Ауылға ханбалық келді

«Ауыл аманаты» жобасы бүгінде ауылдықтардың үмі­тін ақтап келеді.

Пилоттық жоба ретінде басталып, сәтті жүзеге асқан бағдарламаның биылғы қаражатының ба­сым бөлігі су үнемдеу, құс, балық, мал шаруашылығына бе­рілмек. Жобаға қатысуға ниеттілер бекітілген талапқа сай құжат тапсырып, жеңілдетілген 2,5 пайыздық не­сиеге қол жеткізу арқылы кәсібін дөңгелете алады. 

Түркістан облысының Созақ ау­даны Шолақ­қор­ған ауылының тұр­ғыны  Шора Ерназаров атал­ған бағ­дар­лама аясында 8,3 млн теңге кө­ле­мінде жеңілдетілген несие алып, Көкбұлақ қойнауында ор­наласқан өзінің жеке тоғанына  10 мың ханбалықтың (форель) ша­бақтарын әкеліп салды. Ауыл­дық­тар үшін жаңалық болған бұл бас­тамаға қолдау білдіріп жүрген топ тоғанға форель шабағын жі­беру сәтіне қатысып, кәсіп­кер­ге сәттілік тіледі. Балық шаруа­шы­лығымен айналысуды қол­ға ал­ған кәсіпкер алдағы уақытта екін­ші қосымша тоғанына 12 мың сазан шабағын жіберуді жос­парлап отыр. 

Орман шаруашылығының м­аманы Шора Ерназаров балық өсіруді көптен армандап жүр­ге­нін айтады. Осы ойын жүзеге асыру үшін 3 жыл бұрын аудан әкі­міне кіріп, жер сұраған. Біре­сек өзенінің бойынан 2 гектар жер алады.  Шу-Талас бассейндік инс­пекциясының өзен қорғау аймағына кіретін жерді тиісті рұқсаттарын алып, құжаттан­дыр­ғанымен қаржы мәселесі қолбайлау болып, діттеген ойын жү­зеге асыра алмай жүріп қала­ды. «Балық өсірем деп алып-ұш­қан көңілім қаржы мәселесіне ті­ре­ліп, басылып қалған еді. Қәйт­сем екен деп жүргенде «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, дереу құжат жинадым. Шү­кір, кәсіпкерлікпен айналы­са­мын деген жандарға қолдау ре­тінде мемлекеттік бағдарлама аясында пайыздық мөлшер­ле­ме­сі жеңілдетілген 8 млн 300 мың теңгеге қол жеткізіп, істі бастаған жайым бар», – дейді Шора Тоқ­жанұлы бізбен әңгімесінде. 

Кәсіпкер балық өсіруге қы­зыққандықтан жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп түрлі-түсті форелге тоқ­тай­ды. Тараз қаласында осы іспен ай­налысатын азаматтармен ке­лісім жүргізеді. Олар форельдің уылдырығын Польшадан ал­дырып, өздерінде инкубация­лай­ды екен. Әзірге түрлі-түсті фо­релдің 10 мың шабағын өзі қол­дан жасаған тоғанына тастап отыр. 

«Мұздай таза суды ұнататын форелдің жемі де Польшадан әкелінеді. Ша­бақтың көлеміне қарай же­мінің де мөлшері болады. Дәл қазір тарыдай майда жем берсек, үл­кейген сайын оның көлемі де ұлғая береді. Май­да шабақтың жемінің бағасы сәл қымбаттау жү­реді екен. Қазір оның келісін 2 500 теңге жоба­сын­дағы бағаға  алып жатырмыз. Жем жағы сәл қымбаттау енді», – деп тәуе­­келге бел буса да сәл қын­жыл­­ғанын жасыра алмады ол. 

Дегенмен кәсіпкердің алға қойған мақсаты  айқын, жоспары көп. Шабақтар өскенде оны сатып, өткізу жағынан аса қиналмайтынына сенімді. Етінің ба­ғасы қымбат болатын форель балығын ең алдымен аудан ор­талығындағы кафе, тойханаларға өткізуді жоспарлап отыр. Ар­ты­лып жатса, кішігірім шағын  кон­церві шығаратын цех ашпақ. 

«Өзім орман шаруа­шы­лы­ғының маманы болғандықтан та­биғатқа жақынмын. Әсіресе, балық шаруашылығына қы­зы­ғатындықтан оны баптап күту­дің, өсірудің тәсілдерін мең­гер­дім. Білмейтін тұстарымды ин­тер­нет арқылы сабақ алып, білі­мім­ді жетілдіріп жатырмын. Әзір­ге күніне 3-4 рет жемін ша­шып отыратын жаныма бір кө­мекші алдым. Енді бастап жа­тыр­мыз, жұмысымыз жанданып жатса, шаруашылықты кеңей­те­міз деген жоспарым бар. Форель балығының етінен бөлек, қызыл уылдырығы да құнды болады. Сон­дықтан  бұл бастамамыз сәт­ті жүзеге асады деген ойдамын», – дейді Шора Ерназаров. 

Айта кетейік, форель лосось тұқымдасына жататын тұщы су балығы саналады. Әлемде та­ны­мал форельдердің қатарына жа­та­тын радуга ақшыл-қызғылт түсті, еті жұмсақ. Негізінен бұл ба­лық түрін оның бүйіріндегі ашық қызыл жолақтан айыруға болады екен.  Ауданға әкелінген радуга форелі Балтық елдерінің көп­теген су қоймасында, сон­дай-ақ Қара теңізге құятын өзен­дерде кең таралған. Өзен саға­ла­рында, таулы өзендерде бассейн­дер мен тау өзенінде жүзгенді ұна­татын, әрі қыс мезгілінде ұрық шашатын радуга форелі Созақ ауданының табиғатына жер­сініп кетеді деп сенеді кәсіп­кер.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы