Қазақ әйелі бүгінде отбасы, ошақ қасында ғана емес мемлекеттік маңызы бар талай қызметтің тізгінін ұстап отыр. Одан бөлек, қазақ қыздары іскерлігімен қатар ержүрек батырлығымен де тарихта қалған. Біздің кейіпкеріміз де осы ғасырдың тарихында есімі қашалып жазылатындардың бірі. Түркістан облысының сонау Келес ауданына қарасты шалғай ауылы – Бірлесудің әкімі Қарашаш Еркінбекованың басынан өткен шытырман оқиға әділдік үшін күресте қажымаудың, әйел қайратының үлгісіндей көрінетіні бар. 2007 жылдан 2009 жылдың наурызына дейін ауыл әкімі қызметін атқарған кейіпкеріміздің үстінен, қай жақтан келген зауал екенін қайдам, кенет «пара алды» деген күдікпен іс қозғалады. Осылайша, ол соттың шешімімен айыпталып, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға мемлекеттік лауазымды қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Бас бостандығынан айыру жазасы да кесілді. Дегенмен кішкентай сәбиінің болуына байланысты сот үкімінің орындалуы 2012 жылға қалдырылған. Осы сәтті пайдаланған ана әділдік іздеуге шықты. «Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Әділдік үшін күрескен күндерім кино сияқты көз алдымда», – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде. Экономистен бөлек, заңгер мамандығын қоса игеріп алған білікті маман осы жылдар ішінде адвокат жалдамастан өзінің толықтай кінәсіз екенін дәлелдеу үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сол кездегі төрағасы Қ. Қожамжаровтың, сол кездегі Бас прокурор Ж.Асановтың, Жоғарғы сот төрағасының, Парламент депутаттарының қабылдауына жазылады. Қолындағы құжаттарын нақты дәлелдерімен алға тарта отырып, әділетсіздікке көз жеткізеді. «2017 жылы мен үшін барлық жоғары органдардың есігі жабылды. Соңғы үмітімді үкілеп, Қожамжаровтың қабылдауына кіру үшін есігінің алдында 18 күн бойы тапжылмай отырған күндерім болды. Қалай да кіруім керек, өзімнен толық естісе болды, басқа арманым жоқ дейтінмін. Ақыры қабылдауына кіріп, алдына қағаздарымды жайып тастап, шешімдерді көрсетіп, «Бағасын сіз ғана бересіз, сосын барып тоқтаймын» деп түгелдей айтып бердім. Ол тапжылмай тыңдап, орынбасарларын шақырып, мәселеге көз жеткізген соң арнайы команда құрып, істі қайта тергеуді тапсырды. Тергеуде менің уәждерім негізін тапты. Қ.Қожамжаров Бас прокуратураға соттың үкімін бұзудың жолын қарастырыңыз, деп ұсыныс айтты. Алайда Бас прокурор ұсынысты негізсіз деп қайтарып жіберіпті. Әділдікке енді қол жеткіздім бе дегенде мына жағдайды естіп, тағы да үлкен қиындықпен бірнеше ай жүріп сол кездегі Бас прокурор Ж.Асановтың алдына кірдім. Ол да іспен толық танысып, мені мұқият тыңдады да, сол жерде қарамағындағыларға қылмыстық іс алынып, қайта қаралсын деп тапсырма берді. Жоғарғы сотқа үкімді жоюға наразылық берілді», – дейді өткенін еске алған Қарашаш Маханбетәліқызы. Бұл жолы тағы да мәселе сөзбұйдаға салынып кетеді. Дегенмен болайын деген іс шығар, Ж.Асанов дәл осы кезде Жоғарғы соттың төрағасы болып ауысады. Әділдік іздеуші ол кісінің қабылдауына тағы кіреді. Мәселенің әлі шешілмегенін көрген ол тезірек бітіруді тапсырыпты. «Менің ісімді сот залында үштік судья қарап жатқан болатын. Бір кезде мені ішке шақырды, кірсем 7 судья отыр. Үштіктен, одан соң бестік, ал жетілік судья ол соңғы саты. Осы соңғы сатыдан өтпесеңіз қайда барсаңыз, онда барыңыз ісіңізге нүкте қойылады. Төрағасы А.Рахметуллин екен. Нартәуекел деп күшімді жинап алдым да, деректермен толық айтып бердім. Ол жерде артық әңгіме, эмоция деген болмайды. Алла күш берген шығар, ентелеп отырған 7 судьяның сынағынан өту деген оңай емес. Кеңесу 1 сағатқа созылды. Олар келіп үкімді оқығанда өзімді әрең тежедім. Үкім бұзылды. Іс қайта қаралуға ауданға жіберілді. 9 жыл бойы ең үлкен сатыларда сүрінбей өтіп, арқамды кеңге салып ауданға келсем, Келес аудандық сотының судьясы 3 ай қарап, баяғы үкімді қайта шығара салды. Амал жоқ, облыстағы апелляциялық сотқа баруға тура келді. Мұнда іс 3 айға жуық қаралды. Төрағалық жасаған судья Зиядинхан Пірнияз менің сөзімді бөлмей мұқият тыңдады. Шүкір, осы кісінің төрағалығымен 2018 жылдың 12 қазанында толықтай ақталдым. Үкімнің астына 10 жыл бойғы көрген қиындықтары үшін моральдық-материалдық шығындары, осынша жылғы еңбекақысы өндірілсін деп жазып берді», – дейді кейіпкеріміз. Көрген түстей болған 10 жыл артта қалып, Қарашаш Маханбетәліқызы 2019 жылдың 13 ақпанында сот шешімімен өзінің қызмет орнына – Бірлесу ауылдық округіне әкім болып қайта келді. Алайда 2013 жылы шыққан сайлау заңына орай ауыл әкімдері сайлануы тиіс болғандықтан, 7 айдан соң орнынан босатылды. Алайда халқы сүйетін қайсар әкім бәрібір елінің қалауымен 2019 жылдың желтоқсанында орнына қайта жайғасты. Бүгінде ол 5 500 тұрғыны бар Бірлесудің әкімі. «Халқыма ризамын, олар да маған қолдау білдірді. Маған деген көзқарасын сайлау кезінде анық байқадым», – дейді қайсар әкім Қарашаш Еркінбекова. Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы