Тасқынға тосқын қоя білді

Тасқын судың құрсауында қалған еліміздің барлық ай­мағы бір жұдырық болып жұ­мылып, қауырт режимде жұмыс жүргізіп жатыр.

Қарғын судың салдарынан өзендер арнасынан асып, арыны қатты ағын суды ауыздықтап арна­сын бұру, елді мекендердің іргесіне су кетпеуін кірпік қақ­пай қадағалап, суға кеткен үйлерден адамдар мен жан-жануарларды құтқару елдің Төтенше жағдай қызметі мен Жергілікті атқарушы орган­дарға аса ауыр сын болды. Де­генмен күрделі кезеңде бірлік пен ынтымақтың жылы лебі есіп, ерікті адамдар мен өзге аймақтардан жеткен әскерилер мен құтқарушы­лардың табанды әрекетін, түрлі қоғамдық ұйымның тара­пынан істеліп жатқан қайы­рым­дылық көмек жайлы атап өтпеске болмайды... 

Наурыздың ортасынан бастап аса күрделі жағдайда су тасқыны басталған аймақтың бірі – Ақмола облысы. Тілсіз жаудан 12 мыңнан астам халық тұратын 112 елді ме­кенге қауіп төнген. Қазір аймақтың Атбасар, Целиноград, Аршалы, Сандықтау, Астрахан, Көкшетау сияқты бірқатар өңірлерінде жағ­дай аса күрделі. Тасқынның екінші тол­қыны басталып, Төтенше жағ­дай қызметі жеке құрамы мен басқа да барынша қауырт жұмыс жүр­гізуге мәжбүр етті. 

Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, қазір өңірдің Жабай, Нұра, Есіл, Колутон сияқты өзен­дердің арнасынан асып кету қаупі аса жоғары. Сондықтан аталған өзендердің 64 учаскесінде тоң бо­лып қатқан сіреу мұздарды жарып, судың іркіліссіз өтіп кетуі үшін барынша әрекет жасалып жатыр. 

Облыстың штаб төрағасының орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша, дәл қазір өңірдегі су тасқыны бойынша жағдай толық­тай бақылауға алынған. Білім беру және әлеуметтік нысандардың бәрі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Дегенмен бірқатар өзен арнасынан асып кетуі себепті өңірдің бір­қатар ауданында бөгенді нығайту, қал­пына келтіру жұмыстары қауырт жүріп жатыр. 

– Көкшетау қаласының Қыл­шақ­ты өзені кезең-кезеңімен 2 метр­ге дейін көтеріліп, жағалауда­ғы бірталай аумақты су басқан. Облыстың Аршалы, Ерейментау, Шортанды, Целиноград ауданда­рында, әсіресе Астана маңындағы елді мекендерде жағдай күрделі. Қауіптің алдын алу үшін 32 шақы­рым болатын қорғаныс бөгені тұр­ғызылды. Оның ішінде 16 шақырым Астана қаласы маңындағы елді ме­кендерде топырақ үйіндісі қойыл­ды. Өзендер мен каналдар ар­насында 18 шақырым жағалау нығайтылды. Қазір облыс бойынша шығын көлемі есептеу мақсатында арнайы комиссия құрылып,тұрақты түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Кел­тірілген шығын көлемі қысқа мер­зім ішінде өтелетін болады, – дейді Ақмола облысы штаб төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір су тасқынымен күресуге бар­лығы 2,5 мыңнан астам адам, 1 мың­нан астам техника, сондай-ақ мотопомпалар мен жүзу құ­ралдары тартылған. Әлі де болса, Астана су қоймасынан секундына 350 куб метр көлемінде су жі­бе­рілуде.

Төтенше жағдай кезінде об­лыста өңірдің су басқан елді ме­кендерде құтқарушылармен қатар қарапайым тұрғындар да өз еркімен қолдарына күрек ұстап, өзендер мен арықтардың жағалауына бө­гендер салып, арналарды ауылдан әрі қарай бұрып жіберуге белсене кіріскен. Мәселен, Біржан сал ау­да­нының, Көдебас ауылы, Зерен­ді ауданының Игілік, сияқты ауыл­дарда ауыл тұрғындары да елдің амандығы үшін аса ауыр жұмысқа белсене кірісіп, тасқын судың елді шайып кетуінен аман алып қалған. 

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы мәліметіне сенсек, құтқарушылар тасқын су­дың салдары мен алдын алу шара­ла­рын жүргізу үшін барынша қауырт режимде жұмыс жүргізіп жатыр. 

– Бүгінде эвакуация бекетінде ешқандай адам жоқ. Жалпы, 26 наурыздан бері облыс аумағында су тасқынынан зардап шеккен 687 адам құтқарылды. Сондай-ақ су тасқыны кезінде қауіп төнген 18 905 мал эвакуацияланды. Жал­пы, бүгінгі күнге дейін Қосшы қа­ласы, Ақкөл, Шортанды, Астрахан, Жарқайың және Целиноград ау­дандарында су басқан елді мекен­дерден 9 180 текше су сорылды. Жалпы, су тасқынымен күреске 892 адам, 291 техника, 69 мотопомпа және 12 жүзу құралдары жұмыл­дырылған, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департамен­тінің жедел штабынан.

Сын сағатта өңірдің волон­терлер қауымы да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тасқын судан жапа шеккендерге қолда­рынан келгенше көмек бере бас­тапты. Мәселен, «Қоғамдық ке­лісім» қызметкерлері мен «Ассам­блея жастарынан» құралған 140 ерікті су тасқынынан зардап шек­кен 198 отбасыға көмек көрсеткен. Акция шеңберінде «Жомарт жан» ассамблея орталығы Парламент Сенатының депутаттары Әлішер Сатыбалдиев пен Геннадий Ши­повских бас болып өңірге екі жүк көлігімен азық-түлік, жылы киім-кешек пен гигиеналық құралдар жеткізген. Арнайы келген делега­ция су тасқыны кезінде зардап ше­гіп, Көкшетау қаласының бейім­­­деу орталығына орналас­ты­рылған адамдармен кездесіп, жал­пы сомасы 400 мың теңгеге алынған азық-түліктер мен заттардың бір бөлігін табыс еткен. 

Сонымен қатар өңірдің ассам­блеясы құрамындағы түрлі ұлт өкі­лінің орталықтары да қайы­рым­дылық көмек көрсетуге белсене ұмтылғаны байқалады. Мәселен, «Санги-Кабуд» Тәжік ұлттық мә­дени орталығының мүшелері қа­ланың су басқан жекеменшік үй­лердің маңындағы қасат қарды шы­ғаруға 3 жүк тиегіш пен 2 КаМАЗ көлігін, сонымен қатар Қы­зыл Жұлдыз ауылының 45 от­басына азық-түлікпен көмек бер­ген. Мұнымен қоса орталық мә­ліметінше, Этономәдени орталық төрағасы құм салатын қапшықтар, волонтерлер киетін арнайы киім­дермен қамтамасыз етуді мойнына алған. Ұсынылған жалпы сома – 6,4 миллион теңге. 

 «Манас» Қырғыз этномәдени бірлестігі 1,5 миллион теңге сома­сына төсек-жаймалары мен бала­лар заттарын, «Бари» армяндар орталығы су тасқынымен күрес үшін 3 жүк көлігін, 2 экскаватор мен 3,1 миллион теңге сомасында қаржылай көмек, Чуваш және Өзбек этномәдени орталықтары шатырда түнеп жатқан құтқару­шыларға арнап 800 мың теңге сомасына азық-түлік пен ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырған. Облыстық мәслихат депутаттары мен ассамблея мүшелері жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеге азық-түлік өнімін берген. Жалпы, облыс тұрғындары және ассамблея мү­шелерімен 15,5 миллион теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетілгені мәлім болды. 

Қысқасы аймақтағы барлық күш-құрылымдары мен түрлі ұжым мен ерікті елді ауыр сынға душар еткен су тасқынына қарсы барынша жұмыла әрекет етуде. Расында да, тек бірлескен кезде ғана ауыр сын мен қиындықты еңсеруге болаты­ны сөзсіз. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы