Орал қаласы бес өзеннің ортасында орналасқан. Бұл өзендер қазір қалаға қауіп төндіріп тұр. Қауіптің алдын алу мақсатында аймақ басшысы өзі бастап Жайық, Шаған өзендерінің арнасын бекіту, бөгеттер салу жұмыстарымен айналысып жатыр. Күні кеше ғана өңірге Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров келіп, тасқынға қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Вице-премьер өңірдегі негізгі су арнасы – Жайық өзенінде су тасқынының алдын алу жұмыстарының барысымен танысты. Су деңгейінің көтерілуіне байланысты өзен жағасы құм салынған қаптармен нығайтылып, ауыр техникалар жұмыс істеп жатқанын өз көзімен көрді.
Еске сала кетейік, Ресейдің Батыс Қазақстан облысына жақын орналасқан Саратов және Орынбор облыстарындағы су қоймаларынан көп мөлшерде су келіп жатыр. Атап айтқанда, Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 300 текше метр су құйылуда. Сондай-ақ Орынбордағы Ирикла су қоймасынан секундына 2 мың текше метрге жуық су жіберілуде. Бұл су жақын арада Жайық өзені арқылы өтіп, әрі қарай Каспий теңізіне құяды. Осыған байланысты Жайық өзеніндегі су деңгейі қалаға қауіп төндіруі мүмкін.
«Мамандар жағдайды үнемі бақылауда ұстауы керек. Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
БҚО-дағы 5 ауданда және Орал қаласында су тасқыны салдарынан тұрғын үйлер мен саяжайларды су басты. Облыс бойынша 7 мыңға жуық адам құтқарылды.
Эвакуациялық пункттерде барлық қажетті жағдай қамтамасыз етілген, су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмек көрсетуде. Халыққа азық-түлік пен дәрі-дәрмек, киім-кешек тасымалы, сондай-ақ кезекшілік ұйымдастырылған. Оқушылар онлайн-форматта оқуын жалғастыруда.
Батыстық азаматтар бас біріктіріп бірлесе еңбек етуде. Қалада Жайық, Шаған өзендері жағалауларында мыңдаған ерікті жастар жүр. Олардың бәрін де «Сүйікті қаламызды тасқын судан аман алып қаламыз» деген ізгі ниет біріктірген. Дәл бүгінгі күні Жаңақала, Тасқала, Бәйтерек аудандарынан ерікті жастар қалаға қарай келіп, орналасып жатыр. Тепсе, темір үзетін жігіттер құм салынған қапшықтарды көлікке тиеп, оны өзен жағасына түсіру, текшелеу жұмыстарына араласып жатыр.
БҚО-да қызыл судың әлегі басталғалы өзге аймақтар қол ұшын беріп, жанашырлық танытып жатқанын айтпай кетсек ұят болар. Бүгінге дейін Алматы, Астана, тіпті Қырғызстаннан гуманитарлық көмек келіп жетті.
Кеше ғана Астана қаласынан 28 тонна гуманитарлық көмек келді. Айналдырған 15-20 минуттың ішінде жастар жүк көлігіне тиелген азық-түлікті түсіріп, қоймаға кіргізіп үлгерді. Енді Қырғызстан мемле-кеті жолдаған көмектің алғашқы легі келеді. Осы елге келіп жатқан көмекті түсіру, орындарына жеткізу істерінде де өрімдей жастар уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етуде. Аймақтағы «Аманат» партиясының өкілдерінің ұйымдастыруымен Қаратаөбе, Сырым аудандарына бірнеше тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Тіпті, суға кетіп, көлік жүрмей қалған Қаратөбе ауданының Қоржын ауылына тікұшақпен гуманитарлық көмек жіберіліп отыр.
– Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қарақамыс ауылына «Қазавиақұтқару» АҚ Ми-8 тікұшағымен Төтенше жағдайлар департаментінің көмегімен Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан 2 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Қарақамыс ауылы қазір көлік қатынасынсыз қалып отыр. Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы жұмыстарға Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және Ішкі істер министрлігінен 998 адам, 300 бірлік техника, сондай-ақ ТЖД және ЖАО-дан 124 бірлік мотопомпа жұмылдырылды. Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағымен Қаратөбе ауданының 271 тұрғын эвакуацияланды. Біздің төтеншеліктер мен құтқарушы мамандарымыз тәулік бойына қызмет етуде, – деп мәлімдеді БҚО ТЖД-ның баспасөз қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі халыққа үндеуінде «Су тасқыны болған аймақтарда бірде-бір адам ескерусіз қалмайды, барлығына мемлекет тарапынан көмек болады» деген еді. Осы тапсырмаға сәйкес, БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен ағайынның шығынын есептеу үшін комиссия өз жұмысын бастады. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев те «Ешкім назардан тыс қалмайды, көмек жалпыға бірдей беріледі» деп қатаң талап қойып отыр.
Президент тапсырмасы аясында облыстан 185 бала лагерьге демалысқа бара жатқанын айта кетейік.
Облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Хажарбибі Искандерованың айтуынша, демалыс орындарына 185 оқушы барады деп жоспарланған. Олар Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары мен Орал қаласынан. Қазір демалыс орнына жолданған балалардың алғашқы легі жолға шықты. Бірінші лекпен аттанған 70 бала 10-24 сәуір аралығында Алматы облысындағы «Тау жанашар» сауықтыру лагерінде демалады.
Ал 13 бала 10-30 сәуір аралығында Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығында демалады. Одан бөлек, 102 бала Қызылорда облысы Қазалы қаласындағы «Камбаш» сауықтыру орталығына жолданды. Ол жақта оқушылар 10 күн демалатын болады, – деді Білім басқармасының бөлім басшысы Хажарбибі Искандерова.
Бұл жаңалық ата-аналарды қуантты. Себебі өздері эвакуациялық пунктте жүрген балалар үшін бұл үлкен тосынсый болғаны рас.
– Біздің үйге су кіретін болған соң автобуспен спорт залға жеткізді. Ал бүгін бізді Алматыға лагерге жіберіп жатыр. Қасымда эвакуциялық пунктте танысқан достарым да бар. Мен бұрын Алматыда болмаған едім, ол жақтағы демалысымыз жақсы өтеді деген ойдамын. Біздерді Алматы қаласына жіберген аға-апаларға, ата-анама ризамын, – дейді қуанышын жасыра алмаған Ж.Досмұхамедов атындағы МББК оқушысы Оразбек Сырымбек.
Тасқынға тосқын демекші, бүгінгі күні Жайық, Шаған өзендерінің айналасындағы бөгеттерді бекіту жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы су жағалауларында орналасқан электр тораптары мен «Батыс су арнасы», «ЖайықЖылуҚуат» мекемесі секілді стратегиялық нысандарды күніне екі мәрте барып қадағалап отыр.
– Қандай жағдай болса да халық сусыз, жарықсыз, жылусыз қалмауы керек. Сондықтан да мен күніне екі мәрте қаладағы стратегиялық нысандарды аралап жүрмін. Бақылауды күшейте береміз. Қосалқы электр стансасы мен Батыс су арнасы мекемсі Жайықтың дәл түбінде тұр. Біз бұл мекемелерді суға батырып қоя алмаймыз, – деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Аймақ басшысы күні кеше ғана облыс тұрғындарына үндеу жолдады. Облыс әкімі сол үндеуі арқылы қиын-қыстау заманда бірлік танытқан батысқазақстандықтарға алғысын білдірді.
«Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген тасқынға тосқын боламыз деп толарсақтан су кешіп жүрген азаматтардың арқасында бұл күндер де артта қалар.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы