Бакуге сапар: жол шығыны, ежелгі архитектура, әзербайжан мәдениеті

Әзербайжан мемлекетінің астанасы Баку – Каспий теңізінің жағасындағы таңғажайып қала. Ежелгі керуен сарайы мен зәулім ғимараттар бой түзеген шаһар ғасырлар бойы қалыптасқан бай тарихқа ие.

Әлем елдерінің әлеуметтік, экономикалық жағдайы, салт-дәстүрі мен тарихы мені қызықтырған соң, биыл Әзербайжан мемлекетіне барып көргім келді.

Ұшу құны

Наурыз айының 18-і күні Астана-Ақтау, Ақтау-Баку бағытындағы сапарға шықтым. Ұшақ билетін 2-3 ай бұрын алған соң, бағасы 48 мың теңгені құрады. Сондай-ақ Ақтаудан Бакуге әуежолымен қатар, теңіз порты арқылы да жетуге болады.

Таңғы сағат 5.00. Гейдар Алиев әуежайына келіп қондық. Әзербайжан халқының ғимарат салу өнеріне тәнті болдым. Архитектурасы, дизайны ерекше.

Гейдар Алиев әуежайы

Әзербайжанның тұңғыш президенті Гейдар Алиевтің есімімен аталған бұл нысан елдің басты әуежайы саналады. Әуежай Бакуді әлемнің ірі қалаларымен байланыстыра отырып, ішкі және халықаралық рейстерді жүзеге асырады. Әрі мұнда қала арасындағы көлік байланысы жақсы жолға қойылған. Қала орталығына автобус немесе такси арқылы жетуге болады. Автобустар таңғы сағат 6:00-ден бастап жүреді. Түнгі рейспен ұшып келген жолаушылар такси қызметіне жүгіне алады. Бағасы аса қымбат емес, шамамен 1 500-2 000 теңге көлемінде.

Қонақүй бағасы

Бакуге келіп, алдын ала жалға алған қонақүйге орналастым. Мен тұрақтаған орын орталықтан 5 шақырым жерде орналасқан. Бағасы – 3 күнге таңғы асты қосқанда  54 мың теңге. Ал нағыз туристердің ордасы Ичеришехирдегі қонақүйлердің бағасы бұдан да қымбат. Әрі адам көп шоғырланған.

Жалпы, Әзербайжан халқының сәулет өнері, қонақжайлығы туралы көп айтылады. Ендеше, сол жайлы сөз етейік.

Әзербайжан архитектурасы

Қала архитектурасында Шығыс пен Батыс мәдениеті қатар үйлесім тапқан. Мұнда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы дәстүрлі шығыс ғимараттарын да, еуропалық стильде салынған кешендерді де кезіктіре аласыз.

Кейбір деректерде Әзербайжан аумағының сәулет өнері Иран сәулет стилінің алдыңғы қатарында тұр деп айтылады.  Тіпті, Парсы, Әзери стильдері сол аймақтан басталып, Иранға таралған деседі. Зерттеушілер «Б.з.б. 2 мыңжылдықтың басында Қазақстанды мекендеген Арий тайпасының бір бөлігі Иранға қарай бағыт алғанда, Әзербайжан жерінен өткен,  сонда ағаштан жасалған бағаналары бар верандаларды, үлкен жертөлелер мен әдемі сарайларды көрген» деген мысалдар келтіреді. 

Ежелгі қала Ичеришехер

Ичеришехер – бекініс қабырғаларымен қоршалған қаланың тарихи орталығы. 2000 жылы Әзербайжан мемлекетіндегі тұңғыш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына енгізілген нысан.

Жергілікті тұрғындар бұл аумақты «Бекініс» немесе «Ежелгі қала» деп атайды. Себебі мұнда XV-XVIII ғасырларда Ширваншах мемлекеті құрылған. Тарихшылардың айтуынша, ежелгі қала V ғасырда пайда болған. Археологиялық зерттеу жұмыстары барысында VI ғасырларға жататын экспонаттар табылған. Бекініс маңында «Қыз мұнарасы» және  «Гаджи Гаиба», «Ага Микаила», «Ага Зейнала» деп аталатын ежелгі моншалар да орналасқан. Аталмыш ғимараттар зороастрлық, исламдық және кеңестік архитектураны ұштастырған.

1968 жылы танымал «Бриллиантовая рука» фильмінінің бірнеше кадрлары Ичеришехерде түсірілген. Бүгінде Сабурова көшесінің бойында туындыға арнап, музей мейманхана ашылған. Түсірілім кезінде қаланың көрікті жерлері Джума мешіті, Ширваншах сарайлары да көрсетілген.

Кеңестік сәулет өнері

Кеңес өкіметі кезеңінің де белгілері бар. Мәселен, ол қаланың сәулеттік келбетінде тұр. Мұнда конструктивизм мен сталиндік барокко стилінде салынған көптеген ғимаратты кездестіруге болады. Мысалы,  жергілікті ұлттық декор элементтері мен кеңестік сәулет дәстүрлері тоғысқан, социалистік реализм стилінде соғылған Бакудың бас поштасын айта аламыз.

Қазіргі заманғы сәулет өнері

Жаңа мыңжылдықта Бакуде бірегей заманауи архитектуралық нысандар салынған. Танымал сәулетші Заха Хадидтің туындысы Гейдар Алиев орталығы, қаланың әсем келбетін тамашалайтын саябақ, Каспий жағалауындағы алаңдар – барлығы қаланың инновациялық, технологиялық прогреске деген ұмтылысын көрсетеді. Аталмыш ғимараттар Әзербайжан мемлекетінің мәдени дәстүрі мен тарихынан сыр шертеді.

Новруз байрамы

Сапарымыз Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп, халықтың ортасында ұлыстың ұлы күнін атап өттік. Байқағаным, әзербайжан халқы  күллі түркі жұртшылығына ортақ Наурыз мейрамын ерекше тойлайды.

Наурыз – әзербайжан тілінде «Новруз байрамы». Ертеде «Тұран» мерекесі деп аталған. Халықтың айтуынша, 2006 жылы мерекені тойлауға тек  екі күн демалыс берген. Ал қазіргі уақытта  21-27 наурыз аралығында 7 күн тойланып, дастарқанға 7 түрлі тағам қойылады екен.

Ең қызықтысы, мұнда  Новрузға дейін төрт сейсенбі атап өтіледі. Олар – «Су чершенбеси» (су сейсенбісі), «От чершенбеси» (от сейсенбісі) , «Йел чершенбеси» (жел сейсенбісі) және «Торпаг Чершенбеси» (жер сейсенбісі). Мұның астарында табиғат пен халықтың байланысы көрініс тапқан.

Мысалы, мерекенің бірінші сейсенбісінде (су чершенбеси) әр отбасы міндетті түрде бидай дәнін отырғызады. Бидай сонымен қатар Новруздың символы саналады. Халықтың сенімі бойынша, бұл күні қар еріп, өзен суға толады.

Аптаның екінші сейсенбісінде (От чершенбеси) жылудың символы ретінде отқа алғыс айтады. Ескі түсінік бойынша, халық от жағып, одан секіру қажет. Өйткені от адамды барлық жағымсыз нәрселерден тазартып, ауыртпалықтардан арылуға көмектеседі деп ұққан.

Әзербайжан мифологиясында жел нұсқаулық саналады. Наным-сенім бойынша, «Йел баба» (ақсақал ретінде бейнеленген) орманда адасқан жақсы адамдарға кездеседі. Ол кездескен адамдарға доп беріп, жерге лақтырады. Доптың қозғалысы арқылы адасқан жолаушы жол табады. Ал Торпаг чершенбеси (жер сейсенбісі)  жерді оятып, көктемді әкеледі. Бұл күні  әр отбасы үйінде  шам жағады. 

Бакуге барарда нені ескеру қажет?

Қаланы турсыз аралаймын десеңіз,  бірінші кезекте сим-карта сатып алуыңыз қажет. Өйткені діттеген жеріңізге  Google Maps  қосымшасы арқылы оңай әрі тез жетесіз. Бұл ретте сим-картаны әуежайдан немесе қонақүйден алу екі есе шығын. Одан да байланыс операторларының орталығына барып, алған жөн. Мәселен, Әзербайжан мемлекетінде  Azercell, Bakcell, Nar Mobile атты байланыс операторлары жұмыс істейді. Ең тиімді әрі жылдам интернет қаласаңыз, Azercell  алған дұрыс. Симкарта 10 манат, интернет үшін гигабайт қостыру 12 манаттан басталады.

Бір манат – қазіргі валюта бағамымен 263 теңге.  Visa  және  Mastercard карталары арқылы сауда орындарында, дүкендерде төлем жасауға, банкоматтардан ақша шешіп алуға болады. Бірақ шығарып алатын ақша көлеміне байланысты комиссия  ұсталады.

Сонымен қатар қаланың туристік аймақтарына метромен жету ыңғайлы әрі арзан. Метро желісі үш бағыт бойынша жүреді. Арнаулы терминалдардан 2 манатқа  Bakikart  сатып алып, жолақысын төлей аласыз. Жол ақысы – 40 гяпик. Теңгемен шаққанда 120-130 теңге шамасында.

Туристік нысандар бір-біріне жақын орналасқан. Мәселен, Ичеришехир аумағында «Ұлттық кілем музейі», «Deniz Mall» сауда орталығы орналасқан. Ескі кварталдың шығыс және оңтүстік шекарасы арқылы Приморск бульвары өтеді. Ежелгі қаладан 500 метр қашықтықта Каспий теңізі басталады. Кешеннің оңтүстік-батысында филармония бағы орналасқан. Туристік нысандардың көбі  Сабаил ауданынан бастау алады.

Мені таңғалдырғаны – әзербайжандық жастар.  Үлкен буын өкілдері ғана орыс тілін білетіні болмаса, жастар жағы ағылшын тілін жетік меңгерген. Ағылшыншам ақсап тұрғандықтан, олардан орысша жөн сұрап көріп едім, көбі әзербайжан не ағылшын тілінде  жауап қатты. Риза болдым. Бұл дегеніміз жастардың өз  ана тіліне деген құрметі ғой!?  Ал біздің елде бұл жағдай басқаша...

Әзербайжан жұртшылығының қазақ халқына деген құрметі ерекше екен. Қазақ екеніңді айта қалсаң болды, «кардешым» деп бауырына басып, тарихымызды сөз етеді. Жөн сілтеп, көмектесуге дайын тұрады. Қанша дегенмен, түбі бір түркі халқы емеспіз бе?..

Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті