Түркі тарихын түгендеген тұлға

Жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын қалай жазғаны туралы айтқан
«Өз жайымнан мағлұмат» атты естелігінде былай дейді: «Әлдеқашан бел асып кеткен көштің жұртына кешігіп жеткен жолаушы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, тұтатпақ боп үрлемей ме – жаңағы естеліктерді шашау шығармай сақтаған менің халім де сондай еді. Сөйтіп, мен қарт адамдардың кө­­­­мескі жадында ұмыт болған көп нәрсені қайта ойлатып, айтқызып ал­дым», – дейді.

Осы бір естелікті есіме тү­­сірген сайын менің жадыма Қой­шы­ға­ра Салғараұлы түседі. Себебі қазақ та­рихы былай тұрсын түркі тарихын зерт­теудің өзі мұң болып, бұрмаланған тари­хи деректер мен еңбектер ғана жа­зы­лып жүргенде кешегі ер түріктің ұр­па­ғының рухты жүрегінде: «Біз кімбіз?», «Қайдан келдік, тегіміз кім?» деген са­уал­дың маза бермеуі заңдылық еді. Се­бебі еуропалық таным-түсінікпен жа­зылған тарих бойынша біз жабайы халық қанамыз. Осылайша, Қойшығара аға бейне бір теңіздің түпсіз тереңінен маржан қармағандай, жердің терең қа­баттарынан алтын іздегендей мұра­ғат­тар мен кітапханалардан қоламтада сөну­ге таяп қалған әлдебір шоқты үр­леп отқа айналдырады. Шоқтың отқа ай­налуы «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қа­­­­зақтың қилы тарихы», «Қазақтар» де­ген роман-эсселер арқылы көрініс тапты. Тарихқа қатысты жалпы саны 40 кіта­бы арқылы қоламтаны үлкен жа­лын­ға айналдыра білді. Ол отты өшір­мек болғандар да табылған, тарихшы­ның алдына қилы кедергілер ұйым­дас­тыр­ған. Жа­зу­­­шыға бүркеншек арыз жазы­лып, бас­падан 30 мың дана болып ба­сы­лып, сатуға шығарылғалы жатқан кі­тап тура­лып, макулатураға кететін бо­­лады. Сон­да Жазушылар одағынан жазу­­шы Әбіш Кекілбайұлы: «Бұл – қа­зақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған құбылыс. Дер кезінде жазылған аса қажетті шығарма» деп бағасын беріп, кітап ғұмырын сақ­тап қалыпты. 

Тастаяқ турнирінде тыңдаған лекция

Жыл сайын бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы дәстүрлі тур­нир өтіп жатады. Қолына қалам мен кийді серік еткендер үшін бұл да бір ме­реке. Қауқылдасып, мәре-сәрсе бо­лы­сып, шар соғыстырады. Әлбетте, бұл тур­нирдің құрметті қонағының бірі – Қой­шығара аға. Жастарға сәттілік ті­леп, батасын беріп, қашан көрсең ай­на­ласына үлкен-кішіні жинап, қа­­­зақ­тың түп тарихына, ежелгі түркі дәуіріндегі де­рек­теріне, бүгінгі қоғамның ахуалына қаты­сты әңгімелеп тұрғанын көреміз. Сон­дай әдеткі турнирдің бірінде дас­тарқан басында Қойшығара ағамыз әргі-бергі тарихтан сыр шертіп, әңгіме­сі­мен көпті ұйытып отыр екен. Өзімнің бильярдтағы кезекті қарсыласымды ұтып келіп, мен де қастарына жайғас­тым. Келесі ойынға дейін біршама уа­қыт болуы керек. Демек ағаның құнды әң­гімесін біраз тыңдауға уақыт бар де­ген сөз. Ағамыздың қасында елге бел­гілі біршама азамат бар екен. Дәл жа­нында сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың орынбасары Ғани Бейсембаев отыр екен (бүгінгі Оқу-ағарту министрі). Әңгіме түркішілдік, пантюркизм жайында өрбіп жатты. Әңгіме тізгіні Қойшығара аға­мызда: «Сосын не істеді? Пантюр­кизм­­мен күресті. Ол күрестен де дым шық­пағаннан соң қайтті? Әр түркі ха­лық­тарының өзінің алфавитін жасады. Қазір ноғаймен де, құмықпен де сөй­лес­сеңіз, қазақпен сөйлескендей сөй­ле­се бересіз. Ал жазуын оқысаңыз тү­сін­бейсіз. Бірге туған деп саналып жүр­­­­ген қырғыздың жазуының өзі «ооо» деп созылып жа­зылады. Әйтпесе, бір ғана тілде сөйлеп жүр­ген халық едік. Қа­рашы енді, кешегі Тұран одағын құ­рамыз дегенде Әзер­бай­жан прези­ден­тінің өзі «бүкіл түркі ті­лінің ішіндегі ең кө­не тіл, ортақ тіл – қазақ тілі болуы ке­рек» десе, ал Түркия пре­зиденті Ердо­ған «Орта­лығымыз – Түр­кістан болуы ке­рек, ол – атаме­кені­міз» деді. Барлығы біліп отыр. XX ғасыр­дың басында мұны Ататүрік ұғымға кір­гізген еді. «Солнечная языковая тео­рия» деген. «Бүкіл адамзат ба­ласы түрік­тен жаратылған, түрік тілінен та­раған» деді. Міне, мен осының барлы­ғын тарихи деректерін келтіріп, жүйелеп жаздым. Барлығы кітап болып шықты. Ада­мазат­тың пәленбай мыңжылдық та­ри­хы жа­тыр. Әр адамның тарихы туған кү­нінен бас­талатыны секілді халықтардың да та­ри­хы жаратылған уақытынан бас­та­ла­ды. Өткен XX ғасырдың аяғында мо­ле­кулада сақталып қалған адамзаттың тұ­қым­тек қорын анықтайтын генетиктер ДНК тәсі­лі арқылы адамзат баласының жа­рал­ғанына қазір 200 мың жыл болды де­ген болжам жасады. Ал біздің жалпы та­ри­хымыз – 10-ақ мың жыл. Оның ал­ғаш­қы 5000 жылы қазба деректер, соңғы 5000 жылы жазба деректер. Ал генетик­тер­дің болжамы рас болатын болса, қал­ған 190 мың жылдың тарихы қайда? Бәрі бір жерден тарады ма, әлде әр жерден бас­тау ал ма, не десек те, сонау түп бас­тау­да, қайнарда тұрғандар болды ғой. Сон­­да біздің түп тамырымыз қайда дей­мін ғой? Сөйтсек, жер жаһанда ата-баба­мыз­дың ізі бар. Америкада да, Ауст­ра­лия­да да, Африкада да түріктердің ізі бар. 64 мил­лион халқымен су астына кеткен Атлант­тар да түрік. Ең соңғы кітабым – Та­нымдық тартылыс. Мұнда – Адамтану, Құ­дайтану, Тұлғатану деген үш тараудан тұра­ды. 

Мысалы, «Ман» деген бар деп бір үл­кен тақырыптың ұшын шы­ғар­ды. Осы кезде менің есіме Әмірхан Бал­қыбек пен Серікбол Қондыбайдың ең­бек­теріндегі «Ман» ұғымы туралы де­рек­тер түсті. Әңгімеге тұздық болсын деп сол деректерді айттым. «Иә, дұрыс байқа­дың. Серікбол бір көштің бойындағы алты «манды» айтады. Енді оның қызы­ғын айтайын. Бұл тым ертедегі дүние. Ай­дың ағалары, Айдың інілері деген бол­ған. Әуелі Күнтегі деген болды. Пат­ша­лар өздерін «Күннен жаралғанбыз» де­ген. Жапондар өздерін «Күннен жарал­ған­быз, Құдайдың баласымыз» дейді. Бұл мат­риархаттық кез. Одан кейін патшадан бір саты төмен Абыздар өздерін «Айдың аға­сы мен інісіміз» деді. Мәселен, Арка­дым деген халық болған. Гомерден кейінгі атақ­ты ақын Гете сол халық туралы «Олар жаралғанда аспанда ай жоқ еді» дейді. Буш­мендер де солай. Айдың ағалары бол­ған. Яғни, ай жоқ кезде жаралған халық­тар айдың ағалары да, ай бар кезде жарал­ған халықтар айдың інілері болып са­­­­нал­ды. Айдың ағалары патшалыққа келгенде, матриархаттық кезеңде мұрагерлік жол­мен патша не қызы, не қарындасы бол­ған. Оның қарындасын, яки қызын Абыз­дар алған. Содан Күнтегі, яғни күнге жа­са­латын рәсімдердің бәрі қалып, айға жа­салды. Осы рәсім Кіші Азияға келгенде күнді біржола құртып, айға жасалды және оны­сын Құт-Ай деп атады. Біздің Ұлы дала­мызға келгенде ол атау Құдай болып атал­ды. Құдай деген сөз содан шығады. Бұл барлық аңыздарда кездеседі. Сонау пар­сылардың аңыздарынан кешегі Хус­рауға дейін осыны жазады. Оның кітабы «Құдайнама» деп аталады. Геродоттың ал­дындағы тарихшылардың барлығы Кав­казды жердің шеті деп түсінген. Сон­дықтан олардың бұл Азиясы қазіргі Ал­дың­ғы және Кіші Азиямен тұйық­тала­ды. Кейін осылардың өсіп-өніп, өріс кеңейт­кен ұрпақтары Кавказ тауының терістігіне өтеді. Қазақтың қазақ болғанға дейінгі та­ри­хы, міне осы кезден басталады. Кав­каз­дың теріскейіндегі бұл алып даланы та­рихшылар «Ұлы Дала» деп атайды. Кейін­нен ғұламалар ай да, күн де Құдай емес екенін тапқан. Олардың пікірінше тір­лік аспан мен жердің жарасымы, түйі­суі. Сондықтан да олар сол түсінікті «таң» деп атаған. Теңіз бен жердің түйісетін же­рін де таң дейді. Екі аяқтың түйісетін же­рін де таң дейді. «Таңын жарқыратып» де­ген сөз бар. «Жаяу адам атты адамға ерем деп таңы айырылыпты» деген де бар. Үлкен көлдерді, теңізді желді күні барып қарасаңыз су шайған кезде құмда қалған ізі таңдай. Таң сияқты деген сөз. Ауыз қуы­сындағы жоғарғы сүйек қабын да «таң­дай» дейміз. Енді жаңағы айтқан таңымызға келейік. Аспан мен жердің үйле­сімі болуы керек деді. Аспаннан қар, жауын жаумаса, күннің, айдың нұры түс­песе жерде тіршілік болмайды дей келе оған жер дегенді қосты. Оғыздар жерді «иер» дейді. Таң мен иердің қосынды­сы­нан біздің Тәңір деген атауымыз шығады. Тәңірлік танымда Жұмақ та бар, Тозақ та бар. Бірақ ол о дүниелік емес, бұ дүниелік тү­сінік. Ал ол кездің жұмағы не? Бірлік! Бес саусақ. Біріктірсең не болады? Жұм бо­ла­ды. Көзіңді де жұм деп айтамыз. Ал «ақ» дегеніміз – күшейткіш жалғау. Пә­­лен­шенің баласы бала-ақ екен дейміз. Ал сон­да бірлігіміздің күштілігі – жұмақ. Мұ­ның керісінше тозы – тозақ. Сенің тір­лі­гіңдегі бірлігің болмай азып, тозудың шегі – тозақ. Мұны Әлкей Марғұлан то­лық зерттеді. Осы ұғымдардың барлығын мен кітабымда ашып айтамын. Мен бір ғана мысал айтайын, Петрдің шведтермен болған соғысын еске алайық. Сол кезде швед­тер жеңіліп, шведтің королі мен қор­ғаушылары қашады. Содан түркілердің қо­лына түсіп, тұтқын болады. Кейіннен қай­тадан босап шығып қайтадан король бо­лып 36 жасында соғыста қайтыс бола­ды. Сол корольдің естелігінде бір-ақ ауыз сөз бар: «Мен түріктердің тұтқынымын. Осын­дай әділетті елде тұтқын болу қан­дай бақыт» дейді. Король айтып отыр. Бір ел­ді ашса алақанында, жұмса жұды­ры­ғын­да ұстап отырған адам. Ол аз болса, не­містердің XV ғасырдағы інжілді бірін­ші неміс тіліне аударған дін иесі Мар­тин Лютер деген сол ұлттың рухани кө­семі болған. Соның бізбен, яғни түрік­термен соғысында айтқан сөзі бар: «Ей, не­містер! Түріктерді тоқтатпаңдар. Не­міс­терді жаулап алсын. Сонда ғана сендер әділет­тілік пен заңдылықтың не екенін біле­сіңдер» дейді. Ал әрі тарихшы, әрі сая­саткер, жазушы, француздың атақты ға­лымы Монтескьё Шарль Луи́дың: «Даңқы мен атақтылығынан әлемнің бір­де бір халқы түріктермен теңдесе ал­май­ды. Басқа халықтарды Тәңірі осы халыққа қыз­мет ету үшін жаратқан секілді. Дү­ние­жү­зіндегі империяларды құрған да – осы­лар, қиратқан да – осылар» дейді. Ал На­марати деген түріктер туралы «Дүние­жү­зіндегі ең алғашқы өркениетті құрған, мә­дениетті де әкелген» деп айтып келеді де, «Адамзатты осындай даңққа бөлеген түрік­терге қарсы дұшпан болу – адамзат ба­ласына дұшпан болу. Құдайдан тілей­ті­нім мені осындай күпірліктен сақтаса екен» дейді. Міне, осыларға мен пара бе­ріп айтқызып отырмын ба?! Олар бізге бо­дан болып, жағымпазданып айтып отыр­ған жоқ. Біз сол осынау айбынды ғұ­мыр кешкен түріктерді тани алып жүр­міз бе?! Маған мақтау да, қошемет те ке­­рек емес. Мақтаудан құр алақан емес­пін. Мерейтойым сайын жер-көкке сый­ғыз­бай мақтайды. Осы уақытқа дейін 53 кітап жазсам, соның 40-ы тарихқа қа­тыс­т­ы. Ал енді қызығын қараңыз, мені та­ны­мал еткен – алғашқы жазған төрт кітабым. Ме­млекеттік сыйлықты да сол арқылы ал­дым. Президент те сол арқылы таныды. Ал қалған кітаптарым туралы ешкім біле бермейді. Кітаптарға қатысты ештеңе ай­тылмайды, тек өз қара басымды мақ­тай­ды. Тым құрыса бір кітабымды талдап, оның жаңалығы неде екені, қандай де­рек­терді қалай тарқатқанымды айтпайды. Осы кітабымды студенттерге тегін таратса ғой. Тіпті, менің кітабымды оқытпай-ақ қой­сын. Менің кітабымның негізінде сту­денттерге арналған оқулық жазса, бар­лық деректер тұр. Бүкіл адамзаттың тари­хы­­нан бастап, бүгінгі танымға дейін ал­да­­рына жайып беремін. Менікі жалаң сөз емес. Ішінде «атам айтып еді, әкем айтып еді немесе қазақта былай деуші еді» деген сөз жоқ. Барлығының тарихи деректері бар. «Адамзат баласы түріктен жаралған» де­дік. Былай қарасаң, ертегі секілді ес­ті­леді. Енді осыған «Оның қандай дәлелі бар? Неліктен олай деді?» деп бас қатыр­май­­ды. Мұның барлығы осы жасымда ма­­ған түкке де керегі жоқ. Бұл ұрпаққа ке­рек», – деп тоқтады тарихшы. Осы рет­те, Ғани Бейсембаев сөз алды. «Ең ал­ды­мен мұны кітап қылып көбейтіп шы­ға­рып, екіншіден, жоғары оқу орындарына тара­ту керек қой. Мен сізді түсіндім. Қа­­­­­был­дадым. Енді маған сіздің айт­қан­да­­рыңыздан қандай әрекетке барудың жо­лын табуға уақыт беріңіз. Сізбен қай­тадан кездесетін боламын» деді. Осы кез­де тарихшының айналасындағылар бірі кітабының атын сұрастырып, бірі те­лефон нөмірін сұрап жатты. Ағамыздың әңгімелері әрі қарай Қы­тай­дағы мұрағат­қа түскен сәттегі оқи­ға­ла­ры­мен өрбіді. Бір жарым жыл бойы сонда бол­ғаны, сол уақытта он кітап жазылып, сол кездегі Президентке ұсынғанын айтты. «Сон­да Президент кітаптға ұзақ қарап, ақ­тарып отырып, бетіме қарап «Қойшеке, ұйық­тамапсың ғой» деді. Мен: «Осында пә­ленбай жазушылар бар, тарихшылар бар, ішінде көне тілдерді оқитын, иерог­лиф білетіндері де бар. Соларды жібермей, мені жібердіңіз. Егер сол сенімді, жауап­кер­шілікті ақтамасам, сөз сізге келеді» де­дім. Қытайда күніне он алты сағат жұ­мыс істедім. Бұл ретте, Қуаныш Сұл­та­нов­тың көп көмегі тиді. Оған кіргенімде «Аға» деді, «Қытай деген халық құпиясын іш­ке бүккен ел. Тарихшымын деген қан­ша адам түк таба алмай кеткен. Нұрекең де маған қатты тапсырды. Мен олардың бас­шыларын, қойма меңгерушілерін, ел­шілерін қонақ қыламын. Сыйлық тап­сы­ра­мын. Ал сізді тарихшы емес, жазушы деп таныстырамын» деді. Сөйтіп, шақы­ра­тын адамдарын шақырды, мені таныс­тыр­ды. Сөз маған келгенде мен: «Біз сіз­­дер­мен әлімсақтан көрші болған елміз. Тарих­та соғысқан, біліскен, құда болған кездеріміз де бар. Бүгінде екі елдің ынтымақтастығы жақсы. Екі басшы ке­лі­сіп мені жіберіп отыр. Екі елдің дос­ты­ғын, ынтымақтастығын тереңдеп зерттеп, бауырмалдық бірлестігін жазғым келеді. Соған көмектесулеріңізді сұраймын» дедім. Содан елшілікке тапсырып кеткен ғой. Үйім, көлігім, аудармашым, барлығы дайын болды. Ал архивін бір қала десек болады. Мен тіл білмейтін адаммын ғой. Мен бір дүниені айтсам, олар сол керегім­ді алдыма әкеліп береді. Сол кезде сонда Абылай ханның өзге де атаулы күндердің тойы болады ғой. Мұнда маған беріп жі­берген шапанын, тартуын сонда алып бар­дым. Сонда ең бірінші мені архивтің ди­ректоры жұбайы екеуі шақырды. Сонда менің бірінші сөзім мынау болды. «Бізде мынандай мақал бар: «Дәм бұйырып шетелге шыға қалсаң, бірінші кездескен адам сенің туысың» деген. Негізінде бізде ондай мақал жоқ. Сосын әрі қарай: «Енді ме­нің Қытайдағы туысым – сенсің! Қа­зақ­стандағы сенің туысың – мен! Ал сол туыс­тығымыз үшін деп тост көтердім. Со­дан кейін талай жерге жолым ашылды» дей­ді ағамыз. Әңгіме біршама уақытқа со­зылды. 

Сол күнгі Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған тастаяқ турнирін­де мен бас жүлдені иелендім. Бұл менің ең ал­­ғашқы жеңісім еді. Марапаттау сал­та­натында мені Қойшығара аға құттықтап, қо­лымды алды. Менің ең басты жеңісім – кеудесі көмбе, танымы – телегей, білімі – бірегей ағамыздың ғибратты әңгімесін тың­­дау болды. Ағамыздың телефонын алып, кейін тарих пәнінен сабақ беретін до­сымды ертіп алып, абыздың шаңыра­ғына барып әңгімесін армансыз тыңда­дым. Ұзын-сонар әңгімеміздің жалпы уа­қыты төрт сағатқа созылыпты. Бұл енді бө­лек әңгіме...

Алаш жүрегіне от жаққан

Сөз басында қоламтадағы от ту­ра­лы бекерге қозғамадық. Жалпы, от туралы сөз қозғағанда грек аңызда­рын­дағы маған ұнайтын бірден-бір кейіп­кер Про­метей есіме түседі. Есімі «ақылмен іс жа­сайтын» немесе «алдын болжайтын» де­ген мағына білдіретін ол өз ата-анасы­нан берілген ақылдылығы мен батылды­ғын өз халқының пайдасына жұмсап, не­гізін өзі қалаған еліне қорған болатыны ай­тылады. Ол адамдарды үй салуға, метал өң­деуге, егін егуге, суда жүзуге, жазу-оқу­ға, есеп-қисап жүргізуге, жұлдыздарды зерт­теуге және өзге де көп­теген дүниеге үй­ретуші. Аңыз бойынша Прометей құ­дай­лардың мекенінен от ұрлап, оны адам­дарға бергені үшін Зевс­тің қаһарына ұшы­рап скифтер мекен­дей­тін Кавказ тауы­на бұғауланып тасталады. Прометей әкел­ген от техникалық прог­рес­ке жол ашады. Ол өзінің қатты азап шек­­кеніне қарамастан, қолында жасын ой­­натқан Зевстің өзіне батыл қарсы шы­ғып, алған бетінен қайтпайды. Бұл ретте, К.Маркс Прометейді «...адамзат тари­хын­да ең ізгі ниетті әулие әрі азап ше­гуші» деп атайды. Бір қызығы аңыз­да Прометей Кав­каз тауына бұғау­лан­ғанда тұрқы тұл­пар, басы адам кен­тавр­лар оған жана­шыр­­­лық танытады. Ал тарих­шылар тақы­мы аттан босамаған кен­­тавр­ларды ежелгі түріктер деп есеп­тейді. Демек Проме­тей... Жә, айтар ойы­­мыздың қазығына оралсақ, Құдай­ларға қарсы шығып, адамзат игілігі үшін от ұрлап адамдарға таратқан Про­ме­­тейді неге сөз қылдық? Бұл жерде от – сим­волика ғана. Адам­зат­тың ізгі мұраты үшін күресіп, сол жолда өмірін сарп еткен жандарды біз Прометейге ұқсатсақ болады. Бұл рет­те, Қойшығара Салғараұлын Алаш жұр­тының сонау мыңжылдықтағы ру­хани жадын ояту­шы, шетелдегі мұра­ғат­тардан (әсіресе, Қытайдан), тари­хымызға қатысты көне деректерді от түрінде елімізге әкеліп, кешегі түркі ұрпақтарының жүрегіне таратушы деп білсек болады. Тарих­шының күн-түні архивтерді ақтарып, күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндердегі әлдебір дерек­тің ұшығынан ұстап, берісі түркі жұрты үшін, арысы адамзат үшін тосын жаңа­лықтар ашқан сәті қан­дай болды екен? Қандай сезім кеш­ті? Қандай хәлде болды? Қан-тамырын қуалай билеген сезімдердің атауы қандай болды, ол жағы бізге белгісіз. Бел­гілісі тарихы отарлаушының нұ­с­қауымен жазылған елге «от таратқаны» ғана. Прометейдей азап шегіп, алапат еңбек сіңіріп жүрсе де, арын нанға сат­паған ағамыз өзінің өмірлік миссиясын: «Өзімді тарихтың жоғалған сыңар ше­гесін де қалдырмай түгендеуге үлес қо­­су­ды мұрат тұтқан қазақтың бір пер­зентімін деп есеп­тей­мін» деген сөзі ар­қылы жеткізеді. Ен­деше көн тарихтан керуенін бұрып, күллі қазақ жүрегіндегі көмескілене бастаған көңіліне шуақ (ОТ) сыйлаған ағамыздың қаламына Құ­дай қуат, деніне саулық берсін деп ті­лейміз! 

Наурызбек САРША