Бірақ қарғын судан туындайтын эпидемиологиялық және экологиялық қауіпті де естен шығармағанымыз абзал. Себебі азық-түлік қауіпсіздігі су шайған жерлердегі топырақтың құнары мен құрамына тікелей тәуелді. Оны қалпына келтірудің амалы қандай? Төтенше жағдайды болдырмаудың тиімді жолдары бар ма?
Су тасқынынан аймақтағы ел-жұрттың малы суға кетіп, зираттар да қарғын судың астында қалғалы халық көкейінде су арқылы түрлі ауру тарап кетпес пе екен деген күдік пайда болғаны рас. Бұл тұрғыда Денсаулық сақтау министрлігі аймақтардағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін мәлім етті. Сондай-ақ ведомство қазір Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет(СЭҚ) күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
«Судың сапасы мен қауіпсіздігіне зертханалық бақылау нәтижелері бойынша жұқпалы аурулардың су арқылы таралу қаупі жоқ», – делінген хабарламада.
Министрліктің ресми мәліметтеріне сүйенсек, зерттеу жүргізілген 4 мыңнан астам сынамалардың 133-нің гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні анықталған. Сондықтан Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздерінің нысандарына күшейтілген бақылау жүргізуде.
Ведомство өкілдері су тасқыны жағдайына байланысты тағамнан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында сақ болуға кеңес берді:
• Ішу және тамақ пісіру үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдаланыңыз;
• Су басу орындарында бұлақтардан, құдықтардан және ұңғымалардан су ішпеңіз;
• Су тасқынына малынған тамақ өнімдерін пайдаланбаңыз, мүмкіндігінше оларды кеміргіштер мен су тасқыны үшін қол жетпейтін жерлерде сақтаңыз;
•Су тасқынынан кейін барлық бөлмені дезинфекциялық ерітінділермен өңдеңіз;
•Егер жұқпалы аурулардың белгілері болса (дене температурасының жоғарылауы, жүрек айну, құсу, нәжістің босауы, тамақ ауруы, бөртпе және тағы басқа), бұл туралы дереу медицина қызметкеріне хабарлау қажет.
Мұндай төтенше жағдайда жануарлар арасында жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі де ауқымды ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Ведомствоның мәлімдеуінше, жануарлардың ерекше қауіпті 25 ауруы, оның ішінде бруцеллез, лейкоз, жылқы жұқпалы анемия және тағы басқа бойынша 13 635,6 миллион теңгеге 74,9 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізілмек.
«Сонымен қатар 178,2 млн манипуляция жасау жоспарлануда. Бүгінде республикалық қорда жануарлар мен құстардың 23 ауруына қарсы 77,0 млн доза вакцина бар, олар көктемгі кезеңнің алдын алу шараларын уақтылы жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жолдануда. Іс-шараларға бүкіл ел бойынша ветеринариялық қызметтер, соның ішінде ветеринариялық стансалар мен пункттер қатысады. Қазір бекітілген жоспарға сәйкес диагностика және екпе жұмыстары басталып кетті», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік ел азаматтарын үй жануарларын тексеру және вакцинациялау жұмыстарына атсалысуға шақырады. Бұл бастама жануарлар арасында жұқпалы аурулардың пайда болу және таралу қаупін азайтуға бағытталған.
Тасқынның мал шаруашылығынан бөлек, егін шаруашылығына да кері әсері жоқ емес. Мамандардың пікірінше, бір жағынан аса жоғары мөлшердегі ылғалдылық топырақта кездесетін микроағзаларды жойса, екінші жағынан ағыспен келген су топырақтың беткі құнарлы қабатына зиян келтіреді.
– Су тасқыны нәтижесінде топырақ эрозиясы жүруі мүмкін. Егер су деңгейі көтеріліп төмен түссе, құнарлы қабат толық шайылмайды. Бірақ қатты ағыс болса, топырақтың жоғарғы құнарлы қабатын су шайып кетеді. Табиғи жағдайда 1 сантиметр құнарлы топырақтың түзілуіне 100 жыл қажет. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласының мамандары топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында жұмыстар жоспарлауға тиіс. Осылайша, заманауи әдістер мен технологиялар қолдана отырып, топырақтың қалпына келуіне арнайы жағдай жасаған жөн. Сонымен қатар су тасқыны кезінде су көздері ластанады, бұл ауызсу мәселесін тудырып, биологиялық ластануға әкеп соқтыруы да ғажап емес. Сондықтан залалсыздандыру, су басылғаннан кейін, сумен келген қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізу қажет. Су шайған құнарлы топырақ қабатының орнына органикалық заттар (биогумус) қосып, топырақтың микрофлорасын қалпына келтіруге болады, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Экология кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.к, қауымдастырылған профессор Гүлмира Сатыбалдиева.
Иллинойс университетінің Энтомология және афроамерикалық зерттеулер кафедрасының ассистенті Эстер Нгумби бұл бағыттағы зерттеулер салыстырмалы түрде аз екендігін айтады. Дегенмен солардың нәтижесінде су тасқыны топырақ пен топырақ-микробтық қауымдастықтардың жұмысына теріс әсер етуі мүмкін екені анықталған.
«Су тасқынының көзге ұрып тұрған материалдық шығындарымен салыстырғанда, оның топыраққа кері әсері де орасан зор. Себебі су тасқыны топырақтың биологиясына, сондай-ақ пайдалы микроорганизмдерге және топырақта өмір сүретін және өсімдік қалдықтарын ыдырату, қоректік заттарды қайта өңдеу, өсімдіктердің өсуін ынталандыру және жәндіктерді қоса алғанда, стресс факторларынан қорғау сияқты іргелі функцияларды орындайтын жәндіктер мен жауын құрттары сияқты үлкенірек организмдерге зиян келтіруі мүмкін. Бұл симбиотикалық экожүйенің зақымдануы егін шаруашылығына үлкен әсер етеді» – дейді ғалым.
Мамандар жаздық бидайға жүргізілген тәжірибелердің бірінде су тасқыны пайдалы микроорганизмдердің сарқылуына және өсімдіктерге зиян келтіретіндердің көбеюіне әкелетіні белгілі болған. Демек бұл экстремалды құбылыстар микроорганизмдердің биомассасы мен топырақтағы саңырауқұлақтардың азаюына әкелді.
«Тіпті, су қайтқаннан кейін де тірі қалған микробтар үйреншікті тіршілік ету ортасынан қол үзіп қалады. Сау және функционалды микробиома болмаса, топырақта қоректік заттар өңделмейді және өсімдіктер әлсіреп, жәндіктер мен патогендік микроорганизмдердің шабуылына төтеп бере алмайды. Бұл өсімдіктерге ғана емес, адамдарға да зиянды. Себебі құнарлы топырақ пайдалы азық-түлік өндірісінің негізі. Сонымен қатар су тасқынынан кейін өсімдіктерді түрлі аурудан қорғауға, топырақ құнарының және ондағы микро организмдердің қалпына келуіне ықпал ететін шараларды анықтауы керек. Мысалы, су тасқынынан кейін бірден азотты тыңайтқыштарды қолдану суда қалған өсімдіктерді тірілтуге көп септігін тигізетін стратегиялық амалдың бірі», – дейді Иллинойс университетінің ғалымы.
Жалпы, су тасқынының алдын алу мүмкін бе? Мұндай ауқымды апатты жағдайда барлық жауапкершілікті жергілікті басқару органдарына сілтеу қаншалықты мүмкін? Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саировтың пікірінше, бұл – көптеген кешенді проблеманың әсерінен туындаған жағдай.
– Бүгінде аудандық, облыстық деңгейдегі әкімдер жауапкершілікті өзіне алғысы келмейді. Өйткені олар ертең міндетті түрде құқық қорғаушы органдардың назарына ілігуі мүмкін. Сондықтан қоғамдық бақылауды кеңейте отырып, әкімдердің өкілеттілігін арттыру қажет. Сонымен бірге маслихаттардың да миссиясын арттырған абзал. Себебі егер жергілікті басқару органдарының функциясын арттырмасақ, бұл мәселелер әрі қарай жалғаса беруі ғажап емес. Екіншіден, бізде су мәселесімен айналысатын ғалымдар өте аз. Кеңес одағы кезінде Жамбылда Су мелиорация институты болған. Ол қазір жабылды. Бүгінде елімізде гидротехниктер дайындалмайды. Ал гидролог пен гидротехниктің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан еліміздегі жоғары оқу орындарында суды бағыттап, ахуалды бағамдап отыратын су мамандарын дайындап шығаруымыз керек. Бүгінде жаңа технологиялардың көмегімен жер бедері туралы толық мәлімет алуға болады. Алдағы уақытта мұндай апатты жағдайлардың алдын алып, болдырмау үшін суды жіберетін немесе сақтайтын резервуарларды әзірлеу қажет. Қазақстандағы бір парадокс көктемгі уақытта даланы су басса, жазда қуаңшылыққа тап боламыз, – дейді ол.
Ал Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркебұлан Мәмбетов аймақтарда төтенше жағдай жариялануы шаруаларға банк алдындағы берешек мермізін шегеруге негіз болады дейді.
– Тайынша ауданындағы шаруалардың күрделі ахуалын өз көзімізбен көріп қайттық. Бүгінде облыс орталығы мен ауыл-аймақтар арасын жалғастырып отырған жолдар тасқын судың әсерінен бөгелген. Жұмыс тобы барысында «Алабота» шаруашылығының жағдайына куә болдық. Ол жерде де екі үйді су алып, қоймалардағы тұқымдар да су астында қалған. Жол ашылып, су мөлшерін азайту жұмыстары жүргізілгеннен кейін сол жердегі шаруалармен кездестік. Ауыл, аудан әкімдері судың беті қайтқан соң барлық шығындарды арнайы комиссия анықтап, шығындар өтелетінін жеткізді. Тайынша ауданында қазір төтенше жағдай жарияланды. Бұл екінші деңгейлі банктер алдында берешегі бар шаруалар үшін тиімді. Өйткені бұл оларға қаржылық міндеттерінен белгілі бір мерзімге босатылуына негіз болады. Екіншіден, соның әсерінен туындаған шығындарды мемлекетттік бюджет есебінен өтеуге мүмкіндік береді, – дейді Мәжіліс депутаты.
Кәмила ЕРКІН