Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Сы­рым, Теректі, Бөрлі ауданы және Орал қала­сын­да төтенше жағдай жарияланғаны белгілі.
Батыстағы ахуал – бақылауда
882
оқылды

Об­лыс әкімі Нариман Төреғалиев бірнеше мәрте же­дел штабтың отырысын өткізіп, жағдайды қа­таң бақылауда ұстап отыр. Алдыңғы күндері ай­мақ басшысы мен Мәжіліс депутаттары суға ке­тіп жатқан аудандарды аралап, халықпен кез­десіп қайтты. 

Облыста қарғын судың әлегі бас­тал­ғалы тасқын суға қарсы құрылған жедел штаб­тың отырысы бірнеше рет өтті. Өңір­дегі ахуалға баға берген облыс әкімі Нари­ман Төреғалиев облыстағы біраз ше­неунікті сынап та алды. 

Қазір облыста бірнеше ауданда тө­тен­ше жағдай сақталып отыр. Әсіресе, кешелі бері Теректі ауданына қарасты По­дс­тепное ауылының тұрғындары үшін қар суы оңайға соқпай жатыр. Қа­зір ол жерде Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің 150 қызметкері мен 40 тех­ника жұмыс істеуде. 

– Еріген қар суы сай-саланы қуалап, Подс­тепное ауылындағы үйлерді басып біраз қиындық туғызып жатыр. Біздің ма­мандар мен атқарушы билік өкілдері бір­лесе отырып, еріген қар суын сору жұ­мыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жер­де бүгін үшінші күн 40 техника мен 20 су сору машиналары жұмыс істеп жатыр. Қазір суды бұру, уақытша дамба салу жұмыстарын жүргізудеміз. Біздің есеп бойынша Подстепное ауылында 80 үйге су кірді. Зардап шеккендер жоқ, адам­дарды қауіпсіз жерге шығарып үлгер­дік, – деді БҚО ТЖД бастығының орынбасары Рашид Біләлов. 

БҚО Төтенше жағдайлар департа­мен­­тінде 26 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс істейтін, құрамына аза­мат­тық қорғау қызметтері кіретін облыстық же­дел штаб ашылды. Сенім телефоны да жұмыс істеп тұр. 

Аймақта қарғын судың әлегі бас­тал­ған бетте өңірге Мәжіліс депутаттары Нар­тай Аралбайұлы мен Сергей Поно­морев келді. Олар Қаратаөбе, Сырым, Те­ректі аудандарындағы суға кеткен ауыл­дарды аралап, ел-жұртпен тілдесіп қайтты. 

Сырым ауданында үйлері суға кет­кен тұрғындарды орналастырған екі эва­куциялық пункт жұмыс істеп тұр. Мә­жіліс депутаттары сол жерлерде бо­лып халықпен сұхбаттасты. 

Нартай Аралбайұлы елдің әр өңі­рін­де болып жатқан тасқынмен күрес ша­ра­ларын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауда ұстап отыр­ғанын, себептер анықталып, сал­дар қалпына келтірілетінін айтты. 

– Үкімет сіздердің шығын­да­рыңыз­ды толық өтеп беруге міндетті. Ол үшін жер­гілікті жердегі комиссия мүлтіксіз қызмет атқаруға тиіс, – деді депутат.

Айта кетейік, облыстық мәслихат де­пу­таты Ғанимат Нұрмұханов жеке кә­сіпкерлік нысанын панасыз тұрғын­дар иелігіне беріп, ел басына күн туған­да үлкен азаматтыққа барып отыр.

«Жібек жолынан» шығып келе жат­қан мәжілісмендерді тұрғындар күтіп алып, жанайқайын жеткізді. Елдің қол­қа­лауымен депутаттар сапар кестесін өзгер­тіп, Сергей Пономорев Әбілқайыр хан көшесіндегі, ал Нартай Аралбайұлы Өлең­ті өзенінің жағасындағы үйлерге кі­ріп, жағдайларымен жеке танысты.

Үйі суға кеткен жандардың бірі – Хан­зипа Тумағали. Ханзипа апайдың жол­дасы – бірінші топ мүгедегі. Өзі де ден­саулығына байланысты ауруханаға жиі түседі. Депутаттармен кездесуде Хан­зипа апай Үкімет бізді далада қал­дыр­майды деген үміті барын жеткізді. 

– Менің үйімді су түгел алып кетті, қа­зір үйім тұруға жарамсыз. Өзім де, жол­дасым да ауырамыз. Балдардың бей­неттеніп жүріп сылаған үйлері еді. Бір күнде судың астында қалып қой­дық. Сіз­дер елге келіп жатыр екен­сіздер. Осы­ның бәрін өз көздеріңізбен көріп отыр­сыздар ғой, Үкіметке сеніміміз мол, бізге жаңа үй салып береді деп үміт­тенеміз, – деді Сырым ауданының тұр­­­ғыны Ханзипа Тума­ғали. 

Жалпы, БҚО бойынша 384 үйді су бас­қан. Төтеншеліктер 3 744 адамды қауіп­сіз жерге көшірген. Оның ішінде 1 455-і – бала. Бүгінде өңірде 21 жолды су бас­са, 30 жолды су шайып кеткен. 

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалы­ның директоры Тілеген Шапановтың айтуынша, облыстағы ең ірі Жайық өзе­ніндегі су деңгейі бір тәулік ішінде Орал қаласы тұсында 84 сантиметрге кө­терілген. Мамандар Жайық өзеніндегі су деңгейі қазір 457 сантиметр деп отыр. Ал қауіпті деңгей 850 сантиметрді құ­рай­ды. Қазір Деркөл, Шаған өзендерінің көтерілуі қауіпті деңгейден асып кеткен. Сол себептен де қала маңындағы сая­жай­лардың халқын көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде Орал қаласындағы эва­куациялық пункттерде адамдар тұ­рып жатыр. Олардың көбі сол қала маңын­­дағы саяжайлар мен ауылдардың тұр­ғындары. 

– Бізді осы орталыққа әкелді. Суға ке­тіп қалмай аман отырғанымызға да шү­кір дейміз. Дүние тегістелер, бастысы жан шығынынан сақтасын, – дейді тұр­ғындардың бірі Майра Айтқалиева.

«Қазгидрометтің» БҚО филиалы ди­­­­ректоры Тілеген Шапановтың ай­туын­ша, Шыңғырлау ауданындағы Елек өзеніне де су толып жатыр. 

– Ресейдің Орынбор облысы жағы­нан су келіп жатыр. Су деңгейі 800 сан­ти­метрден асқан жағдайда ауданның өзен бойында орналасқан елді мекен­дері­н­е қауіп төнуі ықтимал, – деді Т.Ша­панов.

Бұдан бөлек, өңірде су тасқынына бай­ланысты қауіпсіз жерге шығарылған және өлген мал саны нақтыланып жа­тыр.

Құтқару жұмыстары барысында 983 бас ірі қара, 1814 ұсақ мал және Бөрлі ау­данында 31 бас жылқы қауіпсіз жерге ай­далды. Аудандарда құрылған арнайы ко­миссия өлген мал санын есептеп жа­тыр. Өңірдегі ахуалды аймақ басшысы Нариман Төреғалиев өзі бақылауда ұстап отыр. Төтенше жағдайлар депар­та­ментінде құрылған жедел штаб тәулік бойына тынымсыз жұмыс жүргізуде.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы