Ол «темір тұлпарды» тізгіндеп, азаматтармен қатар күрежолдың үстінде жүреді. Ол – ер азаматтардың ортасында іскерлігімен, ер мінезімен ерекшеленген жан. Ол – Көкпекті ауданының жол құрылысына белсене араласып, осы салада қырық жылдан артық жемісті еңбек етіп жүрген «Қазавтожол» ЖШС-іне қарасты «ДЭУ – 29» учаскесінің басшысы Гүлрайхан Мұхамадиева.
Жұртқа сыйлы, ортасына беделді Гүлрайхан Закариянқызы еңбек жолын қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап, жол маманы, мекеме басшысы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарып келеді. «Әкеге тартып туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, әкесі Закария ақсақал баласының адал, еңбекқор болып өсуін қадағалап, жас кезінен соған сай етіп тәрбиеледі.
Гүлрайхан Закариянқызы басшылық жасайтын «Жол пайдалану учаскесі – 29» мекемесі республикалық маңыздағы «Омбы–Майқапшағай» жолына қызмет көрсетеді. Аталған учаскеге Жарма ауданына қарасты Кеңтарлау ауылынан бастап Тарбағатайдың Боғас бекетіне дейінгі үш ауданды жалғап жатқан 162 шақырым жол кіреді. Әрі қыс бойы бораны бір басылмайтын әйгілі Байбура асуы да, бітіп бермес жазық дала мен таулы аймағы көп ұзын жол да осы учаскеде. Гүлрайхан Закариянқызы осы салада 1979 жылдан бастап қырық жылдан астам уақыт табанды қызмет атқарып келеді. Ұжымның алдында беделді, елге абыройлы, ер мінезді, әділ де турашыл жерлесіміз Көкпекті ауданының құрметті азаматы.
Қыста қарлы боранмен алысып, жолда қалған жолаушыға жәрдем бере жүріп қауырт жұмыс істейтін, 11 техникасы әрқашан сақадай-сай 27 ер азаматтан құралған ұжым жаз уақытында да арқаны кеңге салған емес. Күн жылынып, көктем келе жолды қалыпқа келтіру бағытындағы тынымсыз тірлік басталады.
Ел мен жерге еселі еңбек сіңіріп келе жатқан үлкен әулеттің бүгінгі өкілі Гүлрайхан әке өсиетін мінсіз орындап, аманатын адал атқара білді. Жастайынан өз ісіне мығым ол әке атына кір келтірмеді. Кішкентайынан 5 ағасының соңынан ерген, қайсар мінезі мен алған бетінен қайтпайтын, әкесі жастайынан үлкен үміт күткен Гүлрайханды былайғы жұрт бұрыннан еркелетіп Гүлдарай атап кеткен.
Қызығынан гөрі қиындығы басым құрылысшы мамандығының қыр-сырын меңгере отырып, кәсібіне төселіп, біраз жыл жол құрылысы шебері, прораб, жол жұмыстары қоры бойынша инженер міндеттерін атқарды. Ал 2011 жылдан бастап «ДЭУ – 29» мекемесінің басшысы лауазымына көтерілді.
Гүлдарай «жетістікке жеттім» деп бір сәт те тоқмейілсіген емес. Бүгінде зейнет жасында болса да, әлі еңбек майданының көрігін қыздырып жүрген кейіпкеріміз өнегелі отбасының ұйытқысы. Үш қызғалдағы – Айнұр, Мира, Раушаннан өрбіген жиендерінің қызығына батып, бақыттың базарында, халқының ортасында шадыман күй кешуде.
– Әрине, жол саласындағы жұмыс оңай демес едім. Бірақ өз ісіңді беріліп атқарсаң, жауапкершілікті бар ынтаңмен сезінсең, кез келген қиындықты артқа тастауға болады, – дейді Гүлрайхан.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ,Шығыс Қазақстан облысы