Аймақта су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық Жол картасы және облыстық инженерлік жұмыстар жоспары аясында 20 елді мекенде 90 шара іске асырылды. Бұл өз кезегінде ауқымды су тасқынын төмендетуге мүмкіндік берді.
– Әрине, көп жағдай ауа райына байланысты – күзде топырақтың ылғалдануы, жердің қатуы, күндізгі және түндегі ауаның жылы болуы өз әсерін тигізді. Алайда 2015 жылы болған ауқымды су тасқынынан соң іске асырылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы жеті жылда 122 елді мекенде қызыл су жүру қаупін төмендетуге мүмкіндік туды. Әрине, шаттан тыс жайттар да болды. Ондай жағдайлар алдағы уақытта қайталанбас үшін жұмыстар жүргіземіз, – дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов.
Тек былтырдан бері облыс бойынша 8 шақырым қорғаныс білігі мен дамба орнатылды, өзен арналарының су көтерілу қаупі бар 45 шақырым учаскелері тазартылды. Бұған қоса, 54 су шаруашылығы нысандары жөнделді. Автожолдардың 66 учаскесінде су өту қабілеті ұлғайтылды.
Су тасқыны алдында арнайы қор дайындалып, инертті материалдар мен қаптар әзірленді. Елді мекендерден 3 млн текше метр қар шығарылды. Дегенмен де су тасқыны ауқымды болды.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, үш су қоймасы арқылы 600 млн текше метр су өткен. Мұндай көлемде су соңғы рет 2017 жылы тіркелген. Қазір облыста су тасқыны бәсеңдеді, жағдай тұрақталды.
41 үй зардап шекті
Су басқан ауылдарда қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Комиссия залал көлемін есептеуді аяқтап қалды. Үйлерді сатып алу немесе салу мәселесі қарастырылуда.
– Барлық зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Зардап шеккен тұрғындардың жағдайын қалыпқа келтіру үшін барлық қажетті шаралар қолданылып жатыр. Ауызбірліктің арқасында су тасқыны барынша минималды шығынмен өтуі үшін барлық шараларды қолдана алдық. Бүгінде барлық 237 гидротехникалық нысандар іркіліссіз жұмыс істеп жатыр, қажетті су көлемімен толықтырылған, – дейді Бауыржан Асанов.
Шет ауданында 41 үй су тасқынынан зардап шеккен болатын. Залал сомасын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Ол Ақсу және Қайрақты ауылдарында жұмысын аяқтады, келесі кезекте Деріпсал және Красная Поляна ауылдары зерттеледі. Мүлік шығынын бағалаумен қатар үйлердің техникалық жағдайы да анықталады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, төтенше жағдайларды жою жөніндегі штабтың отырысын өткізді.
– Қазір аудандық комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Үйлерді техникалық тексеру аяқталды, оны аккредиттелген ұйым жүргізеді. Төлемді келесі аптада бастаймыз. Сонымен қатар зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Мал шығыны есептелді
Ветеринариялық стансаның мамандары кірген комиссия малдың шығынын анықтады. Су тасқынынан 111 бас мал: 22 жылқы, 72 ұсақ мал және 17 ірі қара өлген. Келтірілген шығын иелеріне өтеледі.
Сондай-ақ ауданда су тасқыны бұзып өткен ішкі жолдарды қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.
Ауылдарда су тасқыны кезінде 39 мың текше метр еріген су сорылып, 45 мың дана құмды қап төселіп, қорғаныс оқпандарын нығайтуға 2,5 мың тонна инертті материал жұмсалды.
Ермағанбет Бөлекпаев ең көп зардап шеккен Нұра өзені бойында орналасқан Қайрақты ауылында болып, су басқан үйлерді аралап, тұрғындармен сөйлесті.
– Ешкім үйсіз қалмайды. Барлық қажетті көмек көрсетіледі, – деді ол.
Қайрақты ауылында үйлерін су басқан тұрғындарға көмірмен көмек көрсетілді.
Қайырымдылық көмек көрсетілді
Су тасқынынан зардап шеккендерге алаңдаулы қазақстандықтар да көмектесуде. Шет ауданына облыстық «Әнет баба» мешітінен, «ӨРЛЕУ» БАҰО» Қарағанды облысы бойынша кәсіптік даму институты» АҚ филиалынан, «Шығыс» базарынан және Динара Сәтжаннан гуманитарлық көмек жеткізілді.
– Наурыздың 29-ы күні бізге су келді. Содан бері жергілікті билік пен құтқарушылар бізбен үнемі бірге болды. Олар көмек көрсетіп, айналма жолды қалпына келтіруде. Келтірілген шығынды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бізге гуманитарлық көмек жинаған қамқор тұрғындарға рахмет! Бұл табиғи құбылыс, ешкімді кінәлауға болмайды. Үйімді су басты, қорам бұзылды, гаражымды су басты. Мал аман қалды: дер кезінде қауіпсіз жерге апардым, – дейді Қайрақты ауылының тұрғыны Талғат Әбжанов.
Еріктілер су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, киім және төсек-орын жинады. Гуманитарлық көмек жинау «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі қарағандылық Төреғали Берікәлиұлы алғашқылардың бірі болып гуманитарлық жүктерді алып жүруге еріктілер қатарына қосылды.
– Бүгін менің демалыс күнім, құр отырмай, игі іске қатысуға бел будым. Мен ауылдарға барамын, гуманитарлық көмек таратуға көмектесемін. Белсенді азаматтық ұстанымымызды қазір көрсетпегенде қашан көрсетеміз? Мен су тасқынынан зардап шеккендерге шын жүректен жаным ашиды және олардың тез арада қайта қалыпқа келулерін тілеймін, – дейді Төреғали Берікәлиұлы.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы