Соңғы бір аптаның ішінде Шахмұрат Мүтәліп бастаған команда жолдамасыз қалған салмақтарда спаррингтік турнир өткізетінін хабарлап, әйелдер құрамасының бас бапкерін ауыстырды. Сондай-ақ төрешілер алқасының жаңа жетекшісін сайлап, Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшерін жариялады. Еліміздегі нөмірі бірінші спорт түріндегі басты жаңалықтарды AIQYN тілшісі сараптап көрді.
Жанкүйерлер ерлер арасындағы бір, әйелдер арасындағы төрт салмақта спаррингтік турнир өткізілетінін қуана қабылдады. Себебі нағыз жеңімпазды шынайы әрі әділетті таңдаудың жолын көпшілік айтып та жүрген. Бұл жаңалықты бокссүйер қауымның жақсы қабылдағаны анық. Бірақ мұның да ескеретін тұстары барын ұмытпаған жөн.
Алдымен ерлер арасындағы 63,5 келі салмақ дәрежесіне тоқталайық. Жеті олимпиадалық салмақтың ішіне, әзірге жолдама бұйырмағаны осы. Астанадағы турнирде бұл салмақта алты боксшы өзара мықтыны анықтайды.
Ертуған ЗЕЙНУЛЛИНОВ
Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында Ертуған Зейнуллинов ел намысын қорғап, ширек финалда моңғолиялық Чинзориг Батарсуйхиннен жеңілді. Кейін моңғол боксшысының допинг қабылдағаны туралы ақпарат шықты. Бірақ ресми түрде жарияланған жоқ. Бізге белгілі мәліметтер бойынша, Чинзорингтің В сынамасын ашу туралы шешім қабылданған. Егер моңғол боксшысының тыйым салынған препаратты қабылдағаны рас болса, бұл процесс 6-7 ай уақытқа созылатыны тағы бар. Тіпті, оның кінәсі дәлелденсе де, Зейнуллиновке жолдама емес, жазғы ойындардың қола жүлдесі ғана бұйырады. Жақында журналистерге сұхбат берген Ертуған жаттығу жоспарын дереу өзгертіп, спаррингтік турнирге дайындалып жатқанын жеткізді.
Мұхаммедсабыр БАЗАРБАЙҰЛЫ
Ақпанның соңында Италияда өткен әлемдік іріктеу турниріне соңғы Спартакиада жеңімпазы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы қатысты. Жанкүйерлер арасында тап осы боксшы өз бағасын алмай жүргені туралы жиі айтылатын. Бірақ Базарбайұлы да алысқа шаппады. Лицензиялық турнирдің екінші айналымында Еуропа чемпионы Родослав Росеновке жол берді.
Дулат БЕКБАУОВ
Бұл салмақтағы мәселені бапкерлер өзара спарринг өткізуі арқылы шешсе де болар еді. Алайда ойынға Дулат Бекбауов пен бапкері Нұрлан Ақүрпеков араласты. Бұған дейін Олимпиада бағдарламасына енбеген 67 келіде жұдырықтасқан Бекбауов жазғы ойындардың басталуына төрт ай қалғанда салмақ ауыстырамын деп шешті. Асылында, Дулат былтыр қарашада өткен ел Спартакиадасынан соң 63,5 келіге ауысатынын айтқан. Бірақ Ташкенттегі әлем чемпионатынан соң қомақты қаржыға кенелген боксшы тағы да қалтасын толтыруды ойлаған сыңайлы. Халықаралық бокс қауымдастығы (ІВА) ұйымдастырған коммерциялық «Чемпиондар түні» турнирінде бірнеше рет жұдырықтасып, күні кешеге дейін жүріп алды. Бұл бәсекеде жеңілген боксшылардың өзі сыйақы алатынын ұмытпаңыз.
Жаңа маусымда да Дулат салмағын түсіруге асыққан жоқ. Болгариядағы дәстүрлі «Странджа» кубогін 67 келіде жеңіп алды. Кейін әлеуметтік желілерде Дулат Бекбауовтың салмағы түскені жайлы ақпараттар жиі жазыла бастады. Соңғы лицензиялық жарысқа Дулатты апару керек дегендер де көбейді. Осының бәрін ескерген федерация ешкімнің ішінде өкініш қалмауы үшін де спаррингтік турнир өткізу туралы шешім қабылдады.
Негізі, салмақ ауыстыру оңай процесс емес. Заманауи диетологтер салмақты түсірудің еш проблема емесін айтса да, бұл салмаққа бейімделіп, ел ішіндегі және шетелдегі қарсыластарды бағамдау үшін де уақыт керек. Дулат Бекбауовтың өзі үшін сәтті болған Ташкенттегі әлем чемпионатынан соң олимпиадалық салмаққа бірден ауыспау себебін біз тек коммерциялық турнирлерде табыс табу мақсатымен ғана байланыстыра аламыз. Боксшының өзі болса, салмақ ауыстыруды әсте қиын емесін айтады. Десе де, Олимпиадада ел намысын қорғауды ойлаған боксшы ертерек қамданатынын да ұмытпаған жөн.
Серік ТЕМІРЖАНОВ
57 келіде Токио олимпиадасына қатысып, Сербиядағы әлем чемпионатында күміс алған Серік Теміржанов құрамадағы орнын Махмұд Сабырханға босатып берді. Осылайша, 63,5 келіге ауысқан павлодарлық боксшының әзірге жолы болар емес. Ел Спартакиадасында екі рет есе жіберіп, жақында Бакуде өткен халықаралық турнирдің бірінші кезеңінде ұтылды. Спортшының жеке бапкері Азамат Мақажанов та өз боксшысы лайық болмаса, лицензиялық жарысқа жібермейтінін айтыпты. Құрамада біраз ысылып, тәжірибе жинаған Теміржанов енді іріктеуге қатысу үшін барын салады.
БҰРЫМДЫ БОКСШЫЛАР
Қыздар арасындағы турнир де қызу тартысқа толы болмақ. Мұнда бірден төрт салмақ бойынша іріктеу турниріне қатысатын бұрымды боксшылар анықталады.
50 келі салмақта Алуа Балқыбекова мен Назым Қызайбай таласқа түседі. Екеуі бір бапкердің шәкірттері. Десе де, олимпиадалық салмақта екеуінің де жолы болар емес. Назым 48 келіде әлемді екі рет бағындырса, Алуа сол салмақта финалға дейін жеткен. Енді 50 келінің мәселесін шешуге тырысады.
Қызайбай жазғы Азия ойындарының бірінші кезеңінде ұтылса, Балқыбекова Италиядағы іріктеу турнирінің ширек финалында жеңілді.
54 келіде жеті боксшы қыз бақ сынайды. Олардың қатарында әлем чемпионы Дина Жоламан, әлем чемпионатының жүлдегері Жайна Шекербекова, жастар арасынан өткен Элина Базарова, Анель Сақыш, Сымбат Әлиасқар, Ұлжан Сәрсенбек және Балауса Мұздыман бар. Спаррингтік турнирге атышулы Ангелина Лукас та шақырту алған. Бірақ ол өз еркімен жарыстан бас тартты.
66 келіде Лаура Есенгелді, Милана Сафронова, Наталья Богданова, Жасмин Қизатова мен Дариға Шәкімова (Рио Олимпиадасының қола жүлдегері) бақ сынайды.
75 келіде Гүлсая Ержан, Валентина Хальзова және Жібек Жарасқызының жекпе-жегін тамашалаймыз.
Айтпақшы, соңғы лицензиялық жарыс алдында федерация тәуекелге барып, әйелдер құрамасының бас бапкерін өзгертті. 2021 жылдан бері бас бапкер қызметін атқарған Шәміл Сафиуллиннің орнына Елдос Сайдалин тағайындалды. Сайдалин соңғы жылдары жастар мен жасөпірімдер құрамасын жаттықтырған.
Сондай-ақ федерация париж Олимпиадасында жүлде алатын боксшыларға берілетін сыйақы мөлшері жариялады. Төртжылдық додасында алғашқы алтылыққа енген былғары қолғап шеберлері қошеметтен құр қалмайды.
1-орын: 220 000 $
2-орын: 120 000 $
3-орын: 70 000 $
4-орын: 30 000 $
5-орын: 10 000 $
6-орын: 5 000 $
Ал бас бапкер мен жаттықтырушылар алқасы орын алған боксшы сыйақысының 30 пайызына пара-пар қаржылай сыйақы алады.
Еске сала кетейік, Астанадағы спаррингтік турнир 8-10 сәуірге жоспарланған.
Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ