыт болып бара жатқаны рас.

Осы орайда Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының ға­лымдары Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің аумағын мекен­деген қазақтардың рухани мұра­ларын жинап, зерттеді. Нәтижесінде, руханиятымыз тың дүниелермен толықты. Апта басында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Өзбекстандағы қазақтардың рухани мәселелері мен оларды сақтау, зерттеу жұмыстары талқыланды. 

Жиында сөз алған «Отандастар» қо­ры­ның президенті Абзал Сапарбекұлы Өзбекстанда зерттелген руханиятымызға тоқталды. 

«Қазір Қазақстанда жоқ рухани құн­дылықтарды шетелде кездестіруге бо­ла­ды. Біздің міндетіміз – шетелдегі қазақ­тарға, сондағы ұйымдарға қолдау көр­сету. Шетелдегі ұлттық руханияты­мыз­дың күннен күнге жоғалып бара жатқа­нын айта кету керек. Сондықтан Өз­бекстанға жасалған экспедицияның маңызы зор», – деді ол. 

Өзбекстандағы қазақтардың мате­риал­дық емес мәдениетін зерттеуге бағыт­талған экспедиция нәтижесінде жинақталған құндылықтар аудио, видео, фото форматында жазылып сақталды. Экспедиция жетекшісі Ардаби Мәулеттің сөзінше, алып келген аудио 20 сағатқа дейін жетеді. Ғалым жиналған мұраларды әдебиеттану, тарих, этнография, эсте­тика, педагогика сынды бірқатар ғылым салаларында пайдалануға болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ жоғарғы музы­ка­лық оқу орындарында, орта және ар­наулы музыкалық оқу орындарында орындаушылық бағытта ғылыми диссер­тациялар жазуға аса қажетті тың тақы­рып болатынын айтты. 

«2022 жылы қыркүйекте Өзбекстан­дағы қазақтардың рухани мұраларын жинау, сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. 2022 жылы уақыттың азды­ғы­на байланысты тек шолу жасап қайттық. «Отандастар» қорының тікелей қолдауы­мен былтыр кешенді жұмыстарды жүргізу үшін Науаи облысына қайтадан бардық. Осы экспедициялар нәтиже­сінде, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, орын­даушылық өнері, музыкалық фоль­клор, этнографиясына қатысты өте мол мұ­ралар жиналды. Қазақ халқының ру­хани мұрасын ұстанушы 16 көзі тірі мұрагермен тікелей жүздесіп, 250-ден астам құнды дүниелер жазып алдық. Соңғы жыраулардың сақталып қалған қорларын алдық», – деп қорытындылады сөзін А.Мәулет.

Парламент Мәжілісінің депутаты «Амаnат» партиясы фракциясының мүшесі  Жанарбек  Әшімжан материал­дық емес құндылықтарды түгендеп, зерт­теуін жолға қою мақсатында арнайы заңның қажет екенін айтты. 

«Көзге көрінетін емес, көзге көрін­бейтін мәдениет соғысы ең қауіпті. Ұлт болып қалыптасу, ұлттықты, жерді сақ­тап қалу бүгінгі жаһандану дәуірінің ең күрделі сауалдарының бірі болып тұр. Ма­териалдық емес құндылықтар – ұлт­тың негізгі иммунитеті. Осыны қараусыз қалдырдық. Бұл туралы заңымыз да жоқ. Мәдени мұраға қатысты қабылданған құжат 2013-2014 жылдан бері өзгеріссіз тұр. Еш адам алға жылжыған жоқ. Мем­ле­кеттік деңгейде, аудан-ауылдарда экс­педициялар жүргізілген жоқ. Көнеден қалған мұраларымыз әлі жинақталмады. Бұл тек ән-күйге ғана қатысты емес, жал­пы ұлы рухты мінезді болмысымызға қа­тыс­ты дүние. Сондықтан бүгін ойла­натын кезеңге келдік қой деп ойлай­мын», – деп пікір білдірді Ж.Әшімжан.

Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы жинақталған рухани мұ­раларды қазақ руханиятындағы жетіс­тік деп бағалап, қазір халық арасында ұмыт болып кеткен салт-дәстүрлер осы экспедиция нәтижесінде табылғанын жеткізді.

«Рухани мұра – халықтың жаны, ұлтымыздың бет-бейнесін ұстап тұрған қаңқа. Осындай рухани білімнің жас ұрпаққа берілмей жатуынан қазіргі қо­ғам­да дөрекілік көбейіп кетті. Адамның ішкі рухани байлығын сақтайтын ол – фольклор, музыка. Ұрпақ қай жерде де ауысып жатыр. Сол себепті шетелдегі отандастарымызға мән беріп отыр­ғаны­мыз да сол. Небір фольклордың бай үлгі­лерін Шыңжаң, Моңғолия қазақтарынан жазып алып отырмыз», – деді ғалым.

Ал белгілі түрколог Қаржаубай Сарт­қожа жиын барысында таныстырылған экспедиция нәтижесінде сақталған ру­ха­ни мұрамызды елге қайтару мәселесін көтерді. Бүгінге дейін Қытайда қазақ тілінде жарық көрген көптеген газет-журналдар елге жетпей қалған. Міне, осындай өзекті мәселені сөз еткен түрколог қазіргі заманауи техникалық жетістіктердің көмегімен осындай тарихы бар көнекөз басылым­дарды қазақ оқырмандармен қауыштыр­сақ деген ниетін білдірді. 

Жиын қонағы мәдениеттанушы, Еуразия ұлттық университетінің доценті Құралай Серғабылқызы:

«Зерттеушілердің, ғалымдардың пі­кі­рін тыңдадық, шынында бізде қазақ елінде қазақтың мәдениетін, өнерін зертеу кезінде кемшіліктер өте көп. Ұлттық мәдениетті бойымызға сіңіретін нәрсе – жаңылтпаш, жұмбақ, ауызша фольклор. Қазір бұлардың орнын теле­арнадағы өзге елдің сериалдары басты. Кинода сол елдің дәстүрі айқын көрінеді. Бізде мәдени мұрамызды сақ­таймыз десек, алдымен оны күн­делікті қол­да­ныс­қа енгізуіміз керек. Қыс­қасы, біріншісін асырамыз деп екін­ші ұмыт қалмауға тиіс», – деп бізге де ұлттық құндылықтарды фильмге енгізу керегін айтты. 

Орынбордағы Халықаралық қазақ тілі қоғамының басшысы Сәуле Таике­шева дөңгелек үстелде осындай жобалар қатары көбейіп, оларды қандастар ара­сында кеңінен насихаттауды алға тартса, Пар­ламент Сенатының депутаты Ғали­асқар Төлендіұлы жиналған мұралар­ды заман­ауи құралдың көмегімен жастарға ұғын­дыруды мәселесін қозғады.

Қазақ халқының бай мұрасын түген­деп, оны зерттеу арқылы ұлттық иден­тификацияны нығайту керегін айтқан Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ ұлттық құндылықтарды дәріп­теуде біршама өзгерістер енгізсек деген пікірін білдірді.

«Осында айтылған ой-пікірлерден туындап отырған мәселе мынада: осы зерттеулердің арасына ғылыми пәнара­лық зерттеулер жүргізуіміз керек деп ойлаймын. Байқап отырсақ, бұл жерде жинақталған мұралар тек тарихи не мә­дени зерттеу тұрғысынан емес, басқа сала жағынан да айтылып жатыр. Екін­шіден, ұлттық идентификациялық белгілерді, ұлттығымызды танытатын ерекшелік­терді халықтың санасына сақтауды заң арқылы таңбалауымыз керек. Мәселен, Жапон мемлекетінде азаматтық алатын адамның міндетті түрде ұлттық киімі болуы керек. Бізде ұлттық киімді дәріп­теудің өзі қиын болып жатыр. Ал Моңғо­лияда шетелден келген инвесторлар болса, өз құрылысын салатындарға моң­ғол нақыштық ою-өрнегін пайдалану міндеттелген. Бұл да бір ерекшелік. Қа­зақ­тың ескі тарихи жәдігерлерін зерт­тейтін азаматтар болса, қазақтығымызды жоғалтып алмаймыз», – деген пікірін жеткізді Ү.Шапақ.

Жиылған қауым ғылыми экспедиция жетекшісі Ардаби Мәулеттің атқарған жұмысын жақсы бағалап, оған қатысты ұсыныстарын айтты. Айта кетейік, мәдени мұрамызды түгендеу мақсатында Өзбекстандағы қазақтардың рухани дүние­сін зерттеуге арналған экспедиция қорытындысы жыл соңына дейін ғылыми еңбек болып жарық көрмек.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ