Екі ұлтқа ортақ мәдени майдан

Қоғамдық санаға өткен күннің тарихын сіңіруде киноның да маңызы айрықша. «Құпия миссия: Мальмой» корей киносында баяндалған елең- алаңындағы тағылымды қадамдар қазақтың өткен күнімен айнымастай ұқсас.

Қазақ Ресейдің, корей халқы жапондықтардың боданында болды. Екі халықта да ана тілінде сөйлеуге, басылымдарының жарыққа шығуына қатаң тыйым салынды. Осы кезде көргені бір екі елдің қазіргі жағдайы қалайша екі түрлі арнада деген сауалдың туындайтыны хақ.

Alqa әдеби-мәдени клубтың мүшелері дәл осы сұрақтың жауабын білу үшін киноталқы өткізген болатын. Ор­тада талай пікірлер тоғысты. Тал­қы­лаудағы басты мақсат – жаһан­дық мәдениеттегі екі ұлттың орнын айшықтап көрсету. Кино кейіпкерлерінен ұлтымыздың біртуар тұлғалар бейнесі айқын көрінген. «Мальмой» корей тілінен аударғанда «сөздік» деген мағынаны білдіреді. 10 жыл бойы жан-жақтан корей халқының өзіне тән диалек­тілері жинақталған кітапты сақтап қалу үшін Күншығыс елімен үш жылға жуық күрес жүргізді. Сөздікті сақ­тап қалу нәтижесінде бір ұлттың тағдыры сақталды. Бір қызығы, бұл жинақты бақшадағы ағаштың түбіне көміп кейінгі ұрпағына жеткізген. Дәл осы оқиғаны Alqa әдеби-мәдени клубының мүшесі Патима Әбдіханқызы қазақ тарихымен былай байланыстырды:

«Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралы» еңбегінің қалай сақталып қалғанын қазіргі жастардың көбі біле бермейді. «Ахмет. Ұлт ұстазында» зиялының тергеуші алдында жауапқа тартылған тұсы бар. Сол тергеуші Ахмет атамыздың үйіне жасаған тінтуі ба-рысында жасырын түрде «Тіл құралын» қойнына салып алып топыраққа көміп қойған екен. Міне, біздің тіліміздің сақталып қалуына ықпал ететін қол­жазба мен сол корейдің бүкіл сөзі жинақ­талған сөздіктің сақталуында қандай ұқсастық бар».

Кино мазмұны корей ұлтының жа­пон­дықтардың боданынан құтылып, тәуелсіздік үшін күреске негізделген. Басты кейіпкер – мектеп директоры, оқыған, көзі ашық, сауатты адам. Оның ұстанған тактикасы жапондықтардың «атын» жамылып, корейдің «затын» қолданғанын тілге тиек етті Alqa-лықтар. Бұл әрекетті Д.Қонаевтың ұстанған үрдісіне өте ұқсас келеді деген пікір дүйім жұрттың назарын бірден өзіне аударды. Тарих қойнауына терең бойласақ, бір кездерде қазақ мектеп­терінің барлығы дерлік жабылып, елде орыстандыру саясаты жүріп жатты. 

– Бұл – бодандығымыздың белгісі еді. Қазақ мектептерінің жабылып жат­қаны сол тұста ел басқару тізгінінде отырған Д.Қонаевқа да оңай болған жоқ. Егер қарсы келсе тау тұлғалы азамат­тарымыздың азайып кетуі әбден мүмкін еді ғой. Сондықтан үн-түнсіз келіскен сыңай танытса да, іштей ұлты үшін жанып тұрған патриоттық сезімін өшпегенін түсінейік. Тіл – әрбір ұлттың рухының көрінісі. Киноның «Құпия миссия» аталуы да сондықтан. Бұл ки­ноны көргенде тікелей қазақ қо­ғамымен, қазақ тарихымен байла­ныстыра отырып көрдім. Өшпенділігі басым келген жапондықтар корейдің ешқандай ұлттық  құндылығы жоқ дегенде, осы бір сөздікте барлық рухани мұрасы жатқанын дәлелдейді. Қазақтың мәдени майданы үшін күрескен Өзбекәлі кезінде Наурыз мейрамының қайта­рылуына, ұлттық ойындардың қазақтікі екенін дәлелдеп кетті емес пе? Сондықтан аталған киноны көрген әр қазақ өзінің тарихына ұқсас дүниені көреді, тек оны өзіне дұрыс қабылдап, дұрыс қорытынды шығара алса болғаны, – деді П.Әбдіхан­қызы. 

Тағы бір айта кетерлігі, аяғы әлі белгісіз соғысқа шыдамы біткен дирек­тордың ұлы «30 жыл бойы күттік қой, тағы қанша уақыт шыдауымызға болады» деген жанайқайы, ұлты үшін күресіп, «Мальмойды» сақтап қалған директорға «халқың сені ешқашан ұмытпайды» деген сөздің  «Міржақып. Оян қазақ» киносындағы «Мақшар күні жолығайық» дегенімен ұқсас келетінін клуб мүшелері мысалға келтіре отырып талдады. П.Әбдіханқызының пікірінше, ұлт тағдырын түгел баяндаған корейдің «Құпия миссия: Мальмой» киносындай қазақта әлі толық кино түсірілмеген. Дегенмен Алаш арыстарына арналған кино корейдің дәл осы киносымен мазмұндас келеді. 

Өзін қазақ деп санайтын жетісайлық Оксана ұлт үшін жанын қиған азаматтар туралы сөз болған жиында бүгінде пат­риоттық сезімі лаулап тұрған қазақтың көп екеніне тәнті екенін айтты.

«Амурдың жағасында 50 шақты адамнан құралған ульч ұлты тұратын бір ғана ауыл бар. Анам сол жердікі. Әкем әскери борышын өтеуге барып, сол жерде үйленеді. Атам кішкентай кезімде мені Қазақстанға шақыртып, қазақы тәрбие беріп өсірді. Бала күнімнен қазақ радиосын қосып қойып, ертегі айтып беретін. Ана мейі­рімін көрмесем де, қазақы ұстаныммен өсірген атам­ның тәрбиесін алдым. Сондықтан өзімді қаны таза қазақ қызымын деп есептей­мін. «Құпия миссия» маған атамның бойындағы пат­риот­тық сезімі тамырдағы қаны арқылы маған беріл­генін тағы бір мәрте түсірген кино болды», – дейді ол. 

Сондай-ақ жиналған­дардың ішінде бүгінге дейін мәдени майданы ұқсас болып келе жатқанына көз жет­кізуі­мізге болады. Атап айтқанда, қазір шетелдегі қазақтың рухани мұралары, этнографиямызға жататын тың дүниелерді жинап жатқан экспедициялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы сияқ­ты, былтыр корей халқы да Қызылорда қаласына арнайы келіп, «Мальмойды» толықтыру мақсатында жергілікті корейлердің тілін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өйткені еліміздің бұл өңірінде өте ежелгі корей ұрпақтары тұратындықтан қазір Кореяда кездесе бермейтін диалектілер сақталған. 

Alqa-лықтар айтылған түрлі пікір­лердің түйінін соғыстан кейінгі жағдай­мен байланыстырды. Киноталқының соңы «Күрес нәтижесінде кореялықтар жеңіске жеткендіктен алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарынан орын алды. Ал тәуелсіздікке дейін еліміздің Кеңес Одағының құрамында болуы елеміздің дамуын тежеген болар, бәлкім» деген қорытынды жасалуымен аяқталды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ