Ержан Қабдыкәрім, IT заңгер: Өмірлік тағдыры, қиындығы өлең боп өрілді

«Қабдыкәрім Ыдырысов – творчестволық өрісі кең ақын. Ол нәзік лирик болып та, еңселі эпик болып та жырлайды. Тақырыптары да алуан-алуан. Баламен де, атамен де сырласады. Сүйіне де, күйіне де біледі» деген екен ол туралы Жұбан Молдағалиев.

Біздің бүгінгі әңгімеміз – «Ән сүймеген өмірді де сүймейді, өзім жоқта әнім жүрсін құлақта» деп жырлаған ақын Қабдыкәрім Ыдырысов жайында. Жуырда ақынның 95 жылдығына арнап, арнайы жинақ шықты дегенде елең ете қалғанбыз. Жинақты құрастырып, баспаға ұсынған – ақынның немересі Ержан Қабдыкәрім. Мамандығы заңгер болса да, атасының мұрасын жинақтап, оқырманға табыстап жүрген Ержанға қоңырау шалып, аз-кем тілдескен едік. 

– Ержан, атаңыз, яғни қазақтың көр­некті ақыны Қабдыкәрім Ыды­ры­сов туралы сөз қозғайықшы. Сіз ата­ңыз туралы ойға алғанда не еске тү­седі?

– Өкінішке қарай, мен атамды кө­ре алмадым. Өмір жасы 50-де, мен дүниеге келген кезіме дейін үзіл­ді. Атам туралы әңгіменің бә­рін Бәтіш апамыздан (Атамның жұ­байы) естідік. Одан бөлек, қара шаңырақтағы портреттер мен ата­ның аты бар кітаптары арқылы тү­с­іне бастадым. Одан кейін мек­теп­те оқып жүргенімізде, қазақ әде­­биеті сабағында атамның «Әр­қа­­шан күн сөнбесін!» өлеңін өттік. Сон­дықтан атамның мұрасы ахуа­лын­да өткен балалық шағымды ес­ке алғанда, мынадай ойға ке­ле­мін: ол ұзақ өмір сүрсе, бір-бірі­міз­ді көрсек, ол әр немересі туралы, ал­ған әсері туралы көп өлең жазар еді. Себебі Ерлан, Нұрлан, Бағлан мен Біржан туралы (ұлдары) өлең­де­рінде көп айтады. Жақында өзім шы­ғарған атамның балаларға ар­нал­ған жинағын оқып отырып, ол кі­сінің өлеңдерінің мәңгі өл­мей­ті­нін, ол өлеңнің бәрі өзіміз туралы еке­нін түйсіндім. Тіпті, неме­ре­ле­рі­­мен ешқашан кездеспесе де, өлең­­нің бәрі солар туралы айтып отыр­ғандай әсер қалдырды. Ме­нің­ше, ол менімен бірге өткізетін, ме­німен бірге ертегі айтатын мүм­кін­діктің орнын толтырып, өзінің ата ретінде рөлін жақсы орындай білді. 

– Әкесі «Халық жауы» боп ұс­тал­­­ған­да атаңыздың жасы 9-да ғана бол­ған екен. Сол кездері «Қолыма ал­дым қарындаш, көңілде қайғы, көз­де жас» деп алғаш өлең жазыпты. Ақын­ның балалық шағы туралы ес­те­лік кітаптар жазылды ма?

– Атамның балалық шағы ту­ра­лы арнайы естелік кітап шы­ға­рыл­ған жоқ. Алайда жоғарыда атал­ған алғашқы өлеңінен бөлек, әке­сі Ыдырыс Мұстафинге арнал­ған 18 бөлімінен тұратын «Әке жо­лы» поэмасы және «Әке суреті ал­­­дымда» өлеңі бар. Алғашқы өлеңін әкесінен айырылып, қина­лып жүрген сәтінде жазған. 

Атам бір сұхбатында: «Менің тұрғыластарымның барлығының бал­ғын шағы аса бір ауыр шақтарда өтті. Мен бесінші класты аяқтап, ал­тыншыға көшкен жылы Ұлы Отан соғысының сұрапылы баста­лып кетті. Ауылдағы бар естияр ағалар соғыс жарияланған күннің ертеңінде-ақ бірінен соң бірі соғыс комиссариатына шақырылып, кешіккендері өздері сұранып, суы­рылып майданға аттанып жатты. Мек­тептегі ер мұғалімдердің көп­ші­лігі қолындағы қалам-дәп­тер­ле­рі­нің орнына мойындарына сұсты қару асынды. Бұған дейін әкемнен айырылып, жетімек атанған едім. Енді ер азаматтарын майданға жі­беріп, бүкіл ауылымыз жетім қал­ған­дай аңырап, қиын тауқыметті тұр­мысқа душар болдық» деп ай­та­ды. Атамды тұмсығынан сүйреп жүріп жеткізген анасы – Жекен әже­міз. Анасына арнап жазған «Күлші Ана, күлші тағы да» деген өлең жолдары бар. 

– Бала Қабдыкәрім Иса Байза­ков­тан бата алған деседі. Үлкен ақын болуына балалық шақтағы қиын­дық, «халық жауының» ұрпағы ре­тінде көзтүрткі болу, бақытсыз сәт­тер әсер етті деп ойлайсыз ба? 

– Әкем Нұрланның айтуынша, ата­сы Ыдырыс Мұстафин Қоста­най аумағында генерал-губернатор орынбасары болған ағасы қамауға алын­ғаннан кейін оның отбасына көмек көрсеткені үшін өзі де «ха­лық жауы» болып, ұсталып кетеді. Сөй­тіп, әкесінен тірідей айыры­ла­ды. Ол аз дегендей, ашаршылық ке­зінде екі қарындасы да аштан өле­ді. Анасы екеуі ауыр заманда аман қалып, артынан соғыс бас­та­лып кетеді. 13 жасынан бастап түр­лі ауыр жұмыстарды атқарады, ақ­ы­рында денсаулығы сыр береді. 

– Кітаптарының ішінде өз өмірін жаз­ған жерлері бар ма?

– Бұл сауалға атамның өз сөзі­мен жауап берейін: «Әке жолы» ат­ты үлкен дастан мен «Ол кезде он үште едік» деген балалық шаққа ар­налған кітапшам өзгелерден гөрі ыс­тық тартады. Осы айтылған екі дү­ниемде де өз өмірімнен, өз тұр­ғы­­ластарым, жолдастарымның өмі­рінен алынған көп жайттар бар». 

– Ақын талай әнге сөз жазды. Ең танымалы – Әбілахат Еспаевтың «Қайдасыңдар, достарым» әні. Қа­зақтың той-думаны бұл әнсіз өт­пей­ді. Одан бөлек, көпшілік біле бер­­­мейтін қандай әндер бар?

– Атамның өмірі тым қысқа бол­ды. Солай болса да, қазақ әде­бие­тіне құнсыз мол мұра қалдыр­ды. «Баянауыл вальсін» Павлодар маңайындағы білмейтін кісі та­был­мас. «Пусть всегда будет солн­це» атты әнінің «Әрқашан күн сөн­бесін» аудармасын білмейтін қа­зақ жоқ. Ал «Келші, келші бала­шым» әнін тіпті ежелден келе жат­қан халық әні деп санайтындар көп. Алайда оны қазіргі әншілер қай­талап айтып жатыр, бірақ әри­не, ешқайсысы қазақтың атақты ко­­м­позиторы Ескендір Хасан­ға­лиев­тің орындауымен салыстыруға кел­мейді. Бұл ән қазір көптеген фи­льмдерде де айтылып жүргенін бай­қадым. Мысалы, «Тюльпан», «Рауза», «Лифт». Бірақ олардың кей­­­­­­біреулерінде көрсетілген оқи­ғалардың көбі бұл ән шыққан кез­де болмаған. Бұл өлеңді атамыз 1978 жылы тұңғыш немересі Анар ту­ғанда жазылған.

– Қабдыкәрім Ыдырысовтың та­­­маша әнші болғанын да естелік­тер­ден оқыдық. Әншілік дәстүр ата­дан балаға дарыды ма?

– Әкемнің айтуынша, атамыз өлең жазудан бөлек, домбырамен де әсем ән салған. Өкінішке қарай, бұл қасиет балаларының ешқай­сы­сына дарымады. Ұлы Ерлан да­рын­ды футболист болған, бірақ әке­сінің талабымен инженер ма­ман­дығын таңдады. Менің әкем Нұр­лан журналист болды. Мем­ле­кеттік қайраткер дәрежесіне жет­кен адам. Бағлан ағамыз – спорт­тық функционер, Қазақстанға сумо деген жапондық дәстүрлі кү­р­есті әкелді. Біржан – инженер. Не­мересі, менің інім Әлихан – «Ас­­тана Опера» театрының дири­жері әрі хормейстері. Ата ісін жал­­­­ғастырып келе жатқан Әлихан бо­лар. Бала кезінде Santa Lucia сияқ­­ты классиканы тамаша орын­да­­ды. Тіпті, италияндық әнші Ро­­бертино Лоретидің музыка мек­те­бінде болып, Әлихан осы клас­си­­каны оның алдында орында­ған­да, талантты әнші орнында отыра ал­май, Әлиханға қосылып, оның ба­лалық солосын құдіретті дауы­сы­мен толықтырған сәті де болды. Бұл таза импровизация болды. Егер ол кезде YouTube желісі болса, әлем­ге тарар еді. 

коллаж: Елдар ҚАБА

– Ақынның бүкіл шығармалары жинақ болып жарық көрді ме? 

– Толық жинақ басып шы­ға­рыл­­­­ған жоқ, себебі шығармалары­ның саны көп және тақырыптары әр­түрлі. Балаларға арналған өлең­дері­нен бастап, саяси насихатқа дейін. Иә, ол партия, комсомол, Ле­нин, тағы басқа социалистік қуа­ныштар туралы үкіметтік тап­сырыс бойынша жазуға мәжбүр бол­ды. Ол түсінікті: сондай уақыт еді және атам оған имандай сенді. Сондай-ақ атамның жеке кітап­ха­насында оның әлі жарияланбаған шығармалары мен қолжазбалары бар, тіпті орыс тіліндегі шығар­ма­лары бар.

Өйткені сол кезде өлеңдер бас­па­дан бұрын тексерілетін еді. Сон­дықтан, менің ойымша, оның шы­­­­ғармаларын белгілі бір та­қы­рып­қа сай шығарған жөн шығар. Былтыр шығарған жинақ – менің бас­па саласындағы бірінші қада­мым. Бұрын бұл іспен марқұм әкем айналысатын еді. Бұл жи­нақ­қа толығымен атамның балаларға арна­ған өлеңдері енді.

– Ұлдарының арасында өлең жа­затындары бар ма?

– Атамыздың үлкен ұлы Ерлан әуес­қойлықпен өлең жазғаны есім­де. Оны үнемі біреулердің ту­ған күніне, үйлену тойы немесе бас­қа отбасылық іс-шараларға ар­­­­нады. Мұны оңай және эксп­ром­т ретінде жасайтын еді. Менің әкем Нұрлан ҚазҰУ-дың журна­лис­тика факультетін бітіріп, ұзақ уа­қыт КазТАГ-та корреспондент болып қызмет атқарды. Алайда еш­қайсысы өлең жазып кеткен жоқ. Бала кезімде ара-тұра жаз­ға­ным бар, оның бәрі жас кездегі елік­­теушілік болған шығар. Кей кез­дерде көңіл күйіме орай, бала­ларға арнап ертегі жазатыным бар. Олар балаға нақты бір нәрсені үйренуге, дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Бірақ күнделікті өмірде мен IT заңгермін. Басқа ұл не­мерелері, мәселен, Әлихан «Ас­та­­на Опера» театрында істейді, Нұр­жан – әуесқой хоккейші, ба­ла­ларды жаттықтырады және тө­ре­ші ретінде қызмет атқарады. 

– Ата есімін ұмытпау үшін не іс­те­ген абзал? 

– Әкем тірі кезінде атамның ме­рейтойына арналған іс-шара­лар­ға үнемі белсене қатысты. Мы­са­лы, 1998 жылы 70 жылдығына ата­мыз тұратын үйінде мемо­риал­дық тақта орнатылды, 2008 жылы 80 жылдығына Алматыдағы Орта­лық концерт залында концерт қойыл­ды. 2018 жылы 90 жыл­ды­ғы­на естеліктер кітабы шықты. 2023 жылы 95 жылдығына Әлихан Павлодарда концерт өткізді. Одан басқа, осындай шараларды ұйым­дас­тыруға Ыдырысовтарға туыс Пав­лодардағы Раздықовтар әулеті үле­сін қосады, былтыр өмірден оз­ған Дәметкен апамыз және «Са­рыар­қа самалы» газетінің жур­на­лис­ті Нұрбол Жайықбаев үнемі ата­мыз туралы жазып жүреді.

Қабдыкәрім Ыдырысовтың шы­ғармашылығына шынайы ықы­лас танытатын тұлғаларға біз­дің алғысымыз шексіз. Атамыз жаз­­ған өлеңдерін оқу, оларды ба­сып шығару – болашақ ұрпаққа та­­­ралуына септігін тигізеді деп ой­лаймын. Сондықтан мұндай ша­­раларды үнемі қолдап оты­ра­мын және жүзеге асыруға кө­мек­тесу­ге тырысамын. Дәл қазір өзім шы­ғарған жинақты барлығына қол­жетімді қылу үшін электронды кітап түрінде дайындап жатырмыз. Ата­мыздың халыққа арнап жазған өлең­дері елге қызмет етуі қажет деп санаймын. 

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС