Әділдік үшін 10 жыл күрескен әкім
Әділдік үшін 10 жыл күрескен әкім
368
оқылды
Қазақ әйелі бүгінде отбасы, ошақ қасында ғана емес мемлекеттік маңызы бар талай қызметтің тізгінін ұстап отыр. Одан бөлек, қазақ  қыздары іс­керлігімен қатар ержүрек батырлығымен де та­рих­та қалған. Біз­дің кейіпкеріміз де осы ғасыр­дың тарихында есімі қаша­лып жазылатын­дардың бірі. Түркістан облысының со­нау Келес ауданына қарас­ты шалғай ауылы – Бір­лесудің әкімі Қарашаш Еркін­бекова­ның басынан өткен шы­тыр­­ман оқиға әділдік үшін кү­­­­ресте қажымаудың, әйел қай­­ра­тының үлгісіндей кө­рі­нетіні бар. 2007 жылдан 2009 жылдың наурызына дейін ауыл әкімі қызметін атқарған кейіп­ке­ріміздің үстінен, қай жақ­тан келген зауал екенін қай­дам, кенет «пара алды» де­ген күдікпен іс қозғалады. Осылайша, ол соттың ше­ші­мімен айыпталып, мүлкі тәр­кі­леніп, 5 жылға мемле­кет­тік лауазымды қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Бас бостандығынан айыру жазасы да кесілді. Дегенмен кішкентай сәбиінің болуына байланысты сот үкімінің орындалуы 2012 жылға қалдырылған. Осы сәтті пайдаланған ана әділдік іздеуге шықты. «Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Әділ­дік үшін күрескен күндерім ки­но сияқты көз алдымда», – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгі­ме­сінде. Экономистен бөлек, заңгер мамандығын қоса игеріп алған білікті маман осы жылдар ішінде адвокат жалдамастан өзінің толықтай кінәсіз екенін дәлелдеу үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сол кездегі төрағасы Қ. Қожамжаровтың, сол кездегі Бас прокурор Ж.Асановтың, Жо­ғарғы сот төрағасының, Пар­ламент депутаттарының қа­был­­дауына жазылады. Қо­лын­­дағы құжаттарын нақты дә­­лелдерімен алға тарта оты­­­­рып, әділетсіздікке көз жет­кі­зеді. «2017 жылы мен үшін барлық жоғары органдардың есігі жабылды. Соңғы үмітімді үкілеп, Қожамжаровтың қа­был­­­­дауына кіру үшін есігі­нің алдында 18 күн бойы тап­жыл­май отырған күндерім бол­ды. Қалай да кіруім керек, өзім­нен толық естісе болды, басқа арманым жоқ дейтінмін. Ақы­ры қабылдауына кіріп, алдына қағаздарымды жайып тастап, шешімдерді көрсетіп, «Бағасын сіз ғана бересіз, сосын барып тоқтаймын» деп түгелдей айтып бердім. Ол тапжылмай тыңдап, орын­басарларын шақырып, мә­селеге көз жеткізген соң ар­­­найы команда құрып, істі қайта тергеуді тапсырды. Тер­геу­де менің уәждерім негізін тапты. Қ.Қожамжаров Бас про­­куратураға соттың үкімін бұзудың жолын қарастырыңыз, деп ұсыныс айтты. Алайда Бас прокурор ұсынысты негізсіз деп қайтарып жіберіпті. Әділдікке енді қол жеткіздім бе дегенде мына жағдайды естіп, тағы да үлкен қиындықпен бірнеше ай жүріп сол кездегі Бас прокурор Ж.Асановтың алдына кірдім. Ол да іспен толық танысып, мені мұқият тыңдады да, сол жерде қарамағындағыларға қылмыстық іс алынып, қайта қаралсын деп тапсырма берді. Жоғарғы сотқа үкімді жоюға наразылық берілді», – дейді өтке­нін еске алған Қарашаш Махан­бетәліқызы. Бұл жолы тағы да мәселе сөзбұйдаға салынып кетеді. Дегенмен болайын деген іс шығар, Ж.Асанов дәл осы кезде Жоғарғы соттың төрағасы бо­лып ауысады. Әділдік іздеуші ол кісінің қабылдауына тағы кіре­ді. Мәселенің әлі шешілмегенін көрген ол тезірек бітіруді тап­сы­рыпты. «Менің ісімді сот залында үштік судья қарап жат­қан болатын. Бір кезде мені ішке шақырды, кірсем 7 судья отыр. Үштіктен, одан соң бестік, ал жетілік судья ол соңғы саты. Осы соңғы сатыдан өтпесеңіз қайда барсаңыз, онда барыңыз ісіңізге нүкте қойылады. Төра­ға­сы А.Рахметуллин екен. Нар­тәуе­кел деп күшімді жинап алдым да, деректермен толық айтып бердім. Ол жерде артық әңгіме, эмоция деген болмайды. Алла күш берген шығар, ентелеп отырған 7 судьяның сынағынан өту деген оңай емес. Кеңесу 1 сағатқа созылды. Олар келіп үкімді оқы­ғанда өзімді әрең тежедім. Үкім бұзылды. Іс қайта қаралуға ауданға жіберілді. 9 жыл бойы ең үлкен сатыларда сүрінбей өтіп, арқамды кеңге салып ау­дан­ға келсем, Келес аудандық соты­ның судьясы 3 ай қарап, бая­ғы үкімді қайта шығара сал­ды. Амал жоқ, облыстағы апел­ляциялық сотқа баруға тура келді. Мұнда іс 3 айға жуық қаралды. Төрағалық жа­са­­ған судья Зиядинхан Пір­нияз менің сөзімді бөлмей мұ­қият тыңдады. Шүкір, осы кі­­сі­нің төрағалығымен 2018 жыл­­дың 12 қазанында то­лық­­тай ақталдым. Үкімнің ас­тына 10 жыл бойғы көрген қиын­дық­тары үшін мораль­дық-ма­териалдық шығын­дары, осынша жылғы еңбекақысы өнді­рілсін деп жазып берді», – дейді кейіпкеріміз. Көрген түстей болған 10 жыл артта қалып, Қарашаш Маханбетәліқызы 2019 жылдың 13 ақпанында сот шешімімен өзінің қызмет орнына – Бірлесу ауылдық округіне әкім болып қайта келді. Алайда 2013 жылы шыққан сайлау заңына орай ауыл әкімдері сайлануы тиіс бол­ғандықтан, 7 айдан соң ор­ны­нан босатылды. Алайда халқы сүйетін қайсар әкім бәрі­бір елінің қалауымен 2019 жыл­дың желтоқсанында орны­на қайта жайғасты. Бүгінде ол 5 500 тұрғыны бар Бірлесудің әкімі. «Халқыма риза­мын, олар да маған қол­дау біл­дірді. Маған деген көзқара­сын сайлау кезінде анық байқа­дым», – дейді қайсар әкім Қара­шаш Еркінбекова.   Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы