Эльдар Жұмағазиев, «AMANAT» партиясының хатшысы: Атыраулықтардың дайындығы да, ұйымшылдығы да өте жоғары

Екі аптадан бері жалғасып жатса да, биылғы су тасқынының саябырси қоятын түрі жоқ. Ендігі қатты болуы мүмкін деп ата­латын өңірлердің бірі – Атырау облысы.

 Солтүстік көр­шіміздегі ахуалға қарап, осындай болжам жасалуда. Ендеше, өңір халқы да қамсыз емес. «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Атырау облысына барып, өңірдегі табиғи апатқа қарсы атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып жүрген болатын. Біз қауырт жұмыстардан хабар беру үшін жағдайды партия хатшысының өз аузынан естімекке, қоңырау шалғанбыз. Айтуынша, аймақта су тасқынына қарсы бөгеттер тұрғызу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр екен. Қала бойынша 100 шақырымдай учаскенің 21,2 шақырымын «АMANAT» партиясы өз жауапкершілігіне алған. 

– Эльдар Тынышбайұлы, өңірде ахуал қандай? Су тасқынына қарсы жұмыстар қалай жүзеге асып жа­тыр? Қандай қиындықтар бар? Еңсере алып жатырсыздар ма?

– Жалпы, биылғы ахуал ел бойынша өте күрделі екенін бар­шамыз да білеміз. Әсіресе, Атырау облысында ол жылдағыдай емес ерекше күрделі. Десе де, Атырау халқы үшін су тасу – белгісіз дүние емес. Жылда Жайық арнасынан таситындықтан оны дайындықпен күтеді. Одан бөлек, Қиғаш, Жем өзендері бар. Бірақ осындай деңгейдегі апатты шын мәнінде күткен жоқпыз. Оған дайын бол­мағанымыз рас, оны мойындауы­мыз керек. Енді бұл жерде негізгі мақсат кінәліні іздеу емес, қалай болғанда да бәріміз бірлесіп, кем­шіліктердің орнын толтырып, осы бір қиындықты жеңіп шығуымыз керек қой. Соған байланысты пар­тия да өзінің үлесін қосып жатыр.

Үйлестіру жұмыстарына қа­тысты айтар болсам, облыстық әкім­дік Жайық өзенінің бойын 103 телімге бөлген екен. Ол телімдер өзеннің су тасып, шайып кетеді-ау деген осал тұстарын ескере оты­рып бөлінген. Соның 7 учаскесін «AMANAT» партиясы өз жауап­кер­шілігіне алып отыр. Олар – Зарослый, Еркінқала, Көкарна, Алмалы сияқты тағы да басқа тұр­ғын үй алаптарының маңдары. Бұл мақсатта бізге «Халық» қоры қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, осы жерлерге жалпы ұзын­дығы 21,2 шақырым бөгет жа­салу керек. Күнделікті 120 техника жұмыс істеп, 1 100 адам жұмылды­рылған. Осынау көп адамды ішер аспен қамтамасыз ету керек болса, ол мәселені бірінші кезекте шеш­тік.

Одан кейін жердің топырағын қапқа салып, дамба етіп қалап жа­тырмыз. Соған қап керек. 50 мың қап бүгін келді, оны «Халық» қоры­ның көмегімен Алматыдан алдыр­дық. Бірақ айтайын дегенім, ол бізге 2-3 күнге жетеді. Өйткені жі­гіт­тер күніне 15-20 мың қаптан то­л­тырып, бөген қылып қойып жа­­тыр. Сондықтан тағы да қап іздеп жатырмыз. 

Тағы бір үлкен мәселе – жанар-жағармай. Жұмыс істеп жатқан 120 көлікке күнде бензин немесе ди­зель отыны керек. Оған да «Халық» қоры көмектесіп жатыр. Олар 90 тонна дизельдік отын берді. Бұған дейін ЖЖМ бірде бар, бірде жоқ болғандықтан, техникалар тұрып қалып, жұмыстар кідіріңкіреген болатын, енді толық жетіп тұр. Кү­ніне таңертең бір көлікке 100-150 литрден беріліп тұр. 

Ендігі бір аса маңызды жайт, жаңағы айтқан 120 техника аздық етіп отыр. Өйткені біздің уақы­тымыз аз, болжам бойынша үлкен су 15 сәуірден соң келетін болса, бұл дамбалардың барлығын соған дейін бітіру керек. Ал ол үшін қа­зіргіден екі есе көп техниканы жұ­мыл­дыру керек. Соған байла­ныс­ты қазір бұл проблеманы шешу жол­дарын іздеп жатырмыз. Жеке­мен­шік техниканы тартуға әрекет ету­деміз. Десе де, ол азаматтар қол­­­­ма қол есеп айырыс­қанды қа­лап отыр, соған байла­нысты, құ­жат­тарын реттеуге қа­тысты осы мә­селе тежеліп тұр. Бір-екі күнде ше­шімін табады деп сенеміз. Қазіргі техниканың үстінен 50 тех­ника қоспақ ойымыз бар. Осы жұ­мыстар жоспар бойынша жал­ғаса берер болса, 4-5 күннің ішінде дамбаларды тұрғызып боламыз деп санаймын.

– Телімдер саны тым көп емес пе? Бұған дейін ондай осал жерлерді бітеп қоймаған ба сонда? 

– Өзім осы жердің түлегі болған соң, өңірдің жағдайын жақсы білем: бұрынғы Кеңес кезінде қалыптасқан гидротехникалық жүйенің қазір ізі де жоқ. Кезінде Жайықтың жағасында көптеген дамба болды. Отыз жылдан бері Жайық дәл бұлай тасымағандықтан, бір жағы олардың керегі де бол­мады, сол себепті ол жерлердің бәрін жер учаскесі ретінде беріп, оған халық үй салып тастаған. Енді қазір осы жағдай бәрімізді де алаң­датып отыр. Себеб ол кездегі гидро­құрылымдардың логикасы, ғылыми тұжырымдалған негіздері болды, олар белгілі бір нақты мақсатпен салынды. Енді оның барлығын алып тастағаннан кейін, сол жерлердің бәрі осал болып тұр. Бір себебі – осында.

Одан соң Президенттің өзі де: «80 жылдан бері болмаған техно­гендік өзгерістер бар» деп айтып өтті ғой. Осындай ауқымды себе­бінен бөлек, ішкі себептерді де атап өткім келеді. Соның ішінде жос­пар­лауға байланысты, жауапкер­шілік мәселесіне қатысты сұрақтар бар екенін аңғарып отырмын. Бұл тұста жауапкершілікті тек ауыл-аудан әкімдеріне ғана итеріп қойып, қарап отыру дұрыс емес. Мұнда партияның да, соның ішінде аудан, қала, облыс депутаттарының да жауапкершілігі бар. Мәселен, көптеген қоғам өкілін қазір «Су тас­қынының алдын алу мәслихатта қаралды ма?», «Қаражат жоспар­лан­ды ма?», «Жоспарланса, ол игерілді ме?» деген сұрақтар тол­ған­­дырып тұр. Бұл сұрақтарға әлі күн­ге дейін жауап жоқ. Бірақ біз оны алдағы уақытта көтеретін бола­мыз. Осы сұрақтардың жауа­бын тапсақ қана тепе-теңдік орнап, жүйе қалыптасады. Әйтпесе, ат­қарушы органға қатысты сұрақ көп. Жаз болса өртенеміз, көктем болса, суға батамыз. Мұның бар­лығы әкімнің бюждеті мен құзіре­тіне әкеліп тірелетін сияқты.

– Салыстырмалы түрде айт­қанда, бұған дейінгі болған апаттың ауқымы қандай? Жергілікті халық­тың көңіл-күйі қалай?

– Бұған дейінгі тасыған судың ауқымы мен күткеннен аздау болды деп айта аламын. Өйткені өзім де жас кезімде талай көргенмін, талай ауылдарды су шайып кеткен кездер болатын. Бірақ үлкен су енді келе жатыр. Жоғары беттегі су қойма­ларының тастап жатқан су көлемі секундына 2 900 текше метр болып тұр. Бұл өте көп. Енді қазір сәл азай­ды дейді, сонда да болса, бірін­ші салмақ Орал қаласына, одан соң Атырау қаласына түскелі тұр. Десе де, атыраулықтардың көңіл күйі, дайындығы өте жоғары. Олар ақ­парат көздерінен қарап, жоғары жақ­та ахуал қандай болып жат­қа­нын біліп отыр. Жұмыс істеп жат­қандардың ішінде ауыл тұрғыны көп, одан қалды сырттан келген еріктілер бар. Ешкім байбалам салып, дабыра жасап жатқан жоқ. Керісінше, халықтың арасында ұйымшылдық мықты. Оған өзім де таң қалып, риза болдым. Ауыл­дарды аралап қарасаңыз, жағада жүрген халықтың саны көп. Көп­шілігі жұмыстан кейін болса да келіп, ораза екеніне қарамастан, ауыздарын ашқан соң жағаға барып көмектесіп, бір түнде 5 мың қапқа дейін төсеп жатыр. «Өзіміздің қала­мыз өзімізге керек» деген әңгіме көп естіледі. Біреуге әлде мемле­кетке сілтеп қойып отырған жоқ. Өздері араласып, өздері жасалған жұмысты қадағалап жүр. Көзімнің жеткені, біздің халқымыздың қиын кезде ұйымдаса қалатын осындай жақсы қасиеті бар. Осы ұйым­шылдықтың арқасында осы тех­ногендік апатты аман-есен еңсеріп шығамыз деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін!

Телефон арқылы жазып алған

 Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ