2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық 2023 жылғы Су тасқынына қарсы іс-шаралардың республикалық Жол картасына және облыстық инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес жүргізілді.
Қарағанды өңірінде су тасқыны кезеңіндегі барлық қажетті шара қабылданды
600
оқылды

Облыс бойынша барлығы 90-ға жуық  шара орындалды. Шамамен 8 шақырым қорғаныс бөгеттері мен жалдар тұрғызылды, өзен арналарының 45 шақырым су тасқыны қауіпті учаскелеріне санация жүргізілді, 11 шақырым су бұру каналдары салынды және жөнделді, 18 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды, автомобиль жолдарының 66 учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылды, 54 су шаруашылығы объектілеріне жөндеу жүргізілді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, барлық қажетті шаралар қабылданды. Сондай-ақ қосымша 3 765 тонна жанар-жағармай, 171 тонна азық-түлік, 64 мың тонна инертті материал, 189 мың дана қаптар дайындалды. Облыстың елді мекендерінің аумағынан 2 млн 600 мың текше метр астам қар шығарылды. 45 шақырым су бұру траншеялары жасалды, 155 шақырым каналдар мен арықтар, 4 635 бірлік су өткізу құбырлары және 441 көпір тазартылды.

«Әрине, көп нәрсе ауа райына байланысты – топырақтың күзгі ылғалдылығы, тоңның терең қатуы, ақпанның жаңбыры, күндізгі және түнгі жылы температура өз әсерін тигізді. 2015 жылғы ауқымды су тасқынынан кейін жүргізілген жұмыс соңғы 7 жылда 122 елді мекенде су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік берді», – деді спикер.

Негізгі су қоймаларынан жіберілетін су келіп жатқан көлеммен теңдестірілді, Самарқан су қоймасынан секундына 150 текше метр, Ынтымақ су қоймасынан 300 және Шерубай-Нұра су қоймасынан секундына 128 текше метр көлемінде су өтуде. Нұра және Шерубай-Нұра өзендеріндегі су тасқынының негізгі шыңы 29-31 наурыз аралығында өтті, онда 4 ауылдағы 41 тұрғын үй, елді мекендерде су толып кетумен байланысты 23 жағдай және су басу қаупімен байланысты 20 жағдай болды.

«Қазіргі уақытта келтірілген залалды есептеу жөніндегі комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен халықтың тыныс-тіршілігін тезірек қалыпқа келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Еліміздің басқа өңірлеріндегі күрделі жағдайды ескере отырып, біз әріптестерімізге қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің құтқарушыларымызға, полицияға, әскери қызметкерлерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге, мердігер ұйымдарға және әрине, су тасқынына қарсы күреске белсенді қатысқан тұрғындарға алғысымды білдіремін», – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.